Accessibility links

Чемпион келесі кезеңге сәл қиналып шықты


Испания - Италия матчынан көрініс. Гданьск, 10 маусым 2012 жыл. Көрнекі сурет

Испания - Италия матчынан көрініс. Гданьск, 10 маусым 2012 жыл. Көрнекі сурет

С тобындағы топтық кезеңнің шешуші ойындары өтті. Қазіргі әлем және Еуропа чемпиондары Испания құрамасы Хорватиямен ойнап, 1:0 есебімен жеңіске жетті. Азаттық сарапшылары ойынға көңілдері толмағанын айтты.

Испания мен Хорватия арасындағы кездесудің алғашқы таймы қауіпті шабуылдарға толы болмады. Испандықтар допты көбірек иеленгенмен, оларды хорват қорғаушылары Стипе Плетикоса қорғайтын қақпаға жақындатпай қойды. Сол себепті кездесудегі жалғыз гол ойынның соңына үш минут қалғанда ғана соғылды.

Фернандо Торрестің орнына шыққан Хесус Навас бос қақпаға гол соқты. Сөйтіп испандықтар тарихта болмаған көрсеткішке жетуге тырысты. Өйткені Еуропа біріншілігінде бірде-бір команда әлі қатарынан екі мәрте чемпион атағына ие болып көрмеген.

"ИСПАНИЯНЫҢ ҚОСАЛҚЫ КОМАНДАСЫНЫҢ ӨЗІ КҮШТІ"

Осы кездесуге дейін Испания мен Хорватия ешқашан ресми ойын өткізбепті.

Бапкер Бауыржан Сәрсекенов ойын көңілінен шықпағанын, ойыншылардың аса белсенді болмағанын айтты.

- Бәріміз де "келесі кезеңге Испания мен Италия шығады" деп ойладық. Сол болжам орындалды. Олардың шеберлігі жоғары. Бұл мемлекеттер футбол десе ішер асын жерге қояды. Хорватия да осал команда емес, сол өңірде футболдық дәстүр бар. Бірақ олар осындай нәтижеге риза болуы керек. Мен Хорватия келесі турға өтетін шығар деп ойлағанмын, бірақ жолдары болмады, - деді бапкер.

Ал футбол комментаторы Ермұхамед Мәулен хорваттардың бірінші таймда аз шабуылдағанын айтты.
Хорват жанкүйері Хорватия - Испания матчы алдында. Гданьск, 18 маусым 2012 жыл

Хорват жанкүйері Хорватия - Испания матчы алдында. Гданьск, 18 маусым 2012 жыл


- Италияның қатарлас матчта жеңіске жетіп жатқанын естіген хорваттар екінші таймда шабуылдауға мәжбүр болды. Оларға жеңіс қажет еді. Хорваттарда келесі кезеңге өту мүмкіндігі әжептәуір болды. Бүгінгі кездесу барысында олар бірнеше қауіпті сәт тудыра білді. Бірақ Икер Касильяс жоғары дәрежедегі ойын көрсетті. Жалпы бүгінгі екі қақпашының да керемет ойнағанын айта кету керек, - деді ол.

Шолушы испаниялықтарға тәжірибе мен қанша жылдан бері халықаралық турнирлерде жоғары дәрежелі ойын көрсетіп жүргені көмектесті деп санайды.

- Испания құрамасының қосалқы ойыншылары да - аса тәжірибелі футболшылар. Мысал ретінде Фабрегас пен Навасты айтуға болады. Испандықтардың деңгейі жоғары. Соның арқасында ғана келесі кезеңге шығып отыр. Ал хорваттардың жағдайы қиындау болды. Егер оларға тең есеп те жеткілікті болғанда, испандықтардың хорват қорғауын бұза алмайтынына еш күмән жоқ, - деді Ермұхамед Мәулен.

Ол егер хорваттар «А» тобына түскенде келесі кезеңге өтетіні сөзсіз еді деп санайды.

"ИСПАНИЯ КЕЛЕСІ КЕЗЕҢДЕ БҰЛАЙ ОЙНАМАУЫ ТИІС"

Жанкүйер Бабыр Бәйменов хорваттардан дәл осындай тегеурінді күтпегенін айтты. Ол испандықтар ойында толығымен басымдыққа ие бола алмағанын байқаған екен.

- Дель Боске шәкірттері ең бастысы өз қақпаларына гол кіргізіп алмас үшін допты ұзақ қадағалап, қысқа пастармен алмасып отырды. Бірақ олар чемпиондарға тән ойын көрсетті деуге болмайды. Бапкердің осы турнирдегі тактикасы түсініксіз. Осы құрамадағы ойыншылардың 95 пайызы - «Барселона» мен «Реал Мадрид» ойыншылары. Бірақ осы болған үш кездесуде де сол екі клубқа сай ойын көрінбеді, - деді ол.

Жанкүйер хорваттардың екінші таймның басында жасаған шабуылдары жақсы болғанын айтты.

- Хорваттар физикалық тұрғыдан нашарлау сияқты. Ойынның соңында шаршап қалған сыңай танытты. Ал соғылған голдан кейін мүлдем салы суға кетті. Олар Түркия командасы сияқты ойынның соңғы минуттарына дейін күресе алмайтын құрама екен. Ойындағы жалғыз голға келетін болсақ, бір қарағанда ол оффсайдтан соғылған сияқты болды. Бірақ ол жерде төрешілер аса үлкен қателік жіберді деуге болмас, себебі екі ойыншы да футболда әдетте болатын жағдайда тұрды. Сондықтан гол таза болды деп санаймын, - деді Бабыр Бәйменов.

Ол келесі турда Испанияның қарсыласы Франция болады, ал Италия Англиямен кездеседі деп болжайды.

- Себебі Швеция бұл турнирден қалай да үш ұпайсыз кетпеуге тырысады, ал Англия мен Украина арасындағы ойын тартысқа толы болары анық. Ағылшындарға келесі ойында қатарға қосылатын Уэйн Руни көмекке келеді. Сондықтан ағылшындар украиндықтарды айқын басымдықпен жеңетін сияқты, - деді жанкүйер.

Бабыр Бәйменов «егер испандықтар дәл осылай ойнай берсе, болашақ қарсыластары мұндай қателіктерді кешірмейді» деді.
XS
SM
MD
LG