Accessibility links

Кавказдағы «тағам соғысы»


Түріктер «кешкек», армяндар «хариса» деп атайтын тамақ.

Түріктер «кешкек», армяндар «хариса» деп атайтын тамақ.

Кавказдағы көршілес елдер бір-бірімен тамаққа байланысты дауласып жатыр. Олар өздерінің ұлттық тағамдарын түгендеуге көшті.

Ұлттың өзіндік ерекшелігін сезінуге ерекше ықпал ететін құралдың бірі - дәстүрлі тағамы. Жергілікті ас мәзірі көбіне мәдениеттің бір көрінісі ретінде ұсынылады.

Кейде тағам көрші елдер арасындағы дауға да себеп болады. Мәселен, шотланд, ағылшын және ирландықтар үнемі «Таңғы асты қуырып жеу қайда пайда болды? Кімнің мәзірі ерекше дәмді?» деп дауласады.

ТҮРІК ПЕН АРМЯН – КЕШКЕККЕ,
АРМЯН МЕН ГРУЗИН – ХАШҚА ТАЛАСТЫ


Тағам таласы Кавказда да жаңа сипатқа ие болды. Eurasianet.org сайтының жазуынша, жақында түріктердің ЮНЕСКО қорғауына алынған «кешкек» деген тағамын армяндар «бізден шыққан» деп мәлімдеді. Бұл ас үшін «шайқасуға әзір» отырған армяндардың айтуынша, «кешкек» олардың «хариса» атты тамағынан пайда болған.

Енді этнографтардың бір тобы Түркияның көршісі Арменияның ұлттық асы туралы дерек жинап, БҰҰ-ның мәдени агенттігіне апелляция бермек. News.am сайтының хабарлауынша, «Дәстүрлі армян ас мәзірін сақтау және дамыту» ұйымының төрағасы Седрак Мамулян:

– Асты дайындауға арналған ыдыс-аяқтар мен құрал-жабдықтарды көрсетемін. Хариса – армяндардың таза ұлттық тағамы, – дейді.

Бұл ұйым «хаш» деп аталатын тағамға бола грузиндерге де наразы болып, «сиыр етінен дайындалатын дәмді – сорпа армяндардың ұлттық асы» деген уәж айтқан.
"Хаш" деп аталатын тамақ.

"Хаш" деп аталатын тамақ.


ӘЗЕРБАЙЖАН МЕН АРМЯНДЫ АРАЗДАСТЫРҒАН ТОЛМА

Ал әзербайжандар армяндардың ас мәзіріне «плагиат асхана» деген айдар тағып, оларды «тағам мәзірін ұрлағаны үшін» айыптады.

Баку ұлттық қауіпсіздік министрлігі тіпті «Ұлттық тағам орталығын» құрып, «армяндардың әзербайжан ас мәзіріне көз салуына тосқауыл қоятынын» айтты.

Жүзім жапырағына оралған салмасы (тартылған ет, күріш, т.б.) бар толма (долма) тағамы екі ел арасындағы бітпес даудың себебі болды.
Толма (долма) деп аталатын тамақ.

Толма (долма) деп аталатын тамақ.


Өткен жылы әзербайжан президенті Ильхам Әлиев көпшілік алдында «толма – әзербайжандардың ұлттық тағамы» деп мәлімдеген еді. Оған армяндар қатты ашуланып, ұлттық тағамдарын «басқыншылардан қорғау» шараларын қабылдауға көшті. Олар жыл сайын «Толма фестивалін» өткізіп, оның нағыз армян мәзірі екенін дәлелдеуге кірісті.

Тағамға таластың нәтижесін уақыт көрсетеді. Бірақ бір өкініштісі – бәсекелестер жуық арада бітімге келе қоймайтын сияқты.

Мақаланы ағылшын тілінен аударған Динара Мәзен.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG