Accessibility links

Аршавин мен Семшов Ресейдің жеңетініне сенімді


Андрей Аршавин 2008 жылғы Еуропа чемпионатынан оралған кезде өздерін қарсы алған жанкүйерлерге қарап тұр. Мәскеу, 27 маусым 2008 жыл

Андрей Аршавин 2008 жылғы Еуропа чемпионатынан оралған кезде өздерін қарсы алған жанкүйерлерге қарап тұр. Мәскеу, 27 маусым 2008 жыл

Ресей құрамасының белді ойыншылары биылғы Еуро-турнирде төрт жыл бұрын жеткен жетістіктерінен асып түсуді жоспарлап отыр. Олар бұған біздің күш жігеріміз жеткілікті дейді. Ал команданың бас бапкері Дик Адвокат футбол жарысынан кейін орнынан кететінін мәлімдеді.


Андрей Аршавин UEFA.com веб-сайтына: «Ресей құрамасы 2008 жылғы Еуропа чемпионатында көп тәжірибе жинады. Және сол тәжірибелі ойыншылардың көбі биылғы Еуро-турнирге барады. Сондықтан осы додадан үлкен үміт күтемін» деп мәлімдеді.

"КӨРШІ ЕЛДЕ ЖЕҢУ"

Аршавин Австрия мен Швейцарияда өткен Еуропа чемпионатында алдыңғы ойында ескерту алуына байланысты топтық кезеңнің екі ойынына қатыспаған еді. Дегенмен кейін Швеция мен Голландия құрамаларымен арада болған кездесулерде ерекше көзге түскен.

«Біздің құрамада түсіністік бар. Барлық ойыншылар бір-бірін жақсы біледі. Татулықтың арқасында жеңіске жетуге болады» деді Аршавин.

Ал 34 жасар Ресей құрамасының ойыншысы Игорь Семшов: «Биыл біздің команда төрт жыл бұрынғы жетістікті еселеуге тырысады. Және оған шамамыз жетеді. Құрамада негіз бар. Гус Хиддинктің орнына келген Дик Адвокат та ойыншыларға сенеді» деді. UEFA.com веб-сайтына сұхбат берген Семшов «Еуропа біріншілігі Ресейге көрші екі елде өтеді. Бұл да біздің жеңісімізге септігін тигізіп қалар» деп те ырымдайды.

ЧЕМПИОНАТ АЛДЫНДАҒЫ ТОСЫН МӘЛІМДЕМЕ

Дегенмен, Ресей құрамасының бүгінгі бас бапкері Дик Адвокат биылғы Еуро-турнир аяқталған соң қызметтен кететінін мәлімдеді. Ол Ресей футбол федерациясымен келісім шартының уақытын созудан бас тартып отыр.

«Еуропа біріншілігінен кейін мен жұмыстан кетемін. Себебін қазір айта алмаймын. Мәселе ақша да емес. Басқа жоспарларым бар. Дегенмен бұл мәлімдемем биылғы чемпионат дайындығына еш әсер етпейді деп ойлаймын» деген 64 жасар голландиялық маман.
Ресей құрамасының жартылай қорғаушысы Игорь Семшов Испания-Ресей матчы кезінде. Вена, 26 маусым 2008 жыл

Ресей құрамасының жартылай қорғаушысы Игорь Семшов Испания-Ресей матчы кезінде. Вена, 26 маусым 2008 жыл


Ал Ресей футбол федерациясының президенті Сергей Фурсенко Адвокаттың шешіміне қатысты: «Диктің бұл - өз құқығы. Оның шешіміне түсіністікпен қараймыз. Дегенмен оның бұл сөзі біздің құраманың Еуро-турнирдегі ойынына кері әсер етпес» деді.

Бас бапкер Еуропа чемпионатына баратын Ресей құрамасының тізімін осы аптаның аяғында жария етпек.

Адвокат бұған дейін Голландия, Оңтүстік Корея құрамаларын, ПСВ (Нидерланд), «Рейнджерс» (Шотландия) және «Зенит» (Ресей) командаларын жаттықтырған. Ресей құрамасының бас бапкері болу үшін жергілікті футбол федерациясымен 2010 жылғы мамырдың 17-і «2+2» (алдымен екі жыл жұмыс жасап, кейін келісім шартты тағы да екі жылға созуға мүмкіндік беретін әдіс) жүйесі бойынша келісім-шарт жасасқан. Дик Адвокат алдына қойылған мақсатты орындап, Ресей құрамасын іріктеу кезінде еуро-турнирге алып шықты. Ресейліктер Еуропа біріншілігінің топтық кезеңінде Чехия, Польша, және Грекиямен ойнайды.
  • 16x9 Image

    Руслан МЕДЕЛБЕК

    1990 жылы 4 қаңтарда дүниеге келген.

    Қазақ ұлттық университеті журналистика факультетін "Халықаралық журналистика" мамандығы бойынша тәмамдаған.

    Халықаралық спорт журналистері қауымдастығы мен Халықаралық олимпиада комитетінің жас репортері.

    "Спорт", "Қазақ спорты" газеттерінде, "Алматы" телеарнасында журналист-репортер болған. 2012 жылдан бері "Азаттық" радиосының тілшісі. Сочи - 2014 қысқы және Рио - 2016 жазғы олимпиада ойындарынан тікелей хабар таратты.

    Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG