Accessibility links

Шығыны көп мақтаны алмастырар материал табылды


Джинсті мақтамен емес, басқа материалмен тігудің әдісін тапқан студент-дизайнер Доун Элламс.
Джинсті мақтамен емес, басқа материалмен тігудің әдісін тапқан студент-дизайнер Доун Элламс.

Орталық Азияда мақта жинау науқаны басталғанда адамды күштеп жұмысқа жегу мен суды босқа шығындау мәселесі сөз болады. Осы кезде «мақтаға тәуелділіктен құтылу керек» деген пікір де айтылады.

Әлемдегі миллиондаған адам үшін мақта матасынан тігілген джинс өнімдері – күнделікті киетін киім, себебі ол – төзімді, сәнді әрі қарапайым киім.

Алайда көпшіліктің сүйікті киіміне айналған, мақта матасынан тігілген джинстің залалы көп. Мақта қосылмай әзірленген алғашқы джинс өнімінің дизайнері, Шотландиядағы Хериот-Уатт университетінің бояу және мақта матасын зерттеуші маманы Доун Элламс оны былай түсіндіреді:

– Мақта матасынан тігілген джинс ең алдымен өте көп суды шығындайды. Мақтаны өсіріп, жинағанда көп су жұмсалады. Бұдан соң оны матаға айналдыру үшін табиғи немесе жасанды бояу қосасыз. Онда да көп суды пайдаланасыз. Қалаған түсіңізге бояу үшін тағы да су ысырап болады.

Мақта алқабынан бастап фабрикада тігіліп, дайын киім болып шыққанға дейінгі аралықта джинс киімінің бір жұбын шығаруға 10 мың литр су жұмсалады. Бұған мақтаны егіп, жинауға кететін адам еңбегін қоссақ, қарапайым ғана джинс шалбар сіздің ең қымбат киіміңіз болып шығады.

ФОТОГАЛЕРЕЯ: Түркіменстандағы мақта терімі


ТЕНСЕЛ – АҒАШТАН ЖАСАЛҒАН ТАЛШЫҚ

Доун Элламстың айтуынша, бұл мәселені шешудің бір жолы – джинс киімдерді мақтадан емес, тенсел деп аталатын матадан тігу.

– Тенсел матасынан тігілген киім өте жұмсақ болады. Джинс пен жейделерді киіп көргендердің алғашқы айтатыны – «денеге ыңғайлы әрі жұмсақ екен» деген сөз. ​денеңе қонымды тұратындықтан, бұл киімді шешкің де келмейді. Ал мақта қатты, бұл матаға мүлде ұқсамайды, – дейді Доун Элламс.

Лиоцель деген жалпы атаумен белгілі тенсел матасы эвкалипт ағашынан әзірленеді. Бірдей көлемдегі талшық шығару үшін эвкалипт матасын өндіруге мақта алқабына қарағанда үш есе аз жер, 20 есе аз су қажет. Эвкалипт ағашы онша көп күтімді қажет етпейді. Бұған қоса бұл ағаштан тек мақта ғана емес, дәстүрлі талшықтардың алуан түрін жасауға болады. Әрі оның 99,6 пайызын қайта пайдалануға мүмкіндік бар, сондықтан табиғатқа зияны жоқ.

Тенсел матасын әзірлейтін австриялық Lenzing Fibers фирмасының тоқыма инженерия менеджері Джим Тейлордың айтуынша, қазір тенсел матасынан киімнен бастап автокөлік орындықтары, төсек жапқыштар мен кілемдерге дейін әзірленіп жатыр.

– Соңғы бес жыл ішінде біздің талшыққа деген сұраныс еселеп артты. Жұрт полиэстер сияқты синтетикалық талшықтардан жасалатын өнімдердің тез
Доун Элламстың тенселден тіккен киімдері.
Доун Элламстың тенселден тіккен киімдері.
ескіретінінен хабардар, себебі олар мұнайдан жасалады. Сондай-ақ, мақта өндіру барысында көп судың шығындалатыны, фабрикада әзірлеу барысында оған көп пестицид пайдаланылатыны да бәрімізге аян, – дейді Джим Тейлор.

ӨЗБЕК МАҚТАСЫНА БОЙКОТ

Тенсел тұтынушылардың сұранысын қанағаттандырып, табиғатқа зияны аз өнім шығарады.

Оның үстіне бренд киім-кешек шығаратын компаниялардың көбі қажетті материалдарды өндіретін дамушы елдердегі еңбек ахуалына алаңдап отыр.

Әлемдегі танымал брендтерді шығарушылар мен сатушылар еңбекке күштеп жегу және бала еңбегін пайдалану әрекеттеріне қарсылық ретінде өзбек мақтасына бойкот та жариялаған.

Өзбекстандағы мақта өндірісіне күштеп жегу және бала еңбегін пайдалану шараларына қарсы адам құқықтары ұйымдары мен инвесторлардан бірлескен «Мақта науқаны» (Cotton Campaign) деп аталатын топтың үйлестірушісі Мэттью Фишер-Дэлидің айтуынша, Өзбекстанда жыл сайын жиналатын 1 миллион тонна мақтаның барлығы дерлік еркінен тыс жұмылдырылатын азаматтардың күшімен, қолмен жиналады.

Оның айтуынша, тенсел сияқты төзімді талшықтар және Доун Элламстың мақта қоспай әзірленген сәнді киімдері Өзбекстан, Түркіменстан сияқты адамды күштеп жұмыс істететін елдерге ықпал етуге, оларды мақта экспортына тәуелділіктен арылтуға мүмкіндік береді.

– Орталық Азияда мақта шамадан тыс көп өндіріліп жатыр, соның кесірінен Арал теңізі тартылып, халыққа орасан зор залал келтірді. Сондықтан мақтаға балама қажет. Оның үстіне мақта өндірісін жетілдіруді де ойластыру керек, оны өндіру фермерлер үшін де, жұмысшылар үшін пайдалы әрі тиімді болуы тиіс, – дейді Мэттью Фишер-Дэли.

ВИДЕО: Өзбекстанның мақта алқаптарындағы балалар

Өзбекстанның мақта алқаптарындағы балалар
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:23 0:00

Әзірге еңбек заңдарына қатысты міндеттемелерін орындау және мақта секторын реформалауды талап еткендер бойкотты жалғастырып, дипломатиялық қысымды күшейте бермек. Тіпті Доун Элламстың өзі мақта мүлде пайдаға аспай қалатынына сенбейді.

– Мақтаны мүлде пайдаланбайтын әлемде өмір сүрмейтініміз анық. Оның талай артықшылығы бар. Тек оны өндіруге қатысты мәселелерді шешу үшін көп еңбек ету керек, – дейді ол.

Дейзи Синделардың мақаласын ағылшын тілінен аударған – Мұхтар Екей.
XS
SM
MD
LG