Accessibility links

"Испанияның іш пыстырарлық жеңісі"


Еуро-2012 турниріндегі Испания жанкүйерлері. Көрнекі сурет
Еуро-2012 турниріндегі Испания жанкүйерлері. Көрнекі сурет

Испания құрамасы Францияны 2:0 есебімен жеңді. Азаттық сарапшылары ойынның осылай боларын білгендерін айтты.

Испания мен Франция арасындағы кездесудің алғашқы таймында испаниялықтар допқа көбірек иелік етіп қана қоймай, шабуылды да жиі жасап отырды. Француздар бірінші таймда екі рет қана қақпаға қарай доп тепті. Хави Алонсо 19 минутта баспен гол соғып, кездесудегі есепті ашты.

Екінші таймда француздар шабуылға көбірек назар аударды, бірақ сонымен қатар екінші голды жіберіп алмауға тырысып бақты. Испания құрамасы екінші таймда да допқа көбірек иелік етуді жалғастырды.

Кездесу аяқталар сәтте испаниялықтардың кезекті шабуылын ережеге қайшы әрекетпен тоқтатқаны үшін француздар қақпасына пенальти белгіленді. Оны Хави Алонсо сәтті орындап, дубль авторы атанды.

Испания жартылай финалда Португалия құрамасымен кездесетін болды.

Осы ойынға дейін ресми кездесулер барысында Испания бірде-бір мәрте Франция құрамасын жеңбеген екен.

ЖАС КОМАНДАНЫ ТӘЖІРИБЕЛІ КОМАНДА ЖЕҢДІ

Бапкер Бауыржан Сәрсекенов бір айдың ішінде ойыншылар қатарынан төртінші ойын өткізіп отырғанын секе салды.

- Ойында тактикалық орналасу өте маңызды, әр ойыншы өзінің қай жерде ойнайтынын білу керек. Сол шеберлік - үлкен дәреже. Испания көп жүгірмейді, бірақ доптан айырылмайды. Ал оның қарсыластары допты тартып алуды қалап, көп жүгіреді, көп күреседі, тезірек шаршайды. Бүгінгі ойынның бәрі ортада болды. Алаңға талас болды. Кім жеңсе, сол дұрыс нәтижеге қол жеткізеді. Испания қысқа пастар беріп, допты ұзақ қадағалады. Франция бүгінгі ойында қай жағынан алса да жеңілді. Татикалық жағынан қарағанда Испания олардан әлдеқайда мықтырақ, - деді бапкер.
Францияға соғылған екі доптың авторы Хави Алонсо. Донецк, 23 маусым 2012 жыл
Францияға соғылған екі доптың авторы Хави Алонсо. Донецк, 23 маусым 2012 жыл

Ол Франция құрамасы жаңарғанына қарамастан көп жылдан бері бір құраммен келе жатқан, бір-бірін жақсы білетін Испания ойыншыларынан басым түсе алмады деп санайды.

- Испания тек нәтиже үшін ойнады. Испанияда жақсы ойыншылар көп, бірақ олар ұжымдық ойын көрсетеді. Сондықтан олардың арасында біреуін атап өту қиын. Дегенмен командада бір-бірін түсіну деңгейі өте жақсы, - деді ол.

Бауыржан Сәрсекенов чемпионат басталған кезде финалда Германия мен Португалия құрамасы кездеседі деген болжам жасаған екен.

АЛДЫН-АЛА БІЛІНГЕН НӘТИЖЕ

"Қаламгер-Медиа" орталығының директоры, жанкүйер Жанарбек Әшімжан бүгінгі кездесу алдын-ала болжанған сценарий бойынша дамыды деді.

- Испаниялықтар жаттығуда жүргендей қысқа пастармен алмасып, допты ұстау бойынша да, барлық жағынан да қарсыластарынан басым түсті. Әлем және Еуропа чемпиондары өздерінің басым екенін тағы да бір мәрте көрсетті. Осы ойында кемінде екі гол салынады деп ойлаған едім, сол дұрыс болды. Осы есеп букмекерлік кеңселердің болжамынан-ақ көрініп тұрды, - деді ол.

Жанкүйер де командалар ұжымдық ойын көрсетті деп санайды.

- Екінші таймда бапкерлердің жасаған ауыстырулары ойынға үлкен өзгеріс енгізе қойған жоқ. Олар тек ойыншыларды шаршатып алмауға септігін тигізді деуге болады, - деді ол.

Жанарбек Әшімжан келесі кездесуде Испания құрамасының Португалиядан басым түсуі ықтимал дейді. Ол испандықтардың мүмкіндігін 60-70 % - ға балады. «Ойынға тек Криштиану Роналду сияқты жекелеген ойыншылар өзгеріс енгізуі мүмкін» деді ол.

"ИСПАНИЯ ЖЕҢІСКЕ ЛАЙЫҚ"

Жанкүйер Бабыр Бәйменов «испандықтардың кезекті іш пыстырарлық жеңісіне куә болғанын» жеткізді.

- Бірақ «қызыл фурия» осы жеңісіне толық лайық. Жанкүйерлерге шабуылға толы футбол сыйлай алмағанымен осы чемпионатта Винсенте дель Боскенің шәкірттері ұстанған тактика жеміс беріп жатыр. Себебі олар топтық кезеңде де Италия, Хорватия сынды мықтыларды артқа тастады. Ширек финалдағы қарсыластары Франция өте тегеурінді қарсылас еді, бірақ осы чемпионатта үлкен үміт артылған Бланның шәкірттері чемпиондарға қарсы жігерлі ойын көрсете алмады, - деді ол.

Бабыр Бәйменов Испания қарсыластарына өз стилінде әрекет етуге мүмкіндік бермей, «барселоналық» мәнерде ойнады деді.

- Ойын жоғары деңгейде, тартысты өтті деуге келмес, өткір шабуыл болмады. Фабрегас жақсы өнер көрсете алмады, - деді ол.

Жанкүйердің сөзінше, француздардың бүгінгі ойынына соңғы кездесудегі Швеция құрамасынан жеңілуі әсер еткен. Ол испандықтарға келесі ойын оңай болмайды деп есептейді.

- Француздардың шабуылы ең өткірлері қос қапталмен жасаланғандары болды. Атап айтқанда Риберидің сол қапталда жасаған шабуылдары қауіпті болды. Ал келесі кезеңде Испанияның қарсыласы Португалия болады. Ал португалдықтардың барлық шабуылдары қос қапталмен бір-бірін тамаша түсінетін Нани мен Роналду арқылы өрбиді. Қақпашы Касильястың, қорғаушылар Пике, Рамос пен Арбелоа сияқты ойыншылардың осал жерлерін жақсы білетін Роналдудың Испания қорғанысын бұзып өтуі әбден мүмкін. Бірақ нақты болжап айту мүмкін емес сияқты, - деді ол.
XS
SM
MD
LG