Accessibility links

Германия мен Голландия жолдастық кездесуде ұтылып қалды


Германия ұлттық құрамасының бапкері Йоахим Лев. Көрнекі сурет

Германия ұлттық құрамасының бапкері Йоахим Лев. Көрнекі сурет

Футболдан Еуропа чемпионатына қатысатын командалар дайындықтарын пысықтау мақсатында мамырдың 26-сы жолдастық кездесулер өткізді.

ЧЕХИЯ - ИЗРАИЛЬ - 2:1

Чехия құрамасы Австрияның Хартберг қаласында Израиль құрамасымен ойнады. Чехтардың капитаны Милан Барош 17 минутта пенальтиден есеп ашса, 45 минутта Израиль ойыншысы Шехтер нәтижені теңестірді. Ал Чехия чемпионатының ең мерген футболшысы (25 гол) Давид Лафата төреші қосқан қосымша уақытта гол соғып, командасын жеңіске жеткізді.

Чехияның бас бапкері Михал Билек бұл ойынға Петр Чех, Ярослав Плашил, Михал Кадлец, Томаш Пекгарт, Ян Резек пен Томаш Росицкиді шығарған жоқ. Енді чехтар маусымның 1-і күні Прагада Венгриямен жолдастық матч өткізеді. Ал «Еуроспорт» арнасының хабарлауынша, Михал Билек Чехия құрамасымен келісім-шартын тағы екі жылға ұзартып, 2014 жылға дейін қызметінде қалатын болды.

НОРВЕГИЯ - АНГЛИЯ - 0:1

Англия құрамасының бас бапкері Рой Ходжсон жаттықтырушы ретіндегі дебют-матчын сәтті өткізді. Оның командасы Ослода 1:0 есебімен алаң иелерінен басым түсті. Ойыннан кейін УЕФА сайтына берген сұхбатында жаттықтырушы: «Ұлттық құрамадағы карьерам тамаша басталды. Норвегиялықтар өз алаңында жеңіле бермейтін команда. Бізге шабуылға көп көңіл бөлу керек болды. Шабуыл шебін әлі нығайту үшін жұмыс жасауымыз тиіс. Бастысы - Еуропа чемпионатына дейін команда негізгі жұмыстарды бітіреді» деді. Енді ағылшындар маусымның 2-сі Бельгиямен спарринг кездесу өткізеді.



- Қазір командада Скот Паркердің жағдайы жақсы. Аяғы аздап жарақаттанып қалған, дегенмен денсаулығы дұрыс. Мені алаңдатып отырғаны - Гарет Барридің жарақаты. Ол жақында дәрігерлік тексеруден өтеді. Жағдай ушықса, онда тағы да басым қатайын деп тұр, - деді бас бапкер.

Рой Ходжсон бұл ойында қақпаны Роберт Гринге сеніп тапсырыпты. Ал Эшли Коул, Джон Терри мен Уэйн Руни сияқты мықтылар алаңға шыққан жоқ. Стивен Джеррард, Энди Кэрролл, Алекс Окслейд-Чемберлен сынды тәжірибелі ойыншылар матчқа қатысты.

ШВЕЙЦАРИЯ - ГЕРМАНИЯ - 5:3

«Неміс машинасы» (Германия құрамасының лақап аты) Швейцариядан мұндай қарсылық күтпеген еді. Матч барысында швейцариялық Эрен Дердийок хет-триктің авторы атанды. Ал ұлттық құрамадағы алғашқы ойынын өткізген «Боруссия М» командасының қақпашысы Марк-Андре тер Штеген бес гол жіберіп алды. «Штеген – жақсы қақпашы. Ойыннан соң оған біраз ескертулер жасадым. Бүгінгі ойында біздің қорғаныс өте шашыраңқы ойнады» деді неміс бапкері Йоахим Лев.



- Бүгінгі нәтижеге таң қалып отырмын, - деді Лев. – Командаға тың ойын жетіспеді. Жаттығудан қатты шаршағандары білініп тұрды. Дегенмен, бұл – тек жолдастық матч. Ойынның нәтижесінен сабақ аламыз. Көп қателіктер жібердік. Сол қателіктерді түзеу үшін алда екі апта уақыт бар. Бұл ойында алаңға «Бавария» ойыншылары шыққан жоқ. Осыны да ескеру керек.

«Бавария» ойыншылары жоқ болғанымен, Мирослав Клозе, Месут Озил, Подольски сынды футболшылар Швейцариямен ойынға қатысты.

ИСПАНИЯ - СЕРБИЯ - 2:0

Испания құрамасында тұңғыш ойынын өткізген «Атлетико» шабуылшысы Адриан Лопес алғашқы голын соқты. Екінші голдың соғылуына да осы Лопестің қатысы бар. Қарсыластың айып алаңына еніп, қауіпті шабуыл жасар тұста оны сербиялық қорғаушылар шалып жықты. Осыдан кейін төреші 11 метрлік пенальти белгілеп, Санти Касорла мүлт кеткен жоқ. Енді Дель Боске командасы Оңтүстік Корея және Қытай құрамаларымен жолдастық кездесу өткізеді.

ПОЛЬША - СЛОВАКИЯ - 1:0

«Сошо» командасының шабуылшысы Дамиьен Перкис өз құрамасының сапындағы тұңғыш, әрі жеңіс голын соқты. Бұл ойыншы наурыз айында жарақат алып, құрама сапындағы көп ойындарға қатыспаған еді. Ал Словакиямен ойында бірінші минуттан алаңға шықты. Польша футболшылары енді маусымның 2-сі күні Варшавада Андорра құрамасымен соңғы дайындық кездесуін өткізеді.

ГРЕКИЯ - СЛОВЕНИЯ - 1:1

Ойынның 8-минутында Василис Торосидис есеп ашып, командасын алға шығарған. Алайда кездесудің аяқталуына бес минут қалғанда словениялық Ясмин Куртич есепті теңестіріп кетті. Бұл ойында Грекия бапкері Фернанду Сантуш матч барысында 6 футболшысын ауыстырып, алаңға барлығы 17 ойыншы шығарды. Енді гректер мамырдың 31-і күні Армениямен алаңға шығады.

ДАНИЯ - БРАЗИЛИЯ - 1:3

Дания құрамасы Гамбургте өткен кездесуде Бразилияға есе жіберді. «Порту» шабуылшысы Халк бұл ойында екі голдың авторы атанса, даниялық Ники Зимлинг өз қақпасына гол соғып алды. Ойынның 24 минутында-ақ Дания бапкері Мортен Ольсен қақпашы Томас Серенсен мен қорғаушы Ласс Шенені алмастырды. Олардың орнына Стефан Андерсен мен Томас Каленберг шықты. Алайда, жаттықтырушының бұл тактикасы ешқандай пайда берген жоқ. Енді Дания құрамасы 2 маусым күні Австралия құрамасымен чемпионат алдындағы соңғы жолдастық кездесуін өткізеді.

ГОЛЛАНДИЯ - БОЛГАРИЯ - 1:2

Осыған дейін «Бавария» командасына есе жіберген (2:3) Голландия бұл жолы Болгариядан жеңіліп қалды. Голландия құрамасы 19 матч қатарынан өз алаңында жеңілмеген еді. Бұл үрдісті мамырдың 26-сы күні Болгария футболшылары үзді.




Бас бапкер Берт ван Марвейк ойынға Марк ван Боммел («Милан»), Найджел де Йонг («Манчестер Сити»), Уэсли Снейдер («Интер»), Кевин Струтман (ПСВ), Рафаэль ван дер Варт («Тоттенхэм»), Робин ван Перси («Арсенал»), Клас-Ян Хунтелар («Шальке») сияқты ойыншылардың бәрін шығарған. Нидерланд құрамасы енді мамырдың 30-ы күні Словакиямен, ал маусымның 2-сі Солтүстік Ирландиямен жолдастық кездесу өткізеді.

ПОРТУГАЛИЯ - МАКЕДОНИЯ - 0:0

Лейрии қаласында өткен кездесуде есеп ашылған жоқ. Португалия бапкері Паулу Бенту алаңға Криштиану Роналдудан бастап Нани, Жоау Перейра, Элдер Поштига, Фабиу Коэнтрау сынды мықтыларды шығарғанымен, таблодағы есеп өзгермеді. Жалпы, бұл ойынға Португалия командасының 17 ойыншысы қатысты.

ИРЛАНДИЯ - БОСНИЯ ЖӘНЕ ГЕРЦЕГОВИНА - 1:0

Ирландия құрамасы қатарынан 13 ойында жеңілмей келеді. «Дублин Арена» стадионына жиналған жанкүйерлер бұл ойында соғылған бір голды ғана қанағат тұтты. Матчтың 78 минутында Шейн Лонг мергендігімен көзге түсті. Осы матчтан кейін Ирландия құрамасының жартылай қорғаушысы Кейт Фейхидің жарақатына байланысты Еуропа чемпионатына қатыспайтыны белгілі болды.

РЕСЕЙ - УРУГВАЙ 1:1

Мәскеуде өткен кездесудің 48 минутында уругвайлық Луис Суарес есеп ашқан. Ал араға бір минут салып, 49 минутта Александр Кержаков ойын нәтижесін теңестіріп кетті. Таблодағы бұл есеп ойын соңына дейін сол күйі қалды. Уругваймен өткен кездесуден кейін Ресей бапкері Дик Адвокат Артем Дзюба мен Магомед Оздоевты Еуро-турнирге баратындардың қатарынан шығарып тастады. Алда Ресей Литва және Италия командаларымен спарринг матч өткізеді.

ХОРВАТИЯ - ЭСТОНИЯ 3:1

Хорватия құрамасы Пуле қаласында Эстониямен кездесу өткізіп, 3:1 есебімен жеңіске жетті. Осы ойыннан кейін Славен Билич алдағы екі күннің ішінде Еуропа біріншілігіне барар толық құрамды жариялауы тиіс. Бұған қоса, Хорватия құрамасы бапкерінің Еуро-турнирден соң Мәскеудің «Локомотив» командасына ауысатыны белгілі болды.
  • 16x9 Image

    Руслан МЕДЕЛБЕК

    1990 жылы 4 қаңтарда дүниеге келген.

    Қазақ ұлттық университеті журналистика факультетін "Халықаралық журналистика" мамандығы бойынша тәмамдаған.

    Халықаралық спорт журналистері қауымдастығы мен Халықаралық олимпиада комитетінің жас репортері.

    "Спорт", "Қазақ спорты" газеттерінде, "Алматы" телеарнасында журналист-репортер болған. 2012 жылдан бері "Азаттық" радиосының тілшісі. Сочи - 2014 қысқы және Рио - 2016 жазғы олимпиада ойындарынан тікелей хабар таратты.

    Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуге болады.

XS
SM
MD
LG