Accessibility links

Ресей футболының "қола буыны масқара болды"


Грекия - Ресей матчынан көрініс. Варшава, 16 маусым 2012 жыл. Ортада - грек футболшысы, жалғыз гол авторы Карагунис.

Грекия - Ресей матчынан көрініс. Варшава, 16 маусым 2012 жыл. Ортада - грек футболшысы, жалғыз гол авторы Карагунис.

Еуропа чемпионатының А тобынан күтпеген жерден Чехия мен Грекия жеңіп шығып, ширек финалға жолдама алды.

Грекияға жеңіс әперген голдың авторы – Карагунис. Команда капитаны бұл голды бірінші таймның соңында төреші қосқан екінші минутта салды. Осылайша, Грекия 2004 жылғы Еуропа чемпионатының топтық кезеңіндегі жеңілістің есесін қайтарды.

Ресей ойын соңына дейін шабуылдап баққанымен Грекия жылдам қарымта шабуылдар ұйымдастырып, әлдеқайда қауіптірек жағдайлар туғызып отырды. Сондай бір эпизодта Карагунис айып алаңына кіріп қақпашымен бетпе-бет келуге шақ қалғанда қорғаушының аяғына шалынып құлап түсті. Төреші 11 метрлік айып добын белгілеудің орнына грек шабуылшысына "жасанды қимыл жасағаны үшін" ескерту берді.

«РЕСЕЙДІ «СЕНІМДІЛІК» ҚҰРТТЫ»

Кездесуден кейін сөз алған «Азаттықтың» сарапшылары «Ресей қарсыласын бағаламай, бұл ойынға салғырт қарады» дейді.

Футбол бапкері Асқар Қожабергенов басында Ресей финалға шығады деп топшылапты.

- Өз басым Ресей финалға дейін жетеді деп ойлағам. Қатты қателесіппін. Бүгінгі ойынның нәтижесіне өзім сенбей отырмын. Ал гректер 2004 жылғы ерліктерін қайталау үшін жорыққа шыққандай, - деп қысқа қайырды жаттықтырушы.

Футбол шолушысы Ермұхамед Мәулен «гректерден мұндай ерлікті күтпедім» дейді.
Алғашқы екі ойында жарқ еткен Алан Дзагоев бұл жолы көп көзге түспеді. Оның соңғы минуттардағы баспен ұрған добы қақпадан бірнеше сантиметр қиыс кетті. Варшава, 16 маусым 2012 жыл

Алғашқы екі ойында жарқ еткен Алан Дзагоев бұл жолы көп көзге түспеді. Оның соңғы минуттардағы баспен ұрған добы қақпадан бірнеше сантиметр қиыс кетті. Варшава, 16 маусым 2012 жыл


- Бұл ойынды сенсацияға балауға келмейді. Бірақ гректерді көп мамандар мен жанкүйерлер ширек финалға шығатындардың қатарынан сызып тастаған. Ал Ресейдің өткен екі ойынына қарап, Дик Адвокат командасы ұзаққа барады деп топшылағандардың бірі менмін. Бірақ Ресей құрамасы бұл ойында өз-өзін орға жықты, - деді шолушы.

Бұған қоса, Ермұхамед Мәуленнің пайымдауынша, бұл ойында Ресей қарсыласын бағаламаған.

- Ресей құрамасы өздерін іштей «финалға» шығарып қойған. Тіпті, Алан Дзагоевты Еуропа чемпионатында ашылған жаңа жұлдызға да балады. Дик Адвокат басылымдарға берген сұхбатында команданың мүмкіндігі зор деді. Азулы Чехияны ұтқаннан кейін бұл команда гректерді де ұтамыз деп ойлады. Міне, сол қарсыласын бағаламаушылықтың «арқасында» Ресей футболшылары енді еліне қайтады. Ал Дик Адвокаттың ештеңесі кетпейді. Ол осының алдында «Еуропа чемпионатынан кейін отставкаға кетемін» деп мәлімдеп қойған, - деді ол.

«БҰЛ ЖЕҢІЛІС - РЕСЕЙ ЖАНКҮЙЕРЛЕРІНЕ ҮЛКЕН СОҚҚЫ»

Спорт журналисі Төлеубек Әділбекұлы сараптамасын тарихтан бастады.

- Естеріңізде болса, 2002 жылғы әлем чемпионатында Ресей дәл осындай жағдайға тап болған. Тунис, Жапония, Бельгиямен бір топқа түсті де, алдымен африкалық команданы ұтты. Кейін жапондар мен бельгиялықтардан жеңіліп, жарысты аяқтаған.

Спорт шолушысының айтуынша, Ресей бұл ойынға немқұрайлы қараған.

- Гректер Ресейдің қателігін сәтті пайдаланып кетті. Екінші таймда Дик Адвокат алаңға Погребняк, Измайловты шығарып, тәуекелге барды. Бірақ бұл тактика нәтиже берген жоқ. Грекияның қорғанысы өте мықты болды. Ал бүгінгі жеңіліс орыс халқына, Ресей жанкүйерлеріне өте үлкен соққы болды, - деді сарапшымыз.

Төлеубек Әділбекұлы гректердің ширек финалдағы мүмкіндігін де таразылады.

- Грекия ширек финалда Германиямен кездесуі мүмкін.Бірақ немістерді ұту қиын. Көп жанкүйер енді гректерден 2004 жылғы ерлікті күтер. Бірақ дәл қазіргі неміс құрамасын ұту Сантуштың командасына қиын тиеді.
Ойындағы жалғыз гол Ресей футболшысы Юрий Жирковтың қателігінен кейін соғылды. Варшава, 16 маусым 2012 жыл

Ойындағы жалғыз гол Ресей футболшысы Юрий Жирковтың қателігінен кейін соғылды. Варшава, 16 маусым 2012 жыл


Ал төреші Еркін Шәкірұлы «Ресей ойын соңында шабуылды үдеткенімен, өте кеш қимылдады» деді.

- Ресей құрамасы бірінші таймда өте салғырт ойнады. Бәлкім, Грекияны «қалпақпен ұрып аламыз» деп ойлаған болар. Бірақ бұл «сенімділік» оларды зор өкінішке ұшыратты. Ал ойынның аяқталуына он минут қалғандағы тегеурінді шабуылы грек қорғанысын бұзып өте алмады, - деді арбитр.

Еркін Шәкірұлы бұл ойында төрелік еткен швед Юнас Эрикссонның жұмысына жоғары баға берді.

Ресей құрамасы осыған дейінгі 16 кездесуде қатар жеңілмей келген еді. Жеңістер сериясы маусымның 16-сы аяқталды.

Ресейлік басылымдар құрамасының соңғы ойынын "масқара" (gazeta.ru) деп сипаттап жатыр. "Советский спорт" басылымы "қола буын" (2008 жылғы Еуродағы қола жүлдеге меңзейді - ред.) футболшыларының карьерасын сәтсіз түрде аяқтағанына қынжылады, тұтас құраманы жаңарту қажет деген пікір айтады.
  • 16x9 Image

    Руслан МЕДЕЛБЕК

    1990 жылы 4 қаңтарда дүниеге келген.

    Қазақ ұлттық университеті журналистика факультетін "Халықаралық журналистика" мамандығы бойынша тәмамдаған.

    Халықаралық спорт журналистері қауымдастығы мен Халықаралық олимпиада комитетінің жас репортері.

    "Спорт", "Қазақ спорты" газеттерінде, "Алматы" телеарнасында журналист-репортер болған. 2012 жылдан бері "Азаттық" радиосының тілшісі. Сочи - 2014 қысқы және Рио - 2016 жазғы олимпиада ойындарынан тікелей хабар таратты.

    Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG