Accessibility links

Еуро-2012 итжығыспен басталды


Польша құрамасының ойыншысы Роберт Левандовски Еуро-турнирдің алғашқы голын соқты. Варшава, 8 маусым 2012 жыл
Польша құрамасының ойыншысы Роберт Левандовски Еуро-турнирдің алғашқы голын соқты. Варшава, 8 маусым 2012 жыл

Варшавадағы ұлттық стадионда салтанатты шарамен ашылған Еуропа чемпионатының алғашқы ойынында алаң иелері - Польша құрамасы Грекиямен 1-1 есебімен тең түсті. Азаттықтың сарапшылар құрамасы матч туралы ойларын жеткізді.

Польша мен Украинада, яғни, жалпы Шығыс Еуропада өтіп жатқан алғашқы Еуропа чемпионатының ашылу салтанатының режиссері италиялық Марко Валич деп таныстырылды. Варшавадағы Ұлттық стадионда ұйымдастырылған шара бар-жоғы 12 минутқа созылды. Қойылым кезінде екі елдің ұлттық дәстүрлері көрсетілді. Ашылу салтанаты кезінде венгриялық пианист Адам Дьердь Фредерик Шопеннің этюдтерін тартты.

Одан кейін ашылу салтанатына ойынды тамашалауға келген 58 мың жанкүйер қосылып, трибуна чемпионатқа қатысып жатқан 16 елдің туларының түстеріне боялып, «құрмет» деген жазу көрсетілді.

Еуро-2012 турнирінің алғашқы матчы Польша мен Грекия құрамаларының арасында өтті. ФИФА рейтингісі бойынша 62 орында тұрған польшалықтар осы тізімде 15 болып тұрған гректермен 1-1 есебімен тең түсті. Екі командадан бір-бір ойыншы алаңнан қуылды. Левандовскидің 17 минутта-ақ баспен соққан әдемі голынан соң бірінші таймда есеп өзгермеген еді. Екінші таймды бір футболшысы кем болып бастаса да, ойын қарқынын арттыра түскен гректер 51 минутта есепті теңестірді. Гол авторы - Салпингидис.
Грекия ойыншысы Салпингидистің доп соққан сәті. Варшава, 8 маусым 2012 жыл
Грекия ойыншысы Салпингидистің доп соққан сәті. Варшава, 8 маусым 2012 жыл

69-минутта Польша қақпашысы Щенсны қызыл қағаз алып, ойыннан шықты. Оны алмастырған Тытонь 11 метрлік айып добын кіргізбей командасын жеңілістен құтқарып қалды.

Азаттықтың сарапшылар құрамасы алғашқы ойынға қатысты мынадай пікір айтты.

- Бірінші таймда Польша командасының басымдылығы сезілді. Олар көптеген жақсы мүмкіндіктерді жіберіп қойды, бірақ бір гол соқты. Тез шаршап қалды. Бірінші таймда ойынға құлшынысы тым жоғары болды. Польша командасы алғашқы уақыттарда жылдам голдар соғып, басымдыққа ие болайын деген еді, бірақ қолдарынан олай жасау келмеді, - деді бапкер Бауыржан Сәрсекенов.

Ал "Қаламгер-Медиа" орталығының директоры, жанкүйер Жанарбек Әшімжан бірінші таймда Грекия командасының ойыны солғын болғанын атап өтті.

- Бірінші таймда поляктар бар күшін салды, осы екі команда осыған дейін 15 рет кездескен екен, соның 10 ойынында Польша басым болыпты, бұл жолы да бұл құрама бірден шабуылға көшті, ойын қос қапталмен өрбіді. Роберт Левандовскиге үміт артылған болатын, ол оны ақтады, - деді ол.
Еуро-2012 турнирінің ашылу салтанаты. Варшава, 8 маусым 2012 жыл.
Еуро-2012 турнирінің ашылу салтанаты. Варшава, 8 маусым 2012 жыл.

Бірінші тайм аяқталар сәтте оған дейін бір ескертуге ие болған Сократис Папастатопулос алаңнан қуылды. Мамандар бұл жерде төреші Карлос Веласко Карбальоның қателік жасағанын айтты.

- Алғашында төреші Польша құрамасына көмектескендей әсер туды, бірақ ол екінші таймда бірден түзелді. Екінші таймның 15 минутында поляктар ойынынан жаңылып қалды, - деді ардагер қақпашы Құралбек Ордабаев.

Спорт шолушысы Ержан Көшкінбай да төрешінің бұл шешімі қателік болды деп санайды.

- Төрешінің ол жерде екінші сары қағазды көтеріп, ойыншыны алаңнан қуатын ешқандай жөні болған жоқ. Бірақ іс жүзінде кейін бәрі өз орнына түсті. Поляктардың қақпашысы өрескел қателік жасап, ол да алаңнан қуылып, екі команданың жағдайы теңесті. Төреші де адам, ол да қателеседі, - деді шолушы.

Ойынның 51 минутында Димитриос Салпингидис есепті теңестірген болатын. Ал Грекия командасының капитаны Карагунис поляктар қақпасына белгіленген пенальтиді жүзеге асыра алмады. Қызыл қағаз алып, ойыннан қуылған негізгі қақпашыны алмастырған Тытонь қақпасын аман сақтап қалды.

Құралбек Ордабаев қақпашылардың ойынына да баға берді.
Польша құрамасының жанкүйерлері. Варшава, 8 маусым 2012 жыл
Польша құрамасының жанкүйерлері. Варшава, 8 маусым 2012 жыл

- Грекия қақпашысының ойыны өте жақсы болды. Оның жалғыз қатесі голға айналды. Ол қақпаны тастап, шығып кетті. Қақпада тұрғанда әлдеқалай болар еді. Ал Польша командасының бірінші қақпашысы ойынға дайын емес сияқты болып көрінді. Ойын барысында алаңда болмаған секілді. Сол себептен қарымта гол - толығымен соның кінәсі. Ойын арысында дұрыс қимыл жасамады, аяғы 11 метрлікке апарып соқты. Екінші қақпашы керемет әрекет етті. Ол қақпаға шықты, тұрды, қолы тиген алғашқы допты - пенальтиді кері қайтарды. Осы әрекеті оған әсер етті, ол әсер бүкіл ойыншыларға да тарады, - деді Құралбек Ордабаев.

Ол бапкер екінші қақпашыны негізгі құрамға кіргізуі керек еді деп санайды. «Болашақта солай болуы әбден мүмкін» деді маман.

Бауыржан Сәрсекенов гректердің қорғанысы мықты болғанын айтады.

- Күрес көп болғандықтан ойын қызық болды. Алаңның әр бөлігінде допқа талас байқалды. Бірақ ойынды әдемі көрініске толы болды деуге келмейді. Дегенмен ойын талас, күрес, қырғын болғанымен есте қалады, - деді бапкер.
Жергілікті жанкүйер Варшавадағы ұлттық стадион алдында "Өз үйіңдей сезін!" деген плакат ұстап тұр. 8 маусым 2012 жыл
Жергілікті жанкүйер Варшавадағы ұлттық стадион алдында "Өз үйіңдей сезін!" деген плакат ұстап тұр. 8 маусым 2012 жыл

Жанарбек Әшімжан гректер бұл чемпионатқа ерекше дайындықпен келді деп есептейді.

- Пенальтиді соға алмай қолда тұрған жеңісті беріп қойды. Негізі бұл топты ең сәтті деп айтуға болады. Мұнда деңгейлес командалар ойнайды. Сондықтан Грекияның да, Польшаның да алдағы уақытта үміттері бар деп ойлаймын, - деді жанкүйер.

Бауыржан Сәрсекенов те, Жанарбек Әшімжан да Польшаның жеңуі мүмкін деп болжағандарын айтты.

Ержан Көшкінбаев бұл екі команда да Еуропаның орта деңгейдегі құрамалар екенін жеткізді. Алайда оның пікірінше, Грекия құрамасы жеңіске қарсыласына қарағанда бір табан жақын болған.

Еуропа чемпионаты басталар алдында бірқатар Батыс Еуропа елдерінің үкімет басшылары мен адам құқықтарын қорғау ұйымдары Украинадағы саяси қуғындау және түрмедегі азаптау мәселесіне қатысты осы елде өтетін ойындарға бойкот жариялаған болатын. Одан бөлек Польша мен Украинадағы нәсілшілдік мәселесіне қатысты да алаң туған. Мысалы ұлыбританиялық BBC телеарнасы түсірген деректі фильм осы елдерде қара нәсілді футболшылар мен жанкүйерлерді кемсіту және қорлаудың әлі бар екеніне назар аударған. Халықаралық деңгейде Польша мен Украина мұндай құбылыстың жоқ екеніне сендіріп бағуға тырысып жатыр.
Юлия Тимошенконың босатылуын талап етіп тұрған украиналық. Киев, 5 маусым 2012 жыл
Юлия Тимошенконың босатылуын талап етіп тұрған украиналық. Киев, 5 маусым 2012 жыл

Бірақ Краков қаласында жаттығу жасаған Голландия құрамасының капитаны Марк Ван Боммел Польшаға келмей жатып осындай жайсыз жағдайға куә болғанын айтады. Оның айтуынша, өткен сәрсенбі күнгі жаттығуларын көруге жиналған жергілікті тұрғындар Голландияның қара нәсілді футболшыларын мазақ етіп, маймылдың дауысына салып, қимылын келтірген.

Украинада Еуро-турнирдің өтуіне халықаралық қана емес, жергілікті қоғам белсенділері де қарсы шықты. Олардың кейбірі елдің бұрынғы премьер-министрі Юлия Тимошенко саяси себеппен жеті жылға сотталды деп сенеді. Соңғы бірнеше ай ішінде Тимошенконың түрмеде азапталғаны туралы шағым Еуропа Одағы деңгейінде қарастырылған болатын. Еуро-турнир басталар кезде украиналық суретшілердің бірі футбол алаңында түрме киімін киіп, теріс қарап тұрған үш адамды бейнелейтін карикатура салды. Олардың арқаларында 4, 5, 7 деген сандар басылған. Бұл сандар осыншама жылға сотталған саясаткерлерге кесілген жазаны білдіреді.
XS
SM
MD
LG