Accessibility links

Отанынан қашқандар шетелде қудалау көреді


Тәжікстандағы «24 тобы» оппозициясының жетекшісі Умаралы Куватов 2015 жылы наурызда Түркияда қаза тапты.

Тәжікстандағы «24 тобы» оппозициясының жетекшісі Умаралы Куватов 2015 жылы наурызда Түркияда қаза тапты.

Орталық Азиядағы биліктің қаһарына ұшыраған диссиденттердің екі таңдауы бар – қашан қамайды деп күтіп жүреді немесе елден кетеді. Бірақ шетелге кетсе де, тыныш өмір сүре алмай жүргендер көп.

Жергілікті биліктің ашуын келтірген саяси және діни оппозиция өкілдері, құқық қорғаушылар, тәуелсіз журналистер мен тағы басқа белсенділер бас сауғалап, шетелге кеткенді жөн санады.

1991 жылы Совет Одағы тараған соң ондаған жылдар бойы «шетелге қашқандар» деп Ресейге немесе Тәуелсіз мемлекеттер достастығы (ТМД) елдеріне саяхаттап кетіп, сол жақта қауіпсіз өмір сүріп жүрген адамдарды айтатын. Бірақ қазір Орталық Азия билігінің ықпады артып, ТМД шекарасынан тыс аумақтарға да құрығы жететін болды.

Лондондағы Foreign Policy Center (Сыртқы саясат орталығы) жақында «Баспанасы жоқтар: Бұрынғы Совет Одағынан кеткен белсенділерді арнайы қызметтің шетелде аңдуы» атты баяндамасын жариялады. Онда қауіпсіздік қызметінің шетелдегі іс-әрекеті сипатталған, соның ішінде Орталық Азия елдері де бар.

Баяндаманы талқылау үшін Азаттық арнайы жиын өткізіп, қауіпсіздік қызметінің басқа елдердегі жұмысы, еліне қайтқысы келгендерді қалай қорлап, азаптайтыны, жалған айып тағып, адамдарды ұрлап, тіпті өлтіретіні туралы сөйлесті. Жиынды Азаттықтың БАҚ-пен байланыс жөніндегі менеджері Мұхаммед Тахир өткізді. Лондоннан баяндаманың екі авторы – Foreign Policy орталығының саясат жөніндегі директоры Адам Хаг және Эксетер университетінің халықаралық зерттеулер бөлімінде Орталық Азия бойынша маманы Джон Хизершоу қатысты.

«ТУЫСТАРЫМ БІЗБЕН АРАЛАСҚЫСЫ КЕЛМЕЙДІ»

«Түркіменстанның балама жаңалықтары» сайтының редакторы Руслан Мятиев пен тәжік журналисі және Тәжікстандағы демократия мен азаматтық қоғам коалициясының негізін қалаушылардың бірі Қырғызбек Канунов елдеріндегі қудалаудан қашып, шетелде тұрып жатыр.

Руслан Мятиев өзінің және жақын туыстарының Түркіменстаннан кетіп қалғанын айтып, «жолымыз болды» дейді. Бірақ оның елінде қалған туыстары бар.

Жұмысқа орналасқанда, университетке түскенде кедергі жасайды, түрлі қоқан-лоқы көрсетеді. Бұдан соң елдегі туыстар бізбен араласқысы келмейді.

– Түркімен қауіпсіздік қызметі туыстарым арқылы бопсалайды, оларға қысым жасайды. Жұмысқа орналасқанда, университетке түскенде кедергі жасайды, түрлі қоқан-лоқы көрсетеді. Бұдан соң елдегі туыстар бізбен араласқысы келмейді, – дейді.

Қырғызбек Канунов та Тәжікстан билігінің дәл осындай әдісті қолданатынын айтты.

– Әрине, көбіміздің елде қалған отбасымыз, достарымыз бар. Оларды міндетті түрде қудалап, жәбірлейді. Өз басымдағы жағдайды айтар болсам, билік достарымды қудалай бастады, сондықтан олармен қарым-қатынасты доғаруға мәжбүр болдым, – дейді ол.

Бұндай ескі әдістер әлі де тиімді. Бірақ билік енді қуғында жүргендер отбасы мен достарына жасалған қысымды естіген соң елге қайта қояр деп күтіп отырмайды.

Эксетер университетінің халықаралық зерттеулер бөлімінде Орталық Азия бойынша маманы Джон Хизершоу баяндаманың бір бөлігі «советтік кезеңнен қалған сабақтастық, атап айтқанда, қауіпсіздік қызметі бөлімшелері арасындағы байланыс» туралы екенін айтты.

– Кейбір жағдайларда Орталық Азия және Ресей қауіпсіздік қызметтері арасындағы ынтымақтастық адамдарды ұстап беру немесе олардың жоғалып кетуіне әкеп соғады. Кейбір іздеуде жүрген азаматтар, мысалы, Ресейде тұтқындалады, бірақ оларды отанына заңды түрде қайтару қиын немесе мүмкін емес екені анықталса, ол адамды жібере салады, бірақ қайтадан көшеден ұстап алады, – дейді ол.

«БИЛІК ИНТЕРПОЛДЫ ДА ПАЙДАЛАНАДЫ»

Әдетте ондай жандар туған елінің сот залынан немесе түрмесінен бір-ақ шығады. Foreign Policy мен басқа ұйымдар жасаған баяндамаларда ондай диссиденттерді елінде азаптау немесе өлім күтіп тұратыны айтылады.

Баяндамада Орталық Азия қауіпсіздік қызметтерінің жұмысына ықпал еткен өзгерістің бірі – шетелде диаспоралардың пайда болуы екені жазылған. Қауіпсіздік қызметі диаспора арасына өз адамдарын жібереді. Foreign Policy орталығының саясат жөніндегі директоры Адам Хагтың айтуынша, диаспора қауымдастығын бақылау бұрыннан бар.

Орталық Азия тәуелсіздік алған 25 жылдан бері шетелдегі орталықазиялықтар қауымдастығы көбейген. Ресейде Орталық Азиядан келген бірнеше миллион еңбек мигранты бар, Түркияда да бұл өңірден шыққан адамдар көбейген. Солардың бірі, Тәжікстандағы «24 тобы» оппозициясының жетекшісі Умаралы Куватов 2015 жылы наурызда Түркияда қаза тапты.

– Умаралы Куватовтың басынан өткен жағдай Түркиядағы тәжік диаспорасы ішінде, оның тобының, серіктестері арасында одан құтылуды көздегендер болғанын көрсетеді, – дейді Хизершоу.

Баяндамада биліктің, мысалы, Орталық Азия үкіметтерінің Интерпол тәрізді ұйымдарды да өз мақсатына қолданатыны айтылады.

Қалаған адамдарын қайтарып алу мүмкіндігі өте аз болса да, қысым жасау үшін Интерполды пайдаланады.

– Қалаған адамдарын қайтарып алу мүмкіндігі өте аз болса да, қысым жасау үшін Интерполды пайдаланады, – дейді Хизершоу.

Туған елінде «іздеу жарияланады» деген тізімге енген белсенділерді тығырыққа тығып, олардың бизнеспен айналысуына, саяхат жасауына кедергі жасайды.

Хизершоу баяндаманы жариялауға осы жағдайдың да себеп болғанын айтады.

– Интерпол арқылы саяси астары бар ұсыныстар жасалады, жүйені теріс мақсатқа пайдалану жиі кездесіп жатыр, – дейді ол.

Foreign Policy орталығының баяндамасы жарыққа шықты, ал Интерпол 2017 жылы жарияланатын реформалармен жұмыс істеп жатыр. Хагтың айтуынша, қазіргі кезде «Интерполдың мүмкіндігі шектеулі және арнайы білім тапшылығы байқалады».

Интерпол Орталық Азиядан қашқан кейбір танымал адамдарды ұстаған соң тез босатып жіберді. Бірақ аймақтың басқа елден баспана іздеп кеткен жүздеген азаматы олар тәрізді ресурстар мен интернет желісіне қол жеткізе алмауы мүмкін.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG