Accessibility links

Беларусьтегі дау саяси клип пен порнофильмнен шықты


«Ляпис Трубецкой» рок тобы.

«Ляпис Трубецкой» рок тобы.

Беларусьтің «БелМузТВ» телеарнасы саяси астарлы туындылары үшін тыйым салынған рок тобының клипі мен порнофильмнен үзінді қойып, дауға ұрынды.

Өткен сенбі, 13 сәуір күні «БелМузТВ» телеарнасының көрермендері күтпеген жайттың куәсі болды. Эфирден бір порнофильмнің 10 минуттық үзіндісі берілді.

«БелМузТВ» хабарлары алаңдарда, сауда орталықтарында және мейрамханаларда үлкен экрандардан қойылады.

«ДЕПРЕССИЯДА ЖҮРГЕН БЕЙНЕ ИНЖЕНЕР»

Телеарна басшылары «бұл фильмді эфирге жіберген – 28 жастағы бейне инженер» дейді. Олардың сөзінше, өмірге көңілі толмай жүрген инженер бұған дейін де тыйым салынған «Ляпис Трубецкой» рок тобының клиптерін эфирге беріп, басшылықты ыңғайсыз жағдайға қалдырған.

Күдікті бейне инженер дүйсенбі күні елдің шығысындағы Могилев қаласынан табылып, қамауға алды. Оған «телекоммуникация құралдарын пайдалану арқылы порнография өнімдерін таратты» деген айып тағылып, қылмыстық іс қозғалды. Беларусьте порнография өнімдерін шығаруға, таратуға және жарнамалауға тыйым салынған. Бұл заңды бұзғандар 4 жылға дейін бас бостандығынан айырылады.

Тергеу комитетінің өкілі Александр Герасимовтың айтуынша, «анайы бейнесюжетті эфирге жіберген жігіт соның алдында сүйген қызымен ренжісіп қалып, депрессияда жүрген екен».

«БІЗГЕ ДЕ КӨКТЕМ ОРАЛАДЫ»

Постсоветтік елдерде танымал «Ляпис Трубецкой» рок тобы Беларусьтің авторитарлық басшысы Александр Лукашенко мен Ресей президенті Владимир Путинді сынағаны үшін "қара тізімге" ілініп, телеарналардан көрсетілмейтін болған. Бұл топтың туындылары – агит-поп жанрында, яғни онда үгіт-насихат пен поп-музыка астасып жатады.

Беларусь ақпарат құралдарының жазуына қарағанда «БелМузТВ» телеарнасының эфирінен «аңдаусызда» берілген клип – топтың 2010 жылы шыққан «Ойна!» деген әнінің бейненұсқасы. Бұл әннің мәтінінде «Үрей мен қара түнек жайласа да, бізге де көктем оралады» деген астарлы жолдар бар.

«Ляпис Трубецкой» рок тобының «Капитал» деп аталатын ең танымал әндерінің бірі Венесуэланың жақында қайтыс болған президенті Уго Чавестің, Куба басшысы Фидель Кастроның, Иран президенті Махмұд Ахмадинежадтың және Беларусь президенті Александр Лукашенконың анимацияланған бейнелерінің психоделикалық жиынтығы түрінде әзірленген.
«Ляпис Трубецкой» тобына Беларусьте 2010 жылғы 19 желтоқсанда өткен сайлау қарсаңында, оппозицияға қысым жасау науқаны кезінде тыйым салынған.

Топтың бас әншісі Сергей Михалок 14 сәуірде мәлімдеме жасап, «БелМузТВ» телеарнасындағы оқиғаларға «Ляпис Трубецкой» тобының еш қатысы жоқ» деді.
Мақаланы аударған Мұхтар Екей.
XS
SM
MD
LG