Accessibility links

Әлем елдері АҚШ-тың 44-ші президенті Барак Обамаға ізгі үмітпен қарайды


АҚШ президенті Барак Обама инаугурация салтанатындағы сөзінен кейін. Вашингтон. 20қаңтар, 2009 жыл.

АҚШ президенті Барак Обама инаугурация салтанатындағы сөзінен кейін. Вашингтон. 20қаңтар, 2009 жыл.

Азаттық радиосының хабарлары тарайтын елдердегі тілшілеріміз жергілікті саясаткерлер мен азаматтық қоғам белсенділерінің, сарапшылардың АҚШ президенті Барак Обама әкімшілігінен қандай жаңалықтар, ізгі істер күтетінін сұраған болатын.


Ауғанстан
Доктор Вадир - Сафи - Кабул университетінің заң және саяси ғылымдар порфессоры АҚШ-тың Ауғанстан мәселелеріне деген қарым-қатынасы жақсы жағына қарай өзгереді деп үміттенеді :

“Құрама Штаттардың бұрынғы президенті Буш әкімшілігі лаңкестікке қарсы күресте діттеген мүдделеріне жете алмады. Демек ауған халқы Барак Обама мен оның жаңа әкімшілігінен Ауғанстанның әскери, экономикалық, саяси салаларына және әкімшілігіне өзгерістер әкеледі деп күтеді. Мұндай түбегейлі өзгерістер жасалмайынша, АҚШ та, халықаралық қауымдастық та Ауғанстанда айтарлықтай өзгерістерге қол жеткізе алмайды”.

Армения
Левон Зурабян – "Армения ұлттық конгресі" атты басты оппозициялық одақ өкілі АҚШ саясатында түбегейлі өзгерістер болады деп күтпейді:

“АҚШ саясатында бұл аймаққа қатысты түбірлі өзгерістер болады деп ойламаймын. Әрине, Обаманың билікке келуімен АҚШ және Иран арасында біраз өзгерістер болатыны кәміл. Мұның өзі аймақтағы ахуалға әсер етпек”.

Әзірбайжан:
Еркін Гадірлі - адам хұқын қорғаушы, белгілі заңгер Таулы-Қарабақ мәселесін шешу жолдары туралы айтады:

“Обама-пәрменді тұлға. Әлемге жариялап отырған оның идеяларына қарай отырып, оның Таулы- Қарабақ жанжалын шешуге өз үлесін қосатынына сенемін. Бұл - аймақтық проблема. Себебі оның салқыны Арменияға да, Грузияға да тиіп отыр.

Беларус
Александр Милинкевич-Азаттық үшін қозғалысының басшысы АҚШ-пен диалог қажет дейді:

“Елімізде өзгерістер жасау, біздің өзімізге байланысты. Дегенмен діттеген мүддемізге жету үшін біз өркениетті, демократиялық елдермен байланыс түзуіміз керек. Сондықтан, қазірдің өзінде басталып кеткен диалогты Құрама Штаттар қолдайды деген сенімдемін. Әрине бұл диалогтар демократияландыру мен ырықтандыру саясаты барысында жүзеге аса алады. Осындай үмітпен мен Обаманы қарсы алып отырмын”.

Босния-Герцеговина
Гайо Секулич-Сараеводағы профессор Барак Обама елдің ішіндегі және сыртқы саясаттағы мәселелермен айналысуы керек дейді:

“Обама сөзсіз біздің аймақта, оның ішінде Боснияда ілгері, игілікті істерді атқаруға қабілетті. Алайда ол ең әуелі Американың сыртқы саясатындағы заңсыздықтардың адам айтқысыз қорытындыларын, әсіресе Буш әкімшілігінің қалдырып кеткен жемістерін ретке келтіруі тиіс. Оған қоса АҚШ-тың өз ішкі проблемалары тағы бар. Мұндай жағдайда Босния сияқты елдер Обаманың алғашқы кезекте атқаруы тиіс істерінің тізімінде төменге сырғып кетері белгілі.

Хорватия
Весна Пусич - парламент президентінің орынбасары, белгілі әлеуметтанушы Барак Обама өз еліне келсе деген үмітте:

“АҚШ-тың жаңа президенті ретінде Барак Обама Хорватияға сапармен келсе екен деп тілеймін. Мұның өзі осы елге ғана емес, тұтас аймаққа игі ықпалын тигізер еді. Өзінің соны идеяларымен аймағымызда болуы едәуір серпіліс туғызар еді деп ойлаймын”.

Грузия
Ғиа Нодиа - Бейбітшілік пен демократия және даму инситутының Кавказдағы кеңсе басшысы, бұрынғы білім министрі Ресей мен оның көршілері арасында баланс орнатуда сәтсіздікке ұшыраудан сақтандырады:

“Ресеймен белгілі бір қарым-қатынасты ұстану мен оның тәуелсіз және шағын көршілес елдеріне қолдау көрсету ісінде Обама әкімшілігі мығым бағыт ұстануы тиіс. Олай болмаған жағдайда оның әсері тек Грузияға ғана емес тұтас аймаққа тиетін болады”.

Иран
Фатеме Ракей -Иранның танымал бұрынғы реформашыл заңшығарушысы Газа секторы мәселесін шешуді алдыңғы қатарға қояды:

“Обама билікке келгенде Буш әкімшілігі кезінде кей үкіметтермен арада болған терең түсініспеушіліктер шешіледі немесе ең болмағанда, әлсірейді деп күтілуде. АҚШ үкіметі демократия жөнінде көп айтады және ол әлемде демократияның дамуында басты рөлді атқара алады. Обамадан Газа мәселесін мұқият қарап шығуды талап етеміз. Халықаралық мекемелерде маңызды рөл атқара алатын АҚШ-тың жаңа президентінен Газада соғыс қылмыстарын жасағандардың әділ түрде сотталуына негіз қоюды талап етеміз”.

Ирақ
Насир әл-Ани - президент Жалал Талабани кеңсесінің басшысы Ирақта тұрақтылық орнату мәселесін маңызды мәселе деп есептейді:

“Ирақтағы жағдайды тұрақтандыру және оның күшін қалпына келтіру - ең маңызды мәселе. Елімізде тек режим өзгеріп қана қоймады, бүкіл мемлекет қиратылды. Ирақ мемлекетінің қайта қалпына келтірілуіне басты назар аударса екен дейміз. Қазір бізге елімізді қайта дамыта алатын барлық нәрсе керек. Осы тұрғыдан АҚШ бізге көп көмектесе алады, бірақ елді дамытуға бәрібір ирақтықтардың өздері жауапты болуы тиіс”.

Косово
Хажреддин Кучи - премьер-министрдің орынбасары АҚШ еуро-атлантикалық одақ құрылымына басты көңіл бөледі деп біледі :

“Косово батысты, әсіресе ,Американы қолдайтын ел. Біз болашақта АҚШ-пен қарым-қатынастарымызды одан сайын нығайтқымыз келеді. АҚШ Косоводағы бейбітшілік пен қауіпсіздікті қолдаған мемлекет. Президент Барак Обаманың әкімшілігі еліміздің тұрақтылығы мен дамуына өз үлесін қосады және Еуро-Атлантикалық құрылымдарға қосылуына жәрдем береді деп сенемін”.

Ресей
Константин Кочарев - Мемлекеттік Думаның сыртқы істер бойынша басшысы американ-орыс диалогының шешуші рөл атқарарына сенімді :

“Ресей президенті ешбір шартсыз АҚШ-тың жаңа президентімен кездесуге дайын. Мен бұны анық білемін. Бүгінгі көптеген проблемаларды шешу үшін Ресей - АҚШ диалогы өте маңызды”.

Владимир Рыжков - Либералды оппозиция белсендісі әрі Мемлекеттік Думаның бұрынғы депутаты АҚШ Орталық Азиядағы ықпалын арттырады деп ойлайды:

“Ресей мен АҚШ қарым-қатынастарында түбегейлі өзгерістер болады деп ойламаймын, себебі АҚШ біздің аймағымызда ұзақ мерзімді мүддеге ие. АҚШ Кавказдағы рөлін күшейтуге әрекет етеді. Ол Грузия мен Украина сияқты бұрынғы Совет одағы мемлекеттерін өзіне тартуға тырысады. Беларустағы жағдайға байланысты Ресей мен АҚШ-тың пікірлері қарама-қайшы. АҚШ Орталық Азияда ықпалын күшейтетін болады”.

Сербия
Зиворад Ковацевич - Бұрынғы Югославия дипломаты қазір Белградта орналасқан Сербия үшін Еуропа қозғалысының президенті АҚШ-тың сыртқы саясатында жаңа үлгінің қалыптасуына сенім артады:

“Сербия АҚШ сыртқы саясатының жаңа нұсқасын күтеді. Вашингтон халықаралық мәселелерді өзгеше түрде шешеді деп үміттенеміз. Сол кезде ғана Сербияның АҚШ-пен кәдімгі байланыс құруға мүмкіндігі болады. Сербия мен АҚШ арасындағы қарым-қатынастар қазір онша емес”.

Түркменстан
Яайлым Бегов - зейнетке шыққан физик постсоветтік елдерде Барак Обама демократияны дамытады деген үмітте:

“Кей түркмен азаматтары АҚШ-тың жаңа президенті Барак Обама тек АҚШ-тың жергілікті саясатымен және қаржы дағдарысымен айналысып қана қоймай, сондай-ақ, бұрынғы Совет одағы елдеріне де көңіл бөледі деп үміттенеді. Обама әкімшілігі Түркменстан мен басқа да бұрынғы Совет мемлекеттерінде демократияның дамуы мен адам құқықтары жағдайының жақсаруына үлес қосады деп үміттенеміз”.

Украина
Оксана Забужко -танымал жазушы АҚШ пен Батысқа соншалкықты үміт артқысы келмейді:

“2009 жылдың басында кез келген болжам жасауға өте қауіпті болса керек. Обаманың жағдайы өте нәзік. Сол үшін оған көп үміт артуға болмайтын шығар. Батыс бізге жәрдем береді деген үміттер дұрыс емес. Меніңше, Батыс, әсіресе АҚШ өзіне жәрдем берумен әуре”.
XS
SM
MD
LG