Accessibility links

Халықтың тіліне мекені әсер ете ме?


Дағыстан тұрғыны. Көрнекі сурет.
Дағыстан тұрғыны. Көрнекі сурет.

Америкалық лингвист «Кавказ халықтары тіліндегі ерекше дыбыстарға тау әсер еткен» дейді. Азаттық тілшісі мамандар арасында дау тудырған мәселені зерттеп көрді.

10-ғасырда өмір сүрген араб географы Кавказды «тілі көп тау» деп жазған екен. Шындығында да бұл аймақта әртүрлі тілде сөйлейтін халықтар көп. Ал АҚШ ғалымының лингвистер арасында дау тудырған зерттеуін оқысаңыз, тау мен тіл арасында тығыз байланыс бар деген ойға келесіз.

«ГЕОГРАФИЯ ФОНЕТИКАҒА ЫҚПАЛ ЕТКЕН»

Майами университетінің антрополог-лингвисі Калеб Эверетт өткен айда PLоS ONE журналына жариялаған мақаласында «Кавказ елдерінің тіліне аймақтың теңіз деңгейінен биікте орналасуы ықпал еткен» деп жазады.

Антрополог «абруптивтік (ауаның көмейден еркін шықпай, кедергіге ұшырап шығуынан жасалған - ред.) дауыссыз дыбыстар ауасы сирек, теңіз деңгейінен биік аймақтарда ғана кездеседі» деген қорытындыға келген. Алайда бұл тұжырымға лингвистер әртүрлі реакция білдірді. Антрополог-лингвист Калеб Эвереттің өзі:

- Бұған дейін лингвистер география тілге әсер етеді деген болжамдар айтқан. «Егер сіз Амазонкада тұрсаңыз, биік тауда тұратын адамдардың тіліндегі дыбыстарды айта алмайсыз» деген сияқты уәждер бар. Алайда географияның тілдің құрылымы мен дыбыс жүйесіне ықпал етуіне ғалымдар күмәнмен қарайды. Ал менің зерттеуім географияның фонетикаға ықпалы бар екенін көрсетеді, - дейді.

Майами университетінің антрополог-лингвисі Калеб Эверетт.
Майами университетінің антрополог-лингвисі Калеб Эверетт.


ТАУЛЫ АЙМАҚ ТҰРҒЫНДАРЫНА ТӘН ДЫБЫСТАР

Әлем тілдерінің 20 пайызында кездесетін абруптивтік дыбыстар – ауаның ауыз қуысы мен жұтқыншақта сығылып, күрт босауынан туындайтын дауыссыздар. Басқа дыбыстарға қарағанда олар өкпеден келетін ауа қысымын қажет етпейді. Кавказ тілдерінде мұндай дыбыстар көп. Кавказ тілдеріндегі дыбыстарды естіген лингвистер мен қонақтар оларды «ысылдау», «түкіру», тіпті «ауыздағы кішігірім жарылыс» ретінде сипаттайды.

Грузин тілінде 6 абруптивтік дыбыс бар:
please wait

No media source currently available

0:00 0:00:07 0:00
Жүктеп алу

Абруптивтік дыбысқа ең бай черкес тілінде 10 дыбыс бар:
please wait

No media source currently available

0:00 0:00:08 0:00
Жүктеп алу

Мұндай дыбыстар шешен тілінде де кездеседі:
please wait

No media source currently available

0:00 0:00:01 0:00
Жүктеп алу

Авар тіліндегі «орамал», «шәлі» сөздерін тыңдап көріңіз:
please wait

No media source currently available

0:00 0:00:01 0:00
Жүктеп алу

Эверетт әлемдегі теңіз деңгейінен биік аймақтарды алты таулы өлкеге бөліп, ондағы 567 тілді зерттеген. Бұл аймақтар теңіз деңгейінен 1 мың 500 метр жоғары орналасқан. Ол Кавказ аймағы мен Солтүстік Америкадағы және Африканың оңтүстігіндегі таулы аймақтардағы тілдердің абруптивтік дыбыстарын жазып алған. Лингвист «бұл дыбыстардың үштен екісі таулы аймақ халықтарына тән» деген қорытынды жасайды.

Кавказ тауларының арасындағы ауылда әйел адам отын бұтап жатыр. Әзербайжан, наурыз 2011 жыл.
Кавказ тауларының арасындағы ауылда әйел адам отын бұтап жатыр. Әзербайжан, наурыз 2011 жыл.


ЛИНГВИСТИКАДАҒЫ ЖАҢА БАҒЫТ

Абруптивтік дыбыстары жоқ жалғыз таулы аймақ Тибет жотасы болып шықты. Эверетт «Тек бір аймақтың ережеден тыс қалғаны - таңғаларлық жайт» деп жазады.

Кавказдан Анд тауларына дейінгі аймақта ешқандай топқа жатпайтын бірнеше тіл кездесті. Кавказдағы абхаз тілінде абруптивтік дыбыстар бар, бірақ үнді-европа тілдер тобына кірмейтін армян тілінің бірнеше диалектісінен де осы дыбыстар табылды. Эвереттің айтуынша, «Бұдан тілдердің қалыптасуына генетикалық байланыстан гөрі, географияның ықпалы күшті болғанын байқауға болады».

Лингвистің өзі де географияның ықпалы туралы тұжырымды дәлелдеудің қиын екенін айтады. Бірақ ол өз уәждеріне бірнеше дәлел келтіреді.

- Биік жерде бұл дыбыстар оңай айтылады. Себебі биік жерде ауа қысымы төмен. Ал абруптивтік дыбысты айтқанда өкпеден ауаны шығармайсыз. Бұл - менің бірінші гипотезам, - дейді ол.

Кавказдағы тілдер картасы
Кавказдағы тілдер картасы
Бұдан бөлек Эверетт «бұл дыбыстар таулы аймақтағы құрғақ ауаға биологиялық түрде бейімделуден де пайда болған» деген пікір айтады.

Германияның Лейпциг қаласында Макс Планк атындағы эволюциялық антропологияны зерттейтін институт бар. Осы орталықтың тіл департаментінің директоры Бернард Комри Эвереттің уәждерін «негізсіз» демейді, бірақ күмәні басым. Ол «Эверетт биіктік пен абруптивтік дыбыс арасындағы байланысты нақты көрсетуге тиіс» дейді. Комридің пікірінше, осындай талқылау туғызатын пікірлер лингвистика ғылымын дамытуға қажет.

- Бұл лингвистер елемей келген саланы зерттеуге жетелейді. Енді олар бұл мәселеге де назар аударады. Бірақ тіл мамандары нақты дәлелі аз зерттеулерді мойындамайды, - дейді Бернард Комри.

Азаттық тілшісі Ричард Солаштың мақаласын ағылшын тілінен аударған – Динара Әлімжан.
XS
SM
MD
LG