Accessibility links

Испания екінші мәрте Еуроның финалына шықты


Криштиану Роналду жартылай финалда жиі көзге түскенімен Испания қақпасына шын қатер төндіре алмады. Донецк, 26 маусым 2012 жыл

Криштиану Роналду жартылай финалда жиі көзге түскенімен Испания қақпасына шын қатер төндіре алмады. Донецк, 26 маусым 2012 жыл

Испания құрамасы жартылай финалда Португалияны пенальтиден ұтып, екінші рет қатарынан Еуропа чемпионатының финалына шықты.

Донецкте өткен кездесуде есеп ашылған жоқ. Ойынның негізгі уақыты да, экстра-таймда 0:0 есебімен аяқталды. Финалға шыққан команда матч соңындағы пенальтиде анықталды.

Бірінші болып допқа жақындаған Хави Алонсоның добын португалиялық қақпашы Руй Патрисиу қайтара білді. Испания голкипері Икер Касильяс та Жоау Моутиньюдің добын өткізген жоқ – 0:0.

Одан әрі Испания құрамасынан Иньеста, Пике, Серхио Рамос қателеспеді. Ал Португалиядан Пепе мен Нани мүлт кеткен жоқ. Есеп – 3:2. Испания алда болатын.
Сол сәтте пенальти тебуге Бруну Алвеш жақындады. Ресей чемпионатында ойнайтын футболшының тепкен добы бағанаға тиіп, кейін серпілді. Ал Испания ойыншысы Фабрегас қақпаны дәл көздеді – 4:2. Португалия үшін пенальти тебу кезегінде бесінші боп тұрған Роналдуға пенальти тебу бұйырмай қалды.

«ОЙЫН СЫЛБЫР, ӘРІ ҚЫЗЫҚСЫЗ ӨТТІ»

«Азаттықтың» сарапшылары бұл ойын өте сылбыр өтті дейді.

Мәселен, футбол сарапшысы Ермұхамед Мәулен «алаңдағы сүреңсіз ойынға екі команданың бапкерлері Паулу Бенту мен Дель Боске кінәлі» дейді.

- Екі бапкер де ойында бірдей тактика ұстанды. Бір-біріне ойнауға мүмкіндік берген жоқ. Сондықтан ойын қызықсыз өтті, - деді ол.

Ермұхамед Мәуленнің ойынша, Испания мұндай ойынмен Еуропа чемпионатын екінші рет ұта алмайды.
Испанияның белді ойыншысы Фернандес Торрес жартылай финалда алаңға шыққан жоқ. Донецк, 26 маусым 2012 жыл

Испанияның белді ойыншысы Фернандес Торрес жартылай финалда алаңға шыққан жоқ. Донецк, 26 маусым 2012 жыл


- Испания футболы қазір әлем футболында үлкен революция жасады. Еуропа чемпионатының финалына қатарынан екі рет шығу үлкен жетістік. Бірақ Испания футболының тактикасы «ескіріп» барады. Осыдан екі-үш жыл бұрынғы Испанияның ойыны мен биылғы Испанияның ойынын салыстыра алмайсыз. Команда финалға өте сүреңсіз ойындар арқылы шықты. Испания «Барселонаның» жолын қайталауы ғажап емес. Бұрын «Барселонаны» көп команда ұта алмайтын. Ал соңғы жылы бұл команданы жеңетіндер табылды. Сол сияқты Испаниямен де тең ойнайтын, беріспейтін құрамалар шығып жатыр. Демек «Барселона» мен Испанияның тактикасын қазір көп бапкерлер зерттеп, «оқып» қойған. Финалда дәл осындай ойын өрнегін көрсетсе, Испания Еуропа чемпионатын ұта алмайды, - дейді шолушы.

Ал Қазақстан жастар құрамасының және «Жетісу» командасының ойыншысы Саят Сариев Испанияның жеңісіне сеніпті.

- Испания жеңіске жететініне сендім. Бірақ ойын негізгі уақытта аяқталады деп ойлағанмын. Португалия құрамасының ойыны да ұнады. Бұл команда турнир барысында Еуропадағы мықты командалардың бірі екендіктерін дәлелдеді.

«ПОРТУГАЛИЯ АУЗЫНДАҒЫДАН АЙЫРЫЛДЫ»

Қазақстан құрамасының ойыншысы Азат Нұрғалиевтың пайымдауынша, Португалия құрамасы қолында тұрған жеңіске жете алмады.

- Португалия құрамасы биыл мықты құраммен келді. Және Испанияны ұтуы керек еді. Мүмкіндіктерін жіберіп алды. Енді бұл командаға дәл осындай мүмкіндік келмес. Себебі қазіргі командадай құрама жасақтау қиынға соғады, - деді футболшы.

Футбол төрешісі Еркін Шәкірұлы «бүгінгі жеңіліске Португалия ойыншыларының өздері кінәлі» дейді.

- Бруну Алвештің (пенальти тебе алмаған футболшы - ред.) тәжірибесі аз. Оны пенальти тебуге не үшін төртінші қып шығарғаны бапкерге ғана мәлім. Роналду тепкенде жағдай бөлек болар ма еді. Алвеш техникалық жағынан әлсіз ойыншы. Ал бүгінгі ойында Португалия ойыншылары шабуылдады, қорғанды. Бірақ нәтиже шығара алмады. Олар жеңіске жететін мүмкіндікті уыстарынан шығарып алды. Кінәні өзерінен іздегені жөн, - деді арбитр.

Қазақстан құрамасы мен «Ақтөбе» командасының ойыншысы Самат Сымақов ойын алдында берген сұхбатында Испания 1:0 есебімен жеңеді деген еді.

- Испания финалға лайық команда. Биылғы чемпионатта Испания көп күш жұмсаған жоқ. Олар бұл чемпионатты ұтатынына сенемін, - деген болатын Сымақов.
  • 16x9 Image

    Руслан МЕДЕЛБЕК

    1990 жылы 4 қаңтарда дүниеге келген.

    Қазақ ұлттық университеті журналистика факультетін "Халықаралық журналистика" мамандығы бойынша тәмамдаған.

    Халықаралық спорт журналистері қауымдастығы мен Халықаралық олимпиада комитетінің жас репортері.

    "Спорт", "Қазақ спорты" газеттерінде, "Алматы" телеарнасында журналист-репортер болған. 2012 жылдан бері "Азаттық" радиосының тілшісі. Сочи - 2014 қысқы және Рио - 2016 жазғы олимпиада ойындарынан тікелей хабар таратты.

    Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG