Accessibility links

Германия босқын мәртебесін кімдерге береді?


Германия полиция қызметкері теміржол вокзалында мигранттармен келген баламен сөйлесіп тұр. Мюнхен, 1 қыркүйек 2015 жыл.
Германия полиция қызметкері теміржол вокзалында мигранттармен келген баламен сөйлесіп тұр. Мюнхен, 1 қыркүйек 2015 жыл.

Жол азабы мен қауіп-қатерге қарамастан жүздеген мың адам Еуропаға қарай ағылып жатыр. Олар мигранттарды қабылдауға әрқилы қарайтын Еуропа Одағында проблемаға айналды. Германияға биыл 800 мыңдай босқын келуі мүмкін.

Германия канцлері Ангела Меркель осы аптада қазіргі дағдарысты Еуропаның «әмбебап адам құқы» мен «үлкен ұлттық шақыруға» адалдығын тексеруге арналған сынақ деді. Дегенмен де, Германияға келіп жатқан мигранттар толқыны азаяр емес, биыл олардың саны 800 мың болады деген болжам бар. Отанынан бассауғалауға мәжбүр болғандар неліктен Германияны таңдап отыр?

ҚАЙ ЕЛДІҢ АЗАМАТТАРЫ БОСҚЫН БОЛМАҚ?

Германияға келген мигранттардың ішінде Сирия, Ауғанстан, Ирак, Эритрея және Батыс Балқан елдерінің азаматтары бар. Кейбіреулерінің босқын мәртебесін алуға мүмкіндігі көбірек.

Сириялықтардың мүмкіндігі бәрінен жоғары тәрізді. 2014 жылы босқын мәртебесін алуға ниет білдірген 26 мың сириялықтың тек 1 пайызының өтініші қабылданбады. Германия Сириядан келген босқындарды қабылдайтын Еуропа Одағының ең қонақжай еліне айналды. Төрт жылдық соғыс салдарынан Сирияда 240 мың адам опат болса, 4 миллионға жуық адам босып кеткен.

Осы аптада Берлин тағы бір істі қолға алды – тамыздың 31-і күні Германия мигранттары мен босқындары жөніндегі федералдық кеңсесі сириялықтарға қатысты мәлімдеме жасады. Енді Германия сияқты елдер босқындарды олар кірген алғашқы ЕО еліне кері қайтармайтын болды. «Германия олардың өтінішін қарауды жауапкершілігіне алады» делінген ресми мәлімдемеде.

Венгриядан пойызбен келген ауғанстандық мигранттар отбасы Мюнхен теміржол вокзалында. 31 тамыз 2015 жыл.
Венгриядан пойызбен келген ауғанстандық мигранттар отбасы Мюнхен теміржол вокзалында. 31 тамыз 2015 жыл.

Балқанның батысындағы мемлекеттерден келген азаматтардың босқын атағын алуы қиындау, себебі Берлин аталған аймақтағы елдердің бәрінде жағдай тұрақты деп санайды. Былтыр баспана сұраған сербиялықтар саны көп болыпты, бірақ олардың 63 пайызының өтініші қабылданбаған.

Македониялықтардың 65 пайызы Германияда қалуға рұқсат ала алмады. Сондай-ақ, өткен жылы Косово азаматтарының 50 пайызы, Босния тұрғындарының 60 пайызы және Албаниядан келген босқындардың 82 пайызы босқын мәртебесіне қол жеткізе алмаған.

Әлемнің өзге елінің тұрғындарын паналату соғыс және бейбітшілік жағдайына қарай құбылып тұрады. Былтыр Ауғанстан халқы да көп өтініш берген, олардың 21 пайызының тілегі қанағаттандырылмаған. Алтыншы үлкен топ – Ирак азаматтарының 9 пайызы ғана Германияда қалуға рұқсат ала алмады. Осы аталған екі мемлекетте де үнемі соғыс болып жатқан және анағұрлым тыныш аймақтар бар.

ІС ҚАНША УАҚЫТ ҚАРАЛМАҚ?

Әдетте босқын мәртебесін беріп, өтініштерін қарау үшін миграция мекемесіне 7 айдай уақыт керек. Бірақ бұл мерзім өтініш білдірушіге байланысты өзгереді. Германия жағдайы тұрақты саналатын елдерден келген азаматтардың өтінішін тез қарауға шешім шығарды.

Ақпан айында Берлин Косово азаматтарының арызын екі апта ішінде қараймыз деді. Босния, Сербия және Македония да осы тізімге кіреді. «Босқын мәртебесін алуға мүмкіндігі аз азаматтардың ісін тез қарауды талқылап жатырмыз, шешім шыққанша оларды босқындарға арналған үйлерде ұстаймыз» дейді Еуропадағы Network Migration ұйымының өкілі Райнер Олигер.

Әлеуметтік мәселе жөніндегі мекеме жанында ата-анасын күтіп отырған мигрант баласы. Берлин, 10 тамыз 2015 жыл.
Әлеуметтік мәселе жөніндегі мекеме жанында ата-анасын күтіп отырған мигрант баласы. Берлин, 10 тамыз 2015 жыл.

Оның айтуынша, кез-келген мемлекеттің азаматы өтініш беріп, оны толық қаратуға құқылы. Ал жедел жүйенің мақсаты – миграциялық жүйе қызметкерлерінің дағдарыс жағдайындағы елдерден келген азаматтардың мәселесін тез шешуіне көмектесу.

Өтініш иелерінің барлығы алғашқы үш ай бойы жатақханада тұрады, ол ірі қаладан аулақ салынған сырты қоршалған ескі үйлер. Бұнда олар тегін тұрады, әр өтініш иесіне айына 140 еуро береді, қажет болған кезде тегін медициналық қызмет көрсетеді. Осы үш айда өтініш иелерінің жұмыс істеуге құқы жоқ. Күнделікті тірлікке қажетті жәрдемақы мөлшері де Германияда дау тудырған мәселеге айналды.

«Отбасының орташа табысы айына 300-500 еуроны құрайтын Албания сияқты елдер осыған қызығып келуі де мүмкін деген саяси пікірлер айтылды» дейді Райнер Олигер.

Кейбіреулер ақшаны қолма-қол бермей, кепілхат арқылы берсек дегенді ұсынды. Үш айдан соң өтініш иелері қалаларға жіберіліп, пәтерлерге орналасады. Осыдан соң жұмыс іздеуге құқылы. Бірақ, тапқан жұмыс орынын Германия немесе басқа ЕО-ның білікті азаматы иелене алмайтынын дәлелдегеннен кейін ғана сол жұмысқа тұра алады.

БОСҚЫН МӘРТЕБЕСІ БАР АДАМ

Босқын мәртебесін алған адам Германия азаматымен бірге жұмыс және әлеуметтік қызмет құқын иеленеді. Олармен тең жағдайда жұмыс іздейді, жұмыссыздық кезінде Германия азаматымен бірдей жәрдемақы алады. Толық медициналық қызмет көрсетіледі.

Босқындар лагеріндегі жатақхана бөлмесінде отырған молдовалық мигрант әйел. Майнц қаласы, Германия, 5 тамыз 2015 жыл.
Босқындар лагеріндегі жатақхана бөлмесінде отырған молдовалық мигрант әйел. Майнц қаласы, Германия, 5 тамыз 2015 жыл.

Бірақ, мамыражай өмір сүре алмайды. Үш жылдан соң әр іс қайтадан қаралады, сол кезде босқын мәртебесін сақтау керек пе, жоқ па деген сауалға жауап іздейді. Комиссия мүшелері керек емес деп тапса, әлгі адам босқын мәртебесінен айырылады. Өтініші өтпеген азаматтар сотқа беріп, бірнеше ай бойы істі созуына болады. Егер сот шағымды қабылдамаса, оларды елдеріне қайтарады.

Егер Германияға биыл расымен 800 мың адам келсе, ол Совет одағы тараған соң 1992 жылы тіркелген рекордтан асып түспек. Ол кезде 438 мың адам босқын болуға ниет білдірген еді.

XS
SM
MD
LG