Accessibility links

Әзербайжанда манатты сайлаудан бұрын девальвациялады


Девальвациядан соң дүкендегі заттарды жаппай алуға кіріскен адамдар кезекте тұр. Баку, 22 ақпан 2015 жыл.

Девальвациядан соң дүкендегі заттарды жаппай алуға кіріскен адамдар кезекте тұр. Баку, 22 ақпан 2015 жыл.

Постсоветтік елдердегі ұлттық валюталардың күрт құнсыздану тенденциясы бұған дейін тұрақты валюта саналған Әзербайжан манатының құлдырауына ұласты. Манат бірден долларға шаққандағы құнының үштен бірінен айырылды.

Ақпанның 21-і күні жүргізілген бір сәттік девальвация Әзербайжан тұрғындарының көбі үшін күтпеген оқиға болды. Елдің сауда орындары тауарларын жаңа бағамен сатуға көшті, импорттық өнімдер қымбаттады, демалыс күндері ақша айырбастау орындарында манатты шетел валютасына ауыстыруға асыққандар кезегі пайда болды.

Бірақ Азаттық тілшісі хабарласқан кейбір сарапшылардың айтуынша, Әзербайжан халқы президент Ильхам Әлиев мәлімдеме жасап, саяси шешімін жариялайды деп үміттенеді. Экономистер «манаттың құлдырауынамұнай бағасының арзандауына байланысты көмірсутегі өнімдерін сатудан түсетін кірістің азаюы себеп болды» деп санайды.

Бахрам Батыев, Vesti.az сайтының журналисі

– Бүгін бүкіл Баку, бүкіл ел елеңдеп, президент Ильхам Әлиев манат бағамын бұрынғы деңгейіне қайтаратын мәлімдеме жасайды деп күтіп жүр. Тіпті бұрынғы деңгейі болмаса да, 1 долларға шаққандағы бағамын 90 гапикке (Әзербайжан тиыны) дейін түсіреді деп ойлайды. Бүгін таңертең биржадағы баға өзгеріп кетті, бірақ ешқандай өзгеріс болмады. Айырбастау орындарында доллар бар, бірақ жаңа бағаммен сатылып жатыр. Соңғы 10 жылда доллар бағамы өзгермей, тұрақты болып келе жатыр еді. Девальвацияға дейін 78 гапик болған 1 доллар бағамы қазір 1 манат 5 гапик деп белгіленді, яғни манат 34 пайызға құлдырады.

Ақша айырбастау кезегінде тұрған адамдар. Баку, 22 ақпан 2015 жыл.

Ақша айырбастау кезегінде тұрған адамдар. Баку, 22 ақпан 2015 жыл.

Биыл қаңтарда президент Ильхам Әлиев «манат бағамын доллар ғана емес, еуроға да «байлау» керек» дегенді алғаш айтып, үкіметке манаттың тым нығаюына жол бермеуді тапсырған. Кейін орталық банк те манаттың долларға тәуелділігінен бас тартатынын мәлімдеген. Өйткені соңғы 15 жылда Әзіербайжанда экономика тұрақты дамыды. Манат девальвациясы болмаған соңәрі бағаның өзгермей бір қалыпты тұрғанына үйреніп қалған халық биліктің бұл емеуріндерін түсінбеді. Жұрттың көбі 21 ақпанда девальвация болады депкүткен жоқ. Манат бұлай тез құлайды дегенге ешқайсымыз сенген жоқпыз. Манат әлсірейтінін білсек те, бірден 34 пайызға емес, көп болса 5-10 пайызға құнсызданатын шығар деп ойладық.

Меніңше, халық жиған-терген ақшасы мен банктегі салымдарының көбін манатпен сақтаған сияқты. Өйткені бұған дейін манат бағасы тұрақты болды ғой. Соңғы кезде бізде 1 еуро небәрі 92 гапик болған. Бұдан былай да осылай болатын шығар деп ойладық... Ал дүкендер бағаны бірден өзгертіп жіберді. Гипермаркеттер мен шағын дүкендердің көбінде баға 30-40 пайызға қымбаттады. Ал халық арасында дүрбелең басталып, әдетте 10-30 манатқа ғана сауда жасайтындар демалыс күндері тауарды арбалап тасыды. Әзербайжанда әзірше қоғамдық, саяси күштердің ешқайсысы манаттың жаңа бағамына байланысты мәлімдеме жасаған жоқ. Өйткені бұған дейін президент бензинді қымбаттатуға тыйым салғандықтан халық Әлиевтің мәлімдемесін күтіп отыр. Президент сөзсіз мәлімдеме жасайды. Бүгін не ары кетсе ертең мәлімдеме жасайтын шығар деп күтіп жүрміз...

Ильхам Шабан, Әзербайжанның Caspian Barrel мұнай зерттеулері орталығы директоры

– Девальвация кенет болған жоқ. Қаңтардың аяғында өткен мәжілісте Әзербайжан президенті манатты нығайту ел экономикасына тиімсіз деп санайтынын мәлімдеген соң девальвация болатыны айқын сезілген. Кейін мемлекеттік статистика 2015 жылдың қаңтарындағы қорытындылар бойынша жылдың алғашқы нәтижелерін жариялаған кезде кіріс көлемі өткен жылдың қаңтарымен салыстырғанда 853 миллион долларға азайғаны байқалды. Бұл – елдің мұнай экспортынан түсетін жалпы кірісі.

Ақша айырбастау орнындағы валюта бағамы. Баку, 2 ақпан 2015 жыл.

Ақша айырбастау орнындағы валюта бағамы. Баку, 2 ақпан 2015 жыл.

Оптимистік болжам бойынша, биыл мұнайдың бір баррелі 60 доллар шамасында болса тіпті жақсы. Бізде мұнай мен газдың жалпы экспорттағы үлесі 92 пайыз ғой. Мұндай жағдайда девальвациядан өзге жол жоқ екені түсінікті болған, тек оны қашан жүргізу керек деген мәселені шешу ғана қалған. Биыл қарашаның аяғында парламент сайлауы өтеді. Сондықтан халық жаңа бағаға біртіндеп үйрене берсін деген оймен девальвацияны қазір өткізуді ұйғарды.

Әлеуметтік желілерде, ақпарат құралдарында жұрттың президент мәлімдеме жасап, манат бағамын бұрынғы деңгейге қайтарады деп күткеніне үшінші күнге айналды. Бірақ мұны экономикадан хабары жоқ адамдар күтіп жүр. Үкімет мұндай шешім қабылдамас бұрын әбден ойланып-толғанғаны анық.

Әрине, девальвация халыққа, жеке секторға қиын тиері сөзсіз. Жұрт «бізге мұнайдан түсетін ақшадан түк пайда жоқ» дегенімен, мұнай бағасы бірнеше жыл қатарынан өскенге жаман үйреніп қалдық, үнемдеуді ұмыттық. Енді халықтың жаңа жағдайға бейімделуіне, үнемдеуіне тура келеді. Ал қоғамдық реакцияға келсек, елдің саяси партиялары девальвацияға қатысты ешбір мәлімдеме жасамай, үнсіз отыр. Бірақ олардың мұнысын түсіндіре алмаймын.

Шамиль Дауранов, қазақстандық тәуелсіз экономист

– Әзербайжан экономикасының даму беталысына мониторинг жүргізбеймін. Сондықтан манат девальвациясына қатысты жан-жақты комментарий бере алмаймын. Тек мұнай өндіруші елдердің макроэкономикалық жағдайының нашарлауына әкелген факторлар манат бағамының құлдырауына да ықпал еткенін ғана айта аламын.

2015 жылдың басынан бері әлемде Brent маркалы мұнайдың орташа бағасы 2014 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 50,4 пайызға төмен болды.

2015 жылдың басынан бері әлемде Brent маркалы мұнайдың орташа бағасы 2014 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 50,4 пайызға төмен болды. Демек мұнай өндіруші кәсіпорындардың, мемлекеттің және халықтың көп бөлігінің де кірісі азайды. Бұл экономиканың өзге салаларында тауар, қызмет тұтыну деңгейі төмендеуіне, шетелден келетінинвестицияның қысқарып, жеке меншік капиталдың өзге елдерге кетуіне ұласты. Елдің төлем балансының тұрақтылығы төмендей бастады, ол келешекте теріс сальдо көрсетуі мүмкін. Елде экономиканы долларға тәуелді ету процесі басталды. Ресей рублі құлдырап, Әзербайжан экономикасының бәсекеге қабілеттілігі нашарлады. Мұны бәрі манат девальвациясына ұласты.

Әзербайжанның Қазақстан сияқты девальвацияны алдын ала өткізу әдісін қолданбағанын ескерсек, былтыр Қазақстан ұлттық банкі Қайрат Келімбетовтің басшылығымен жүргізген теңге девальвациясына қарағанда мына девальвациядан Әзербайжан халқы онша көп зиян шекпейді.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG