Accessibility links

Шведтер абыроймен қайтты


Швеция жанкүйерлері. Киев, 9 маусым 2012 жыл

Швеция жанкүйерлері. Киев, 9 маусым 2012 жыл

Швеция құрамасы Францияны 2:0 есебімен ұтса да, чемпионаттың келесі турына өте алмады. Азаттық сарапшылары бұл кездесудің турнирлік маңызы болмағанын айтты.

Швеция мен Франция арасындағы кездесудің алғашқы таймында шведтердің қорғаныс тактикасы ерекше болды. Сол себептен де француздар Швецияның айып алаңына жиі жақындай алмады. Бірінші таймда екі құрама да қақпаға аса көп қауіп туғыза қоймаған бірнеше шабуыл жасап, үзіліске кетті.

Екінші таймның басы да сол қалыппен жалғасты. Бірақ Ибрагимович 58-минутта әдемі гол соғып, өз командасын алға шығарды. Француздар жауап беруге тырысты, бірақ олар шведтердің қорғауынан өте алмады. Бензема, М'Вил сынды ойыншылар бірнеше қауіпті сәттер тудырғанымен, қақпашы Исакссон әр соққының бетін қайтарып отырды.

Шведтер екінші голды ойынның негізгі уақыты біткен кезде соқты. Көзге түскен - Ларссон.

БЕС ГОЛ СОҒЫП, СОҢҒЫ ОРЫНДА ҚАЛУ

Осымен 2012 жылғы Еуропа біріншілігінің топтық кезеңі аяқталып, ширек финалға шыққан командалардың бәрі белгілі болды.

Футбол комментаторы Ермұхамед Мәулен шведтердің қайтсе де осы турнирдегі үш ұпай алып қалуға тырысқанын айтты.
Швеция құрамасының жанкүйерлері. Киев, 19 маусым 2012 жыл

Швеция құрамасының жанкүйерлері. Киев, 19 маусым 2012 жыл


- Швеция осыған дейінгі екі ойында да жеңіліп қалды. Оның екеуінде де қолда тұрған жеңістен айырылып қалды. Жалпы турнирде бес гол соғып тұрып келесі кезеңге өте алмай қалу деген - сирек кездесетін жағдай. Шведтер өздерінің мықты команда екенін көрсетті. Олардың Еуропа біріншілігінде біраз жерге дейін баруына шамалары жетеді. Бірақ оларға ойын кестесі және сәтсіздік факторы кері әсер етті, - деді ол.

Шолушы Швеция құрамасы бүгінгі ойында қорғауда ерекше әрекет етті деп санайды.

- Француздар бір орында тұрып, ары бері жүгіргенімен, ол қимылдарынан ештеңе шықпады. Егер оларға бұдан кейінгі ойындарда одан да мықты қорғаныс кездессе, қалай әрекет ететіндерін білмеймін. Француздардың бүгінгі ойында жеңіске жете алмауының бір теріс жағы – ширек финалда Испаниямен ойнайды. Егер топта бірінші орын алғанда олар Италиямен ойнайтын еді. Ал Испания Италия емес. Ол қорғанысы да, шабуылы да мықты команда, сондықтан француздарға қиын болайын деп тұр, - деді Ермұхамед Мәулен.

Оның сөзінше, бүгінгі ойында француз құрамасы тарапынан қақпашының ойынын атап өтуге болады. «Сол болмағанда, есеп тіпті жаман болар еді» деді ол.

- Бұл жеңілістің бәрін ұмытып, бапкер келесі ойынға дайындалады. Меніңше француздардың испандықтардан басым түсуі әбден мүмкін. Себебі Рибери, Бензема сияқты ойыншылары бар, - деді ол.

"ФРАНЦИЯ БӘРІБІР ИСПАНИЯДАН ЖЕҢІЛЕДІ"

Бапкер Бауыржан Сәрсекенов француздар ширек финалда испандықтармен кездесетіндеріне риза емес деп есептейді.

- Бүгін Францияның шведтерден неге ұтылып қалғаны белгісіз. Мүмкін, олар іштей келесі ойынға дайындалып жатқан болар. Сондықтан аса үлкен күш жұмсамауға тырысқан шығар. Әр командада да мықты, шебер ойыншылар бар, - деді ол.

Бапкер Еуропа біріншілігінің топтық кезеңі барысында таң қаларлық жайттар болмағанын, белгілі командалардың келесі кезеңге өткенін айтты.

- Жалпы, осы біріншілікте келесі кезеңге ойнайтын командалардың барлығы шықты. Германия, Португалия, Италия, Испания, Франция – Еуропадағы ең мықты командалар. Шеберлік пен ең мықты ойыншылар да сонда. Ол елдерде футболға көзқарас ерекше, халықтың футболға деген қызығушылығы жоғары, - деді бапкер.

"Қаламгер-Медиа" орталығының директоры, жанкүйер Жанарбек Әшімжан «бұл ойынның нәтижесі еш маңызға ие болмағандықтан, екі команда да алаңға шыққан кезде барлық жағдайға дайын болды» деді.

- Осы біріншіліктегі ең мықты командалардың бірі Швецияның жолы болмады. Олар Голландия сияқты бір де бір ұпай алмай кетуді қаламады. Сондықтан Ибрагимович бастаған команда кемінде тең ойнауды көздеді. Шведтер алаңға соңғы мәрте шығып тұрғандай әсер қалдырды, олар барын салып ойнады. Осы жеңіс - соның нәтижесі, - деді ол.

Жанкүйер екі команданың тактикасы бір-біріне сай келмегенін айтты. Оның сөзінше, егер екеуі де шабуылдаушы тактика ұстанғанда ойын қызық болар еді.

- Шведтер жанкүйерлерінің алдында масқара болмауды қалады. Сарапшылардың ешқайсысы да ойын осындай нәтижемен аяқталады деп ойламады. Мен де осы кездесу тең болатын шығар деп санағанмын, - деді ол.

Оның сөзінше, келесі кезеңде Испания Францияны қалай болғанда да жеңеді.

- Қосымша уақытқа және пенальтиге жеткізбей-ақ, негізгі ойын уақытында испандықтар ойын нәтижесін өз пайдаларына шешеді деп ойлаймын, - дейді Жанарбек Әшімжан.
XS
SM
MD
LG