Accessibility links

Голландия күтпеген жерден ұтылды


Голландия-Дания матчынан көрініс. Харьков, 9 маусым 2012 жыл

Голландия-Дания матчынан көрініс. Харьков, 9 маусым 2012 жыл

В тобындағы алғашқы ойында Дания құрамасы Голландиядан басым түсті – 1:0. Ойындағы жалғыз голдың авторы – Микаэль Крун-Дели.


Голландия мен Дания 31 мәрте кездесті. Даниялықтар 9 рет жеңсе, голландиялықтар бұған дейін 12 рет басым түскен. 10 матчта қос команда тең ойнап тарқасқан.

«Азаттықтың» сарапшылар құрамасының мүшесі, футбол жанкүйері Мейірбек Нүрекеев бүгінгі нәтижені турнирдегі алғашқы сенсацияға балайды.

АЛҒАШҚЫ СЕНСАЦИЯ

- Голландия құрамасы жағдайын ушықтырып алды. Естеріңізде болса, 2002 жылы Жапония мен Кореяда өткен әлем чемпионатында Франция құрамасының жағдайы да осылай басталған. Француздар бірінші ойында Сенегалға 0:1 есебімен жол беріп, кейін топтан шыға алмай қалған еді. Міне, сол қауіп қазір Голландияға төнді, - деді жанкүйер.

Ойын бірден шабуылмен басталды. 4-минутта даниялықтар күтпеген жерден Стекеленбург қақпасына қауіп төндірген. Бірақ қақпашы бұл соққының бетін қайтара білді. Қарымта шабуылға шыққан голландиялықтар сапынан 19 жасар Йотре Виллемс дат қақпасын нысанаға алды. Алайда оның тепкен добы биік кетті.
Голландия - Дания матчынан көрініс. Харьков, 9 маусым 2012 жыл

Голландия - Дания матчынан көрініс. Харьков, 9 маусым 2012 жыл


25-минутта командаластарынан пас алған Микаэль Крун-Дели айып алаңға оңай енді де, Стекеленбургтің қақпасын дәл көздеді. Есеп – 1:0. Бұл - осы ойында соғылған жалғыз гол.

Матч барысында Голландия құрамасы жиі шабуылдаса да, доп соға алмады. 90 минут бойы Ван Марвейктің футболшылары Стефан Андерсен қорғаған Дания қақпасына 36 мәрте соққы жасапты. Ал Дания құрамасы 8 мәрте қақпа көздеген.


"КОМАНДАЛЫҚ ҚАТЕЛІК"

Спорт комментаторы Рауан Оқастың айтуынша, В тобындағы жағдай шиеленісе түсті.

- Дания құрамасы бұл сынға жайдан-жай келмеді. Мортен Ольсен командасы тыңғылықты дайындалғандай әсер қалдырды. «Дат динамиттері» (Дания құрамасының лақап аты - ред.) қорғаныста сауатты ойнады. Сәті түскенде шабуыл шебіне де шықты. Олар есеп ашып алды да, сол есепті сақтауға бар жандарын салды. Қақпашы Андерсен де жанкештілік танытты. Бұл матчта Дания құрамасы нағыз тактикалық ойын көрсетіп, жеңіске жетті, - деді комментатор.

Бұған қоса, Рауан Оқас «Голландия құрамасы енді топтан шыға алмай қалуы мүмкін» дейді.

- Голландия алдағы екі қарсыласы Германия мен Португалияның бірін жеңуі мүмкін. Бір жеңіс топтан шығуға жеткіліксіз. «Қызғалдақты елдің» командасы үшін биылғы біріншілік топтық кездесуден кейін аяқталуы ғажап емес. Олар бүгін қалайда Данияны ұтуы керек еді. Бірақ команда ойыны жүрмеді. Бұл - бір. Екіншіден, Снейдер, Ван Перси, Роббеннің де шабуылы өте солғын. Осы үштік бүгінгі кездесуде Голландияны алға сүйреу керек еді. Бірақ олар бұл міндетті атқара алмады. Ал ойын соңында Ван Марвейк алаңдағы шабуылшылардың санын бес ойыншыға жеткізді. Бұл оның тәуекелге барған әрекеті. Алайда бапкердің бұл жоспары да жүзеге аспай қалды. Голландияның бүгінгі жеңілісіне нақты бір ойыншыны кінәлауға келмейді. Бұл – бүкіл командалық қателік, - деп санайды ол.

ДАНИЯ ТОПТАН ШЫҒУҒА СӘТТІ ҚАДАМ ЖАСАДЫ

Рауан Оқастың есебінше, Дания топтан шығуға қарай бір қадам алға басты.

Ал футбол шолушысы Ермұхамед Мәуленнің айтуынша, бүгін Дания бапкері Мартен Ольсен өте дұрыс тактика қолданған.

- Дания бапкері өзінің командасын Голландиямен ойынға өте тыңғылықты дайындағаны көрініп тұрды. Бұл – жаттықтырушының жасаған өте сәтті қадамы. Қорғанысты мықтап ұстап, сәті келгенде шабуылға шығу тактикасы «Дат динамитіне» жеңіс әперді. Ал голландиялықтардың бүгінгі шабуылы құр шабылыс, - деген ойда журналист.

Ермұхамед Мәулен пайымдауынша, Голландия бүгінгі ойында командалық тұрғыдан ұтылды.

- Алаңда Арьен Роббен өте сауатсыз ойын көрсетті. «Бавария» сапындағы белсенді, тәжірибелі Роббенді бүгін алаңнан көре алмадық. Оның бірінші таймда үш рет гол соғатын мүмкіндігі болды. Бірақ тепкен добы далаға кетті. Алаңда өзі дұрыс ойнаған жоқ және өзгені де дұрыс ойнатпады. Бірген пастары да діттеген жеріне жеткен жоқ. Ал бас бапкер Ван Марвейк оның қателіктерін көрсе де, ауыстырған жоқ. Сенді, бірақ сенімі ақталмады. Ван Перси мен Снейдер де өз ойынын таба алмады, - деді ол.

Ал Мейірбек Нүрекеевтің ойынша, бұл ойын Голландияға «қамшы болып тиюі мүмкін». Оның пайымдауынша, Ван Марвейк командасы алдағы екі ойында жеңуге бар күшін салады.

ТИІН МЕН ТОРАЙДЫҢ БОЛЖАМЫ ТУРА КЕЛДІ

Белоруссия астанасы Минскіде тұратын таксист Петр Панкратовтың Миска есімді тиіні осы ойын алдында өз болжамын жасап, Дания жеңіске жетеді деп ишара қыпты. Қожайыны екі ыдысқа жаңғақ толтырып, оның маңына Дания мен Голландияның жалаушаларын қойған. Ал тиін Дания туының маңында тұрған ыдысты таңдаған.

Ал Украинадағы Фунтик есімді торай да бүгінгі ойында Дания жеңіске жетеді деп көріпкелдік танытты. Торайдың иелері екі ыдысқа жүгері толтырып, оған Дания мен Голландия елдерінің туларын белгілеген. Фунтик Данияның туы салынған ыдыстағы жүгеріден дәм татқан.
  • 16x9 Image

    Руслан МЕДЕЛБЕК

    1990 жылы 4 қаңтарда дүниеге келген.

    Қазақ ұлттық университеті журналистика факультетін "Халықаралық журналистика" мамандығы бойынша тәмамдаған.

    Халықаралық спорт журналистері қауымдастығы мен Халықаралық олимпиада комитетінің жас репортері.

    "Спорт", "Қазақ спорты" газеттерінде, "Алматы" телеарнасында журналист-репортер болған. 2012 жылдан бері "Азаттық" радиосының тілшісі. Сочи - 2014 қысқы және Рио - 2016 жазғы олимпиада ойындарынан тікелей хабар таратты.

    Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG