Accessibility links

Өткен аптадағыдай АҚШ пен Батыс Еуропаның ғана емес, бұл жолы енді Орталық және Шығыс Еуропаның ірі банктеріне банкротқа ұшырау қатері төнген соң, осындай кездесу өткізудің қажеттілігі арта түсті.

Ұлыбритания, Франция, Германия, Италия, Голландия және Испания үкіметтерінің төрағалары ғаламдық қаржы дағдарысына бірлесіп қарсы тұрудың ортақ жолы табылар деген үмітпен Берлинге жиналды.

Берлиндегі басқосуға осы күні Еуропа Одағына төрағалық ететін Чехияның басшылығы және Еуропаның банк орталығының бірі саналатын Люксембургтің өкілдері де қатысты.

Бастапқыда Берлиндегі кездесу - жетекші 20 мемлекет басшыларының 2 сәуірде Лондонда ашылатын мәжілісіне әзірлену үшін жоспарланған болатын. Еуропа Одағының басшылары АҚШ-тың және Азия елдерінің өкілдерімен кездесуге ғаламдық дағдарысты ауыздықтаудың өзіндік ортақ стратегиясын ұсынуды көздеді және сол арқылы ғаламдық дағдарысқа қарсы тұрудың ғаламдық стратегиясын жасауға атсалыспақшы болды.

Алайда өткен аптада Еуропаның ең ірі банктерінің біратарына банкротқа ұшырау қаупі төнген соң, Берлиндегі жиынды өткізудің қажеттігі арта түсті. Бұл жолы ашық қатер еуро аумағына жататын банктері өткен 15 жылда тұтынушылар мен фирмаларға 1.5 трлн. доллар несие берген Шығыс Еуропаға төнді.

Енді Батыс Еуропамен қатар Орталық және Шығыс Еуропа да ауыр қаржы дағдарысына душар болып отыр және енді берілген несиелердің жаппай қайтарылмауы Австрия, Швеция, Грекия, Италия және Бельгия банктерін қатты әлсіретуі әбден ықтимал. Бұл, өз кезегінде, бүкіл Еуропаның несие нарығындағы дағдарысты тереңдетіп, Еуропаның іскерлік кеңістігіне қолбайлау болады.

Германия канцлері Ангела Меркель бұл кездесу еркін сауда туралы міндетемені тағы да нақтылап, ЕуроОдақты дағдарыстың тереңдей түсуінен сақтау үшін қаржы нарықтарын қатаң реттеу және бірлесіп әрекет ету туралы уәжге келу керек деп мәлімдеді.

Франция президенті Николя Саркози “Берлин конференциясының” алдында одан да қатты пікір айтты. “Дағдарыстың ауыр салдары, оның тереңдеп бара жатқаны шынында да түпкілікті өзгерістерді талап етеді. Біз капитализмді бос жерде жаңадан тұрғызуға тиіспіз. Оның моральдық міндеттемесі мол болуға тиіс... Міне сондықтан да мен Берлинде осы сауалдарға нақты жауапты көргім келеді”, -деп мәлімдеді француз президенті.

Егер ЕуроОдақ жетекшілері түпкілікті өзгерістердің қажеттігіне және қоян-қолтық іс атқаруға келісе алса, онда ол уағдаластықтарын нақты жүзеге асыра алатындарын да көрсете алуға тиіс. Ал әзірше ЕуроОдақтың дағдарысқа қарсы іс-қимылы өзара келісілген болса да, оған мүше елдер өздерінің ұлттық экономикаларын ынталандыру мен банктеріне қаржылай көмек беретін өз беттерінше дербес қадамдар жасап келді.

Еуропа Комиссиясы Франция мен Италияның және Испанияның ішкі автоөнеркәсібін қолдауға бағытталған протекционистік жоспарларына үлкен алаңдаушылығын білдірді.

Міне осы жайт бір экономикасы бар және бір үкіметтің саясатын жүзеге асырған АҚШ-қа қарағанда, Еуропа ғаламдық дағдарыстан әлдеқайда ауыр жапа шекпей ме деген алаңдаушылық та туғызды. Инвесторлар өз ішінде ортақ тіл таба алмаған Еуропадан гөрі әлдеқайда қауіпсіздеу Америкаға қаша бастаған жоқ па деген күдіктен өткен аптада еуро АҚШ долларына шаққанда соңғы 3 айдағы ең төменгі бағамына дейін құлдырады.

Неміс канцлері А.Меркельдің кеңсесінде өтетін “Берлин кездесуінде” ұлттық бақылау мекемелерінің арасындағы байланысты кеңейтуге кепіл болу және үкіметтердің экономиканы дамытуға бағытталған іс-қимылдарын еселеу жолдарын саралайды.

“Берлин кездесуінде”, сонымен қатар, өзіне экономикалық дамушы елдерге көмек көрсету міндеттемесін алған Халықаралық валюта қорына көмек беру мүмкіндігі де сөз болады. Халықаралық валюта қоры Беларуске, Мажарстанға, Исландияға, Латвияға, Пәкістанға және Украинаға қаржылай көмек бөліп үлгерді. Оның үлестіріп берген несиесі оның 200 млрд. долларды құрайтын қорына тақап қалды.

Алайда еуро аумағындағы тұрақсыздықтың жаңа нышандарының пайда болуы мен Шығыс Еуропа елдері қарыздарының өсе түсуі “Берлиндегі кездесуге” қара көлеңкесін түсіруі мүмкін.

Италиянның премьер-министр Сильвио Берлускони дағдарыстан ауыр жапа шеккен елдерге, мысалға Азия мен Африканың және Оңтүстік Американың дамушы экономикалық жүйелеріне дамыған елдердің салық табыстарынан көмек көрсетуді ұсынды.
XS
SM
MD
LG