Accessibility links

«Жеңуші» мен «жеңілуші» бүгін тағы жолығады


Франция футболшысы Адил Рами (оң жақта) мен украиналық Андрей Шевченко допқа таласып келеді. Донецк, 15 маусым 2012 жыл.

Франция футболшысы Адил Рами (оң жақта) мен украиналық Андрей Шевченко допқа таласып келеді. Донецк, 15 маусым 2012 жыл.

Бүгін, маусымның 23-і күні Еуропа чемпионатының жартылай финалына шығатын үшінші команда белгілі болады. Донецк қаласындағы «Донбасс Арена» стадионында Испания мен Франция құрамалары кездеседі.

Франция құрамасы ресми ірі жарыстарда Испаниядан жеңіліп көрмепті. 1984 жылғы Еуропа чемпионатының финалында француздар Испаниядан басым түскен – 2:0. 2000 жылғы Еуро-турнирдың ширек финалында Франция Испанияны тағы да жеңген – 2:1. Ал 2006 жылғы әлем чемпионатының 1/8 финалында Франция Испанияны жарыстан шығарған – 3:1.

«БІЗДІҢ МАҚСАТ – ФРАНЦИЯНЫ ЖЕҢУ»

Испания құрамасының бас бапкері Висенте Дель Боске «бұл дәстүрді бұзуымыз керек» дейді.

– Жұрттың көбі бізді фаворит санайды. Себебі біз төрт жыл бұрын Еуропа чемпионатын, екі жыл бұрын әлем чемпионатын ұттық. Бірақ біз ресми кездесулерде Францияны ұтып көрмеппіз. Дәстүр бұзыла ма, көрелік. Бұл жағдайға қарамастан кездесуге үлкен дайындықпен, сеніммен шығамыз, – дейді испан бапкері УЕФА сайтына берген сұхбатында.

Испания қақпашысы Икер Касильяс 23 маусым күні құрамадағы 135-кездесуін Испания қақпашысы Икер Касильяс (сол жақта) Италиямен ойында. Гданьск, 10 маусым 2012 жыл.

Испания қақпашысы Икер Касильяс (сол жақта) Италиямен ойында. Гданьск, 10 маусым 2012 жыл.

өткізеді. «Қызыл фурияның» 31 жастағы капитаны жақында УЕФА-ның ресми сайтына сұхбат берді.

– Жеке кездесулер мен тарихтағы нәтижелерге қараудың қажеті жоқ. Мұндай жайттар бір сәтте-ақ өзгеріп шыға келеді. Рас, Испания ресми кездесулерде Францияны ұтып көрмеген. Бірақ біз бұл жайтты ойламауымыз керек. Біз жартылай финалға шығу мәселесін ойластырамыз, – дейді Икер Касильяс.

Испания қақпашысы «Италиямен жақсы ойнасақ та, Хорватиямен нашар ойнасақ та ешкім еске алмайды. Жанкүйерлер біздің қай кезеңге дейін жеткенімізді еске алады. Біздің мақсат – Францияны жеңу» дейді.

«ИСПАНИЯМЕН ҚОРҒАНА ОЙНАҒАН ЖӨН»

Ал Франция құрамасының ойыншылары Йоан Кабай, Франк Рибери және Самир Насри аз-кем жарақаттарынан айығып, Испаниямен қарсы ойынға шығуға дайын.

Тәртібіне байланысты екі рет ескерту алып, ширек финал ойынына шығу құқынан айырылған Филипп Мексесті Лоран Косцельны алмастырады. Косцельны бүгін Франция құрамасының сапында алғаш рет алаңға шықпақ.

– Испания құрамасының өзіне тән ойыны бар. Олар соңғы жылдары әлем футболының көшбасшысына айналды. Испаниямен кездесуде қорғанысқа көңіл бөліп, байыппен ойнаған жөн. Алғашқы 20-30 минутта бар күшті салып, ойынға тастүйін дайын шыққанымызды көрсету керек. Сонда ғана жеңіске жетуге болады, – дейді француз жаттықтырушысы Лоран Блан.
  • 16x9 Image

    Руслан МЕДЕЛБЕК

    1990 жылы 4 қаңтарда дүниеге келген.

    Қазақ ұлттық университеті журналистика факультетін "Халықаралық журналистика" мамандығы бойынша тәмамдаған.

    Халықаралық спорт журналистері қауымдастығы мен Халықаралық олимпиада комитетінің жас репортері.

    "Спорт", "Қазақ спорты" газеттерінде, "Алматы" телеарнасында журналист-репортер болған. 2012 жылдан бері "Азаттық" радиосының тілшісі. Сочи - 2014 қысқы және Рио - 2016 жазғы олимпиада ойындарынан тікелей хабар таратты.

    Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуге болады.

XS
SM
MD
LG