Accessibility links

«Санкциялар соғысы» және Қазақстан


Батыстың Ресейге салған санкциясы жайлы көрнекі сурет.

Батыстың Ресейге салған санкциясы жайлы көрнекі сурет.

Қазақстандық кәсіпкерлер Батыстың Ресейге салған санкциясы мен Кремльдің оған қарсы қарымта тыйымының кесірі өздеріне де тиіп жатқанын айтады.

Қаңтардың 21-і күні АҚШ президенті Барак Обамамен телефон арқылы сөйлескен Қазақстан президент Нұрсұлтан Назарбаев Батыстың Ресейге қарсы экономикалық санкциялары Орталық Азияға да әсер етіп жатқанын айтты. Президент Назарбаев 2014 жылы желтоқсан айында «санкцияның Қазақстанға тікелей әсері жоқ, бірақ оның еш жақсы жағы да жоқ, себебі Ресей – біздің негізгі серіктесіміз» деп мәлімдеген еді.

Ресей Украинаға тиесілі болған Қырым түбегін аннексиялауына және Украинаның шығысындағы дағдарысқа байланысты АҚШ пен Еуропа Одағының санкцияларына іліккен. Санкцияларға наразы Мәскеу ол елдерден азық-түлік пен ауыл шаруашылығы өнімдерін импорттауға тыйым салатын жарлық та шығарған.

Қазақстандық кәсіпкерлер Батыс санкциялары мен Ресейдің оған қарымта тыйымы және рубльдің құнсыздануы өз бизнестеріне қалай әсер еткенін Азаттық тілшісіне баяндады.

Қайрат Жүкел, Алматыдағы бөлшек саудамен айналысатын компаниялардың бірінің өкілі

ельстен шығып кеткен жүк пойызы. Оңтүстік Қазақстан облысы Ордабасы ауданы, 5 мамыр 2014 жыл. (Көрнекі сурет)

ельстен шығып кеткен жүк пойызы. Оңтүстік Қазақстан облысы Ордабасы ауданы, 5 мамыр 2014 жыл. (Көрнекі сурет)

​– Ресей Батыстан тауар әкелетін компанияларға ғана қатысты техникалық регламент қабылдады. Онда жасалғанына 30 жылдан асқан транзиттік вагондар Ресей жерімен жүрмеуі керегі айтылған. Қазіргі көп вагондар – кемінде 30-50 болған ескі вагондар. Соған байланысты біздің экспедитор транспорт компаниялары вагондарды ауыстырамыз деп бюджетке кірмеген қосымша шығындарға батты. Сондықтан транспортқа төленетін қызметтер құны да қымбаттады.

Ержан Мұқанов, Ақтөбедегі шошқа етін экспорттайтын компанияның өкілі

Ресей санкцияға байланысты шошқа етіне сұранысты Қазақстан арқылы да толтыруға тырысып жатыр.

– Бұрын Ресей нарығына шошқа еті негізінен Еуропадан келсе, қазір санкцияға байланысты Ресей өзіне қажет шошқа етіне сұранысты жақын елдер, соның ішінде Қазақстан арқылы да толтыруға тырысып жатыр. Биыл компаниямыздың тауар өткізу және маркетинг бөлімдері бұрынғыдан гөрі әлдеқайда көбірек жұмыс жасап, Ресейде біз туралы көбірек біле бастады. Сату көлемін де ұлғайттық. Компаниямыз жылына 3 мың тоннадан астам шошқа етін шығарады, оның басым бөлігін Ресейге экспорттайды. Алайда рубльдің құнсыздануына байланысты кәдімгідей шығын көріп жатырмыз.

Талғат Хамитов, Ақтөбедегі кәсіпкерлер құқығын қорғау қауымдастығының жетекшісі

– Мұнай бағасы түсіп, рубльдің құлдырауы салдарынан ақтөбелік кәсіпкерлер ресейлік өнім шығарушылармен бәсекелесе алмай жатыр. Себебі ресейлік өнімдер әлдеқайда арзанырақ. Мәселен, бізде сүт өнімдерін Орынборға шығаратын компания қиындықтарға ұшырады.

Владимир Калихов, Қарағандыдағы жиһаз зауыты басшысы

Рубль құнсызданған кезде жиһаз сатып алып жатқан ресейліктер. Мәскеу, 19 желтоқсан 2014 жыл. (Көрнекі сурет)

Рубль құнсызданған кезде жиһаз сатып алып жатқан ресейліктер. Мәскеу, 19 желтоқсан 2014 жыл. (Көрнекі сурет)

– Ағаш өнімдерін өзге елдермен қатар Ресейден де әкелеміз. Өткен жылы Ресейде керісінше кейбір ағаш өнімдерінің бағасы төмендеді. Бірақ бұл ісімізді жеңілдеткен жоқ. Себебі біз бұл бағалардың қанша уақыт тұратынын, еліміз баға арасындағы бұл айырмашылықты көтере алар-алмасын білеміз. Ертең Ресейден ағаш өнімдерін емес, жиһаздың өзін әкеледі. Сөйтіп біз өзіміздің жиһазды сата алмай қаламыз.

Виталий Тимофеев, Қарағанды облысы Сарань қаласында пластикалық құбыр шығаратын зауыттың басшысы

– Біз тек Қазақстан үшін ғана жұмыс жасаймыз. Ресеймен жұмыс істемейміз. Бізге тек доллардың қымбаттауы ғана әсер етті. Себебі шикізатты шетелден әкелеміз.

  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG