Accessibility links

Әлиевтің әйелінің әзірше президент болғысы жоқ


Әзербайжан президенті Ильхам Әлиевтің зайыбы Мехрибан Әлиева. Мәскеу, 17 мамыр 2011 жыл.

Әзербайжан президенті Ильхам Әлиевтің зайыбы Мехрибан Әлиева. Мәскеу, 17 мамыр 2011 жыл.

Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев үшінші рет сайлауға өзі түспей, билікті әйеліне өткізуі мүмкін деген ақпарат қоғамда түрлі пікір туғызды.

«Әзербайжанның билікке қарайтын партиясы осы күзде өтетін президенттік сайлауда қазіргі президенттің зайыбы Мехрибан Әлиеваны ұсынады, елдің бірінші ханымы жұбайымен күш сынасады» деген сыбыс шығып, демалыс күндері Бакуде алып-қашпа сөз көбейді. Ал партия «сыбысты саяси қарсылыстарымыз таратты» деп, деректі жоққа шығарды.

Бірақ ықпалды, танымал бірінші ханым президенттікке таласады-мыс деген сөз ел арасында біраз пікір тудырды.

«ЕЛДІҢ ТАМЫРЫН БАСУ ҮШІН ЖАСАЛҒАН АМАЛ»

Әзербайжанның бірінші ханымы, 48 жастағы Мехрибан Әлиева ерінің орнын басуы мүмкін деген ақпарат тараған кезде ел тұрғындары «Әлиева билікке таласа ма, жоқ па? Ол президент болуға тиіс пе?» деген сауалдарға жауап іздеп бас қатырды. Шағын, мемлекетке тәуелді партия - Әзербайжанның әлемдік демократиялық партиясы өткен аптаның соңында мұнайға бай елдің президенттік сайлауына биылғы қазанда Әлиеваны ұсынатындарын айтты.

Кейін партия өкілі бұл мәлімдемені партиядан бөлініп шыққан топтың жасағанын айтып, бастарын арашалай бастады. Партия өз ұсынысынан бас тартпаса, Мехрибан күйеуімен, яғни «Ени Әзербайжан» партиясы атынан үшінші рет сайлануға ниетті Ильхам Әлиевпен (51 жаста) бәсекелес болады.

Оппозициялық ұлттық кеңестің мүшесі, сарапшы Зафар Гулиев бұны «Бакудегі саяси элитаның бәсекелестігі сынға түсетін сәтте Мехрибан Әлиеваның сайлану қабілетін сынау үшін жасалған әрекет» деп біледі.

- «Ени Әзербайжан» съезінен кейін олар басқа да баламаны іздеу керек екенін ұқты. Солайша қоғамдық пікірді, үкіметтің реакциясын тексеріп жатыр, - дейді ол.

Мехрибан Әлиеваға биліктің ауысуы туралы сыбыс әзербайжан ханымын биліктегі басқа әйелдермен салыстыруға ықпал етті. Имельда Маркос пен Хиллари Клинтоннан бастап 2007 жылы күйеуі Нестор Киршнердің орнын басқан аргентиналық Кристина Фернандеске дейінгі есімдер аталды. 2003 жылы Гейдар Әлиев көз жұмған соң билікті қолына алған ұлы Ильхам әулет дәстүрін сақтап, 30 жыл отасқан зайыбына ел бақаруды мұра ету мүмкіндігі де сөз болды.

ЫҚПАЛДЫ ТӨРКІННІҢ ӘСЕРІ

Әлиевтің отбасылық ықпалын жұбайының төркіні – Пашаевтардың әрекетінен де байқауға болады. Ол әулет президентке жақын болғанның арқасында саяси салмақтарын ұлғайтып, қомақты дәулет жинап алды. Сарапшы Зафар Гулиевтің айтуынша, Пашаевтар Әзербайжанның билік құрылымының ең жоғарғы деңгейінен орын алуға ынталы, олар тіпті 2008 жылы Мехрибанды президенттікке ұсыну туралы ойлаған.

- Ол кезде бұл идея өрістемеді. Мүмкін, отбасы не үкімет тоқтау салған шығар. Бірақ содан бері Мехрибан Әлиева мен Пашаевтар барлық жағынан – қаржылық, экономикалық және ықпалдылық тұрғысынан күшейіп кетті. Енді тағы да бақтарын сынап көрмек. Әлде де қарсылық туындауы мүмкін, бірақ қазіргі жағдай басқаша, - дейді сарапшы.

Фотогалерея: Мехрибан Әлиева - Ильхам Әлиевтің жұбайы әрі орынбасары


Ильхам Әлиевтің өзі ешқашанда отбасылық билікке талас туралы айтқан емес және сән көшінен қалмайтын жарын «Әзербайжанның ең сұлу әйелі» деп атайды. Алайда қазіргі президенттің үшінші рет (конституция бойынша тыйым салынбаған, бірақ жеккөрінішті автократтықтың белгісі сияқты қабылданатын) сайлауға түсуі де екіталай деген сыбыс оның саяси шешім қабылдайтын элитаға сөзі жүрмей қалғандықтан әйелінің ығына жығылды деген болжамды күшейтті.

АҚЫЛЫНА ЕМЕС, ҚАРЖЫСЫНА СЕНЕДІ

Күйеуіне қарағанда ғылыми топпен жақын қарым-қатынас орнатып, зиялыларға жағуға тырысатын Мехрибан Әлиева сценарийші Рустем Ибрагимбеков сияқты танымал мәдениет қайраткерлері оппозицияны бастаған сәтте барынша стратегиялық үміткер саналады. Бірақ дәстүрді қатты сақтайтын Әзербайжан халқының әйел президентті қалай қабылдайтыны белгісіз.
Өнер мен қайырымдылыққа ғана араласып, ысырапшыл өмірге үйреніп қалған Мехрибан Әлиеваның күнделікті саясатпен айналысуы да күмән тудырады.

Өнер мен қайырымдылыққа ғана араласып, ысырапшыл өмірге үйреніп қалған Мехрибан Әлиеваның күнделікті саясатпен айналысуы да күмән тудырады. Биліктегі партия төрағасының орынбасары болып сайланғаннан бөлек ол сегіз жылдан бері парламент депутаты міндетін атқарып келеді, бірақ ол жерде өте сирек көзге шалынатын.

Мехрибан Әлиеваның негізгі қаруы – Әзербайжанның мұнайы мен коммуникациясын, құрылыс саласын, Панама және Британдық Виргин аралдарындағы ірі оффшорлық компанияларды қарауында ұстаған отбасылық холдингтің миллиардтаған долларды құрайтын қаржысы. Әлиевтер бұрынғы Совет Одағындағы репрессиялық режимді сақтап қалған, елдегі ақпарат құралдары бостандығын шектеу, сыбайлас жемқорлық пен халықты қысып ұстау жағынан аймақта топ бастап тұр.

Ильхам Әлиев үшінші рет сайлауға түспеуі мүмкін деген ақпарат осы аптада Бакуге қатты әсер етті.

- Мехрибан Әлиеваның сайлауға түспегені дұрыс, себебі ол - қазіргі президенттің жары. Мүлдем басқа біреу сайланғаны жақсы еді, - дейді бір тұрғын.

Өзге бір адамның ойынша, «Бұл жақсы - идея. Мемлекет дами түседі, Ильхам Әлиев ұстанған саяси бағыт жалғасын табады».

Сауалнама: "Әлиева президент сайлауына түсуі керек пе?" (әзербайжан тілінде)

Азаттық тілшілері Арифа Казимова мен Дейзи Синделардың мақаласын аударған – Динара Әлімжан.
XS
SM
MD
LG