Accessibility links

Турнирдің анық аутсайдері көрінген матч


Ирландиялық жанкүйерлер. Гданьск, 14 маусым 2012 жыл

Ирландиялық жанкүйерлер. Гданьск, 14 маусым 2012 жыл

Футболдан Еуропа чемпионатының Гданьскіде өткен С тобындағы екінші тур кездесуінде Испания құрамасы Ирландияны ірі есеппен ұтты. Азаттықтың сарапшылары бұл ойында «Қызыл фурия» чемпионға лайық ойын көрсетті дейді.

Испания мен Ирландия командасы соңғы рет осыдан он жыл бұрын кездесіпті. 2002 жылғы әлем чемпионатының 1/8 финалындағы ойында пенальтиден Испания жеңіске жеткен еді.

ҚАРЫМТАСЫЗ ТӨРТ ГОЛ

Есепті Испания құрамасы ашты. Ойынның 4 минутта Давид Сильва доппен айып алаңына кірген. Бірақ ол ирландиялық қорғаушылармен талас кезінде доптан айырылып қалды. Ал осы маңға бірінші жеткен Фернандо Торрес қорғаушыларды алдап өтіп, гол салды.

Ал 49-минутта Давид Сильва ұпай қосты. Алдымен Иньеста допты қақпаға тепкен. Бірақ Ирландия қақпашысы Гивен допты кері қайтарды. Давид Сильва өзін топырлай қоршауға алған үш қорғаушының арасынан саңылау тауып, қақпаға қайта тепті - гол!

70-минутта «Челси» футболшысы Фернандо Торрес ойындағы екінші голын енгізді.
Арада он минут өткен соң Торрестің орнына шыққан Сеск Фабрегас ойындағы төртінші голды соқты.
Италияға соғылған жалғыз гол авторы Фабрегас Ирландияға да бір гол салды. Гданьск, 10 маусым 2012 жыл

Италияға соғылған жалғыз гол авторы Фабрегас Ирландияға да бір гол салды. Гданьск, 10 маусым 2012 жыл


Фернандо Торрес биылғы чемпионаттағы алтыншы дубльдың авторы атанды. Осыған дейін Алан Дзагоев (Ресей), Марио Гомес (Германия), Никлас Бендтнер (Дания), Марио Манджукич (Хорватия), Андрей Шевченко бір ойында екі гол соққан еді.

Футбол жанкүйері Мейірбек Нүрекеев «Испания нағыз чемпион командаға лайық ойын көрсетті» дейді.

- Ирландия ойында ешқандай қауқар танытқан жоқ. Бұл команданың шабуылдауына ешқандай мүмкіндік болмады. Қорғанысқа көп көңіл бөлуге тырысқанымен, Испанияның тегеуірінді шабуылына төтеп бере алмады. Ирландия – биылғы біріншіліктегі аутсайдер. Бұл сөзіммен ешкім дауласа қоймас, - дейді ол.

Футбол фанаты Мейірбек Нүрекеев бүгінгі ойынға бір мың теңге тігіп, 44 мың теңге ұтып алған екен. Ол ойындағы қақпаға енетін голдардың санын және бұрыштама добының санын, бірінші таймның есебін дәл тапқан.

ТОПТАН КІМ ШЫҒАТЫНЫ ӘЛІ БЕЛГІСІЗ

Футбол шолушысы Ермұхамед Мәуленнің пайымдауынша, бұл ойында Испания Ирландияның адымынаштырған жоқ.

- «Қызыл фурия» (Испания құрамасының лақап аты - ред.) қорғаныста да, шабуылда да өте ширақ ойнады. Ал қақпашы Касилья бұл матчта «демалды». Торрес өзінің әлі де бабында екенін көрсетті. Испания дәл бүгінгідей ойын көрсетсе, ұзаққа барады. Командалық ойындары өте жақсы өрбіді, - дейді ол.

Ал спорт шолушысы Төлеубек Әділбекұлы «Ирландия футболшылары еліне қайтатын билет ала берсе болады» дейді.
Бүгін ойын тек Ирландия қақпашысы мен Испания ойыншыларының арасында ғана өрбіді.
- Бұл топтағы жағдай да шиеленіскен. Ирландиядан басқасының ширек финалға шығуға мүмкіндігі бар. Мәселен, Хорватия Испанияны ұтып кетсе, «шақпақтылар» жарысты жалғастырады. Ал Хорватия испандарды ұтқан жағдайда Италия Ирландияны ірі есеппен жеңуі керек. Демек бұл топтан қазір нағыз мықтыны атау қиын, - деп санайды ол.

Телережиссер, футбол фанаты Ғалымжан Сайлаубеков бүгінгі матчта Испания жаттығуда жүргендей ойнады деген пікір айтты.

- Испания еш қиналған жоқ. Көп күш те жұмсамады. Бүгін ойын тек Ирландия қақпашысы мен Испания ойыншыларының арасында ғана өрбіді. Ирландия түк бітіре алған жоқ. Шабуылдайын десе, қорғанысы ашық қалады. Қорғанысқа келсе, шабуылдауды ұмытады. Олар үшін 90 минутты аяқтаудың өзі ауыр тиді. Бұл команданың ойынын сынауға келмейді. Деңгейі осы, - дейді жанкүйер.

Бір қызығы, ирландиялықтар ойнаған екінші матч кезінде де жаңбыр тоқтамай жауды. Ирландияның әлемдегі ең көп жауын-шашын түсетін елдердің бірі екені белгілі.

Ғалымжан Сайлаубеков Испания енді Хорватиямен кездесуде өте сақ ойнауы керек дейді:

- Хорватия - өте жұмбақ команда. Кез келген құраманы жеңіп кетуге шамасы жеткілікті. Сондықтан Испания мен Хорватия арасындағы ойын финалдан кем түспейді.

Осы ойыннан кейін С тобында Испания құрамасы көш бастады.

P.S. Ирландия командасы 2014 жылғы әлем чемпионатының іріктеу турнирінде Қазақстан құрамасымен бір топта ойнайды.
  • 16x9 Image

    Руслан МЕДЕЛБЕК

    1990 жылы 4 қаңтарда дүниеге келген.

    Қазақ ұлттық университеті журналистика факультетін "Халықаралық журналистика" мамандығы бойынша тәмамдаған.

    Халықаралық спорт журналистері қауымдастығы мен Халықаралық олимпиада комитетінің жас репортері.

    "Спорт", "Қазақ спорты" газеттерінде, "Алматы" телеарнасында журналист-репортер болған. 2012 жылдан бері "Азаттық" радиосының тілшісі. Сочи - 2014 қысқы және Рио - 2016 жазғы олимпиада ойындарынан тікелей хабар таратты.

    Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG