Accessibility links

Орталық Азияда экономикалық дағдарыс үдеп барады


Ресейде жұмыс істеп жүрген тәжік мигранттары. (Көрнекі сурет)

Ресейде жұмыс істеп жүрген тәжік мигранттары. (Көрнекі сурет)

2016 жылдың бірінші тоқсаны аяқталды. Осы мерзімдегі көрсеткішке сүйенген мамандар экономикалық дағдарыс Орталық Азия елдеріне қиын тиеді деген болжам айтады.

Азаттықтың Түркімен қызметі директоры Мухаммед Тахир Орталық Азиядағы экономикалық дағдарыс жайлы талқылау өткізді. Хабарға Eurasia Net сайтының Орталық Азия бойынша редакторы Питер Леонард (Бішкек), Economist Intelligence Unit журналының Орталық Азия және басқа аймақтар бойынша тілшісі Алекс Найс (Лондон), Азаттық тілшісі Брюс Панниер (Прага) қатысты.

МИГРАНТТАРДЫҢ ЕЛІНЕ САЛАТЫН АҚШАСЫ АЗАЙДЫ МА?

Орталық Азия елдерінің Ресейде жұмыс істейтін миллиондаған азаматының 2015 жылы үйлеріне салған ақша аударымына қарап олардың отандарының халін білуге болады.

– Тәжікстанға 2014 жылмен салыстырғанда 2015 жылы шамамен 67 пайыз аз ақша аударылған, яғни, 3,8 миллиард доллардан 1,3 миллиардқа азайған. Бұл мемлекет басқаларға қарағанда көбірек жапа шегеді, – дейді Питер Леонард.

Оның сөзінше, Қырғызстан мен Өзбекстанда да ахуал осындай.

Ресейдегі мигранттар. Мәскеу, 11 қараша 2011 жыл.

Ресейдегі мигранттар. Мәскеу, 11 қараша 2011 жыл.

– 2014 жылы Ресейден Өзбекстанға 5,581 миллиард АҚШ доллары салынған. 2015 жылы бұл сома 3,05 миллиардты құраған. Қырғызстанға 2014 жылы 2,06 миллард доллар келсе, 2015 жылы ақша аударымы 1,38 миллард долларға азайған, – дейді ол.

Бірақ Ресейден аударған ақша көлемінің азаюына мигранттардың үйіне аз ақша салғаны ғана себеп болған жоқ. Қырғызстан мен Тәжікстанның банк шенеуніктері 2015 жылы 2014 жылға қарағанда аударылған ақша сомасы көбірек болғанын айтады. Бірақ бұл ресейлік рубльдің алдағы жылмен салыстырғанда құны аз болғанынан.

Еңбек мигранттарының салған ақшасы негізінен елде қалған отбасын асырауға жұмсалады. Тәжікстанда экономикалық жағдай өте төмен, елде қалған мигранттың туыстары сырттан келетін ақшамен күн көріп отыр. Демек, олардың экономикалық мәселесі одан әрі ушығады.

Орталық Азия елдерінің барлығының ұлттық валютасы 2015 жылдың басында қатты арзандады. Өзбекстанның банк саласы қатты жапа шекті, өткен жылы елдің орталық банкі нақты қаржыдан ештеңе қалмағанын мәлімдеген. Сарапшы Леонард Тәжікстанның ірі банктері «жаппай күйреудің алдында тұр, олардың осы кезге дейін аман тұрғанының өзі таң қаларлық» дейді.

ЖАЛАҚЫ ТӨЛЕМЕУ

Орталық Азияда 1990 жылдардан кейін қайталанбаған құбылыс – жалақыны кешіктіру қайтадан пайда болды. Өзбекстандық жұмысшылар өткен жылдың өзінде жалақыларының бірнеше айдан бері төленбей жатқанын айтып шағымданған еді. Олардың арасында полиция және қауіпсіздік қызметінің өкілдері де бар.

Түркіменстандағы тіршілік. (Көрнекі сурет)

Түркіменстандағы тіршілік. (Көрнекі сурет)

Түркіменстанда да кейбір жұмысшылардың қолма-қол ақша емес, тауармен ақыларын алып жатқаны белгілі болды. Сондай-ақ Түркіменстанда қызметкерлерді жұмыстан шығару жиілегені, әсіресе ел экономикасының негізі саналатын сала – газ секторында осындай оқиғалардың бар екені мәлім болды.

Мұнайға бай Қазақстанның осындай мәселелердің біразынан аман шыққаны айтылды.

– Қазақстан – көршілеріне қарағанда ауқатты мемлекет. Тәжікстан және Қырғызстанмен салыстырғанда Қазақстанның сыртқы активтері көбірек, тәуелсіз әл-ауқат қоры бар, бюджетті ынталандыру бағдарламаларын жасау үшін соны пайдаланады, – дейді Алекс Найс.

Ол «Қазақстанда саяси салдар басқаларға қарағанда қызықтырақ болуы мүмкін, себебі өмір сүру стандарты артады деген үміт бар» дейді.

Ал Леонард Қазақстанда көптеген адамдардың «керемет жаңа көлік немесе жаңа үй, ас үй жиһазы сияқты дүниелерді сатып алуда орта тапқа тән жайлы өмір салтына үйренгенін, енді оның бәрі көзден ұшқанын» айтты.

КОММУНАЛДЫҚ ТӨЛЕМДЕР

Орталық Азия елдері үшін коммуналдық қызмет құны да – маңызды мәселе. Қырғызстанда 2010 жылдан бастап коммуналдық шығындар құнының өсуі наразылық шеруіне шығуға ықпал еткен мәселелердің бірі болды. Соның әсерінен президент Құрманбек Бакиев биліктен кеткен.

Ал Тәжікстан билігі электр қызметін қатты қаржыландырады. Мемлекет кедей, сондықтан үкімет коммуналдық қызметтер әлеуметтік толқуға себеп болуы мүмкін деп қорқады, әсіресе қыс кезінде қуатты нормалау күшейеді.

Тәжік базары. Куляб, 5 сәуір 2016 жыл.

Тәжік базары. Куляб, 5 сәуір 2016 жыл.

Субсидия мөлшерлемесіне қарамастан, ұлттық энергетикалық компания «Барки Тоджикке» қарызгерлер көп. Жеке адамдар ғана емес, елдің негізгі өнім әкелетін мекемесі, Турсунзода қаласындағы алюминий зауыты да – «Барки Тоджиктің» басты борышкері. Ал «Барки Тоджик» елдегі екі су электр станцияларына – Сангтуда-1 және Сангтуда-2-ге 100 миллион доллар қарыз, бұл станцияларының көп бөлігі Иран мен Ресейге тиесілі. Бірақ тәжік билігі электр энергиясын қымбаттату туралы ойламайды.

Қырғызстанда да осы мәселе бар. Леонардтың айтуынша, аймақтың барлық елдері «коммуналдық қызмет құнының өсуінен қашып құтыла алмайды».

– Өзбекстан сәуірдің басында коммуналдық қызмет бағасын өсірді. Түркіменстан экономикалық дағдарыс басталған бетте тұрғындарға бұрыннан берілетін субсидияны біртіндеп азайтты, бір кездері тегін болған газ, электр және суға жасалатын субвенцияны кемітті. Көптеген жылдар бойы осындай субсидиялар мен тегін қызметтер көрсетіліп келген еді, – дейді Найс.

ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ЖАҒДАЙ

Коммуналдық қызмет бағасы тұрғысынан алғанда Қазақстан Тәжікстан мен Қырғызстанның жолын құшуы мүмкін. Найс Қазақстанда «инфляция жоғары, азық-түлік бағасы және импорт тауарлар құны қатты қымбаттағанын» айтады.

– Тұрғындар наразылық танытпауы үшін билік коммуналдық қызмет бағасын біраз ұстап тұрады. Қысқа мерзімді есепте халыққа бұл қолайлы, инфляцияны бақылауға болады, бірақ осы коммуналдық қызметтер қарызға айналғанда не болады, – дейді ол.

Қазақстан қалаларының біріндегі базар саудагерлері. Орал, 4 сәуір 2016 жыл.

Қазақстан қалаларының біріндегі базар саудагерлері. Орал, 4 сәуір 2016 жыл.

Найстың ескертуінше, Қазақстан билігі экономикалық дағдарыспен күресу мақсатында жүздеген мемлекеттік және жартылай мемлекеттік кәсіпорындарды жекеменшікке беріп жатыр, оның ішінде коммуналдық кәсіпорындар да бар. Жасанды төмен баға нәтижесінде бұл компанияларға инвестор тарту қиын болмақ.

Орталық Азия үкіметтері экономикалық мәселелерді жеңілдету жолдарын табуға қиналатын сияқты.

– Бұл – шынымен күрделі мәселе. Ресурстар мен мүмкіндіктер – шектеулі, экономикалық құлдыраумен күресетін институттардың өздері әлсіз, – дейді Найс.

Үкіметтер қаржылық ережелер мен реттеулерді бұзғандарды жазалаймыз деп уәде берді. Әр мемлекетте БАҚ жоғары лауазымды шенеуніктерден бастап қаржы алаяқтарына дейінгі тәртіп бұзушылар туралы хабарлайды. Елдің экономикалық мәселесін шешудегі үкіметтің негізгі шарасы осы тәрізді. Леонардың айтуынша «Орталық Азия елдерінің болашағына мұның еш пайдасы жоқ, бұл мемлекеттердің үкіметі жазалауды біледі, бірақ алдарқата алмайды».

Брюс Панниердің материалын ағылшын тілінен аударған – Динара Әлімжан.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG