Accessibility links

Канада Ресейді ең ірі финал есебімен жеңді


Канада хоккейшілері әлем чемпионы атанып, кубок алған сәт. Прага, 17 мамыр 2015 жыл.
Канада хоккейшілері әлем чемпионы атанып, кубок алған сәт. Прага, 17 мамыр 2015 жыл.

Чехияда өткен хоккейден әлем чемпионатының финалында Канада Ресейді 6:1 есебімен ойсырата жеңіп, алтын жүлдегер атанды.

Финалдық бәсеке алдындағы барлық болжамдар мен рейтингтер бойынша Канаданың фаворит екені айтылған. Расында да Ресей құрамасы чемпиондыққа талас кезінде қауқарсыз болып көрінді. Бәсеке бойы канадалықтар қарсыластарымен салыстырғанда жиірек шабуылдады, алаңнан азырақ қуылды және қақпаға тіке бағыттаған шайбалары үш есе көп болды.

Бірінші периодтың 19-минутында Канаданың екі шабуылшысы Ресейдің үш қорғаушысын оңай қапы қалдырды. Тайлер Эннистің екі қорғаушыны алдап жүріп шыр айналып барып сырғытқан шайбасына қақпа алдында тағы бір қорғаушымен тіресіп тұрған Коди Икин конькиін тоса қойды. Бағыты күрт өзгерген шайбаға қақпашы Сергей Бобровский амал қыла алмады.

Канадалық хоккейшілердің матчты екпінді бастап, ресейліктерді тықсырумен болғанын көптеген Ресей БАҚ-тары сияқты мәтінмен онлайн-трансляция жүргізген gazeta.ru спорт сайты да мойындайды. «Біз жеке ойыншылардың күші арқылы алға шығуға ұмтыламыз, шеберлеріміз бір-екі тамаша шабуыл жасады. Бірақ Канаданың гол соғуға жақын қалған шабуылдар саны орасан» деп жазды вебсайт бірінші период кезінде.

Канадалық хоккейші Тайлер Сегин Ресейге гол соққанына қуанып тұр. 18 мамыр 2015 жыл
Канадалық хоккейші Тайлер Сегин Ресейге гол соққанына қуанып тұр. 18 мамыр 2015 жыл

Екінші периодта ойын табиғаты өзгерген жоқ, канадалықтар толассыз шабуылдаумен болды, ресейліктер бірнеше жылдам қарымта шабуыл жасады. Канаданың қос қапталдан қақпаны еркін айналып өтіп шабуылдауынан нәтиже тез шықты. Екінші периодтың алғашқы минуттарының бірінде Эннис қорғаушыларды соңында қалдырып, еш қиындықсыз қақпаны айналып өтіп барып бұрыштан гол соқты. Бұдан соң Ресей хоккейшілерінің шайба жоғалтуы жиіледі. Ал соққыны үдете түскен канадалық шабуылшылар қарсылас қақпасының алдында еркін қимылдады. Сондай бір сәтте қақпа алдында жалғыз қалған Синди Кросби 28-минутта үшінші голды, іле-шала бір минут ішінде контр-шабуыл кезінде Тайлер Сегин төртінші шайбаны соқты. Осы тұста-ақ биыл кімнің чемпион атанары біржола анық болды. Матч басталарда ғана O2 Arena спорт залын жаңғыртқан «Катюша» әуеніне қосыла шырқаған ресейлік қарасы қалың жанкүйердің де дауысы бәсеңдеп қалды. Олардың мұңды жүздері екінші период біте бере шайба лақтырудың алдында ойналған «Нас не догонят!» әуенімен мүлдем қабыспай тұрды.

Үшінші периодта да ойын ырғағы сол күйі қалды, канадалықтар Клод Жиру (49-минут) мен Нэтан Маккиннон (51-минут) есепті 6:0-ге жеткізді. 52-минутта Сергей Мозякин көк жолақтың тұсынан көздеп сырғытқан шайбаны Евгений Малкин жақыннан бұрып жіберіп, чемпионаттың үздік қақпашысы Майк Смит қорғаған қақпаға Ресейдің алғашқы голын соқты да, есепті қысқартты. Финалда қарсыласын бес шайба айырмашылығымен жеңу – бұған дейін чемпионат тарихында болмаған рекордтық есеп. Қақпаға тіке бағытталған шайбалар саны бойынша да Канаданың Ресейді шаң қаптырғаны көрінді: 37-12.

Ресей қақпашысы Сергей Бобровский канадалық Тайлер Эннистің шайбасын кіргізіп алған сәт. Прага, 17 мамыр 2015 жыл
Ресей қақпашысы Сергей Бобровский канадалық Тайлер Эннистің шайбасын кіргізіп алған сәт. Прага, 17 мамыр 2015 жыл

​Бұл жеңілістің себебін ресейлік белгілі басылым «Советский спорт» өзінше түсіндірген. Газеттің шолушысы Павел Лысенковтың жазуынша, Канада «совет хоккейінің стилінде ойнағандықтан» Ресейден үстем түскен. Оның шолуы «Ресей Қызыл машинаның астына түсіп қалды. Неге біз емес, Канада совет хоккейін ойнайды?» деп аталады.

Ұлттық құрамаларының Чехияда өткен хоккейден әлем чемпионы болғанын канадалық жанкүйерлердің көпшілігі онлайн-трансляциядан емес, ертеңгі жаңалықтардан ғана естуі мүмкін. Өйткені АҚШ-тағы сияқты Канадада да ең танымал хоккей турнирі - NHL біріншілігі болып саналады. Канада ӘЧ финалында Ресеймен ойнап жатқан сәтте елдің ірі спорт вебсайттарының бірі – CBS Sports бас мақала етіп NHL-дегі Ducks пен Blackhawks арасында өтетін матчтың анонсын жариялады. Тек ӘЧ финалы аяқталған кезде вебсайт Канаданың жеңісі туралы шағын хабарлама шығарды. Бұл бәсекені тікелей эфирде көрсеткен канадалық жалғыз телеарна – TCN ұлттық құрамасының ойыны туралы: «Прагада Канада құрамасы мінсіз ойнады, хоккей чемпионаты кезінде ғаламат шабыстан айнымай, финалда тарихи бәсекелестерін айқын ұтты» деп жазды.

Хоккейден әлем чемпионатының күміс жүлдегерлері Ресей спортшыларының финалда жеңілген соңғы реакциялары. Прага, 17 мамыр 2015 жыл
Хоккейден әлем чемпионатының күміс жүлдегерлері Ресей спортшыларының финалда жеңілген соңғы реакциялары. Прага, 17 мамыр 2015 жыл

Канада хоккейден әлем чемпионатының тарихында 24-мәрте алтын жүлдегер атанды. Бірақ соңғы жеті жыл бойы бұл құрама әлем чемпионатының финалына шыға алмай келген. Канада соңғы рет 2007 жылғы әлем біріншілігінің финалында ойнап, Финляндияны 4:2 есебімен жеңген еді. Бұл команда 2010 және 2014 жылдары олимпиада чемпионы атанған.

Биылғы күміс жүлдегер Ресей екінші жыл қатарынан әлем чемпионатының финалына шықты. 2014 жылғы Минскідегі әлем біріншілігінің финалында ресейліктер Финляндияны 5:2 есебімен жеңген болатын.

Хоккейден келесі әлем чемпионаты 2016 жылы Ресейдің Мәскеу және Санкт-Петербург қалаларында өтеді. Оған биыл жолдама жеңіп алған Қазақстан құрамасы да қатысады.

XS
SM
MD
LG