Accessibility links

Еуро чемпионаты бірінші рет бұрынғы совет елінде өтті


Киевтегі жанкүйерлер фотосының коллажы. 1 шілде 2012 жыл

Киевтегі жанкүйерлер фотосының коллажы. 1 шілде 2012 жыл

Украинаға барған шетелдік жанкүйерлер "биылғы чемпионат жоғары деңгейде өтті" деген ойда. Кейбір фанаттар "Украинада қонақ үй бағасы тым қымбат, ал транспорт тапшы болды" дейді.

Еуропа чемпионаты басталардан үш апта бұрын әлем жұртшылығы Украинаның бұл турнирді өз деңгейінде өткізе алатындығына күмән келтірген еді. Кейбір батыстық басылымдар Украинаны расизмнің, саяси қуғын-сүргіннің орталығы, инфрақұрылымы нашар ел ретінде бағалады. Ұлыбританиялық бірқатар баспасөзі жанкүйерлерін Еуропа чемпионатына бармауға шақырды.

Алайда Украинаға келген туристердің пікірі мүлдем бөлек. Олар "елде ешқандай қауіп-қатер жоқ, бәрі тыныш" дейді.

«УКРАИНА ХАЛҚЫ ҚОНАҚЖАЙ»

Польшалық Марчин Петрджак – Киевтегі Англия мен Швеция арасындағы ойынды тамашалауға келген шетелдіктердің бірі. Бұл - Марчиннің Украинаға алғашқы сапары. Ол өзінің жеке көлігін Польша туымен көмкеріп алған. Кейін шекарадан өтіп, еліне қайтар тұста қолындағы туларды Украина байрақтарымен алмастырыпты.

28 жастағы фанат - Краков қаласында саудагер. Жанкүйер Украинаға сапарының өте сәтті аяқталғанын және ерекше әсерлі болғанын айтады.
Киевке келген шетелдік жанкүйерлер. 1 шілде 2012 жыл

Киевке келген шетелдік жанкүйерлер. 1 шілде 2012 жыл


- Біз Киев көшелерінде өзімізді еркін сезіндік. Қала тұрғындары бізге көліктерінен қол бұлғап, сәлем жолдап жатты. Расымен украиналықтар - мейірімді. Мұндай қонақжайлықты мен Еуропаның басқа елдерінен көрмедім. Украина – ерекше ел, - деді поляк жанкүйері.

Испаниядан біріншілікке арнайы келген журналист Сид Лоуды да Донецк халқының қонақжайлығы таң қалдырған.

- Елде ешқандай қиындық жоқ. Жанкүйерлер үшін әр матч - қызық. Ойындарда стадион көрерменге толы. Испания мен Франция арасындағы матчқа келген украиналықтар екі командаға да қолдау көрсетті. Донецкіде Испания құрамасының формасын киіп жүрген украиналықтар көп, - деді испаниялық тілші.

«ҚОНАҚ ҮЙ - ҚЫМБАТ, КӨЛІК – НАШАР»

Украинадағы чемпионаттың өз кемшіліктері де болды. Мәселен, қонақ үй бағасы қымбат, транспорттық тасымалдау нашар болған. Жанкүйерлер Киев, Львов, Донецк, Харьков қалаларына дұрыс қатынай алмаған.

Ұлыбританияның Independent газетінің тілшісі Шон Уолкер Украинада үш апта болған кезінде инфрақұрылым жағынан мәселелер бар екенін аңғарған.
Чемпионат кезінде Киев көшесін күзетіп тұрған жасақ. 24 маусым 2012 жыл

Чемпионат кезінде Киев көшесін күзетіп тұрған жасақ. 24 маусым 2012 жыл


- Стадиондардың қолайлылығы мен жарысты өткізу жағынан Украина керемет жұмыс жасапты. Көп адамдар бұл елде өздерінің уақыттарын тамаша өткізді. Алайда кемшіліктер де бар. Мәселен, ақпарат алу және логистика (керек мекенді іздеп табу) бойынша тағы да жетілдіре түссе болар еді. Онда үш-төрт есе көп адам келер еді, - деді тілші.

Еуропа чемпионаты кезіндегі қонақ үй бағасы да қымбатқа түскен. Шенеуніктер қонақ үй қожайындарына бағаны түсіру туралы өтініш білдіргенімен, арзандату мүмкін болмаған. Кейбір қонақ үйлердің бағасы бір күнге мың долларға дейін жеткен.

ЖАНКҮЙЕРЛЕРДІ "ҚҰДАЙЫ ҚОНАҚ" ЕТКЕН ЕРІКТІЛЕР ҰЙЫМЫ

Алайда украиналықтардың біразы туристерді үйлерінің бір бөлмесіне тегін түнеткен. Үйлерін тегін беретін еріктілер арнайы ұйым да құрған. Ұйым жетекшісі Дмитрий Васильевтің айтуынша, бұл жоба шетелдік туристердің қорқынышын сейілткен.

- Украинаға келген жұрттың көбі елдегі жағдайдың мүлде бөлек екеніне көзі жеткізді. Үйлерін тегін жалға берген еріктілер мыңға жуық адамға көмектесті. Еріктілердің қатарында Днепропетровск пен Одессаның тұрғындары да бар. Бұл жоба сәтті шықты, - деді ұйым жетекшісі.
Украиналық футбол жанкүйерлері. Львов, 11 маусым 2012 жыл

Украиналық футбол жанкүйерлері. Львов, 11 маусым 2012 жыл


Ал Еуропа чемпионатының Украинадағы ұйымдастыру комитетінің жетекшісі Маркиян Любковский халықтың қонақжайлығына таңданысын білдіріп, алғысын айтты. Тіпті еріктілердің бұл ісін «чемпионаттың басты жаңалығына» теңеді.

Еуропа Одағы елдерінің бірқатар шенеуніктері чемпионат алдында Юлия Тимошенконы жазалауға қарсы шығып, жарысқа бойкот жариялаған еді. Бірақ чемпионат кезінде Украинаға келмейміз деген шенеуніктердің көбі шешімдерінен бас тартты. Тіпті бойкот жариялауды бастаған Германия канцлері «егер Германия құрамасы финалға шықса, Киевке барамын» деген еді.

Ал Тимошенконың жақтастары "Украина үшін Еуропа чемпионаты ешқандай абыройлы болған жоқ деген" ойда қалды.

- Чемпионат Украинаның Еуропаға жақындауы үшін таптырмас мүмкіндік болған. Алайда Украина бұл мүмкіндікті пайдалана алмады, - деді Тимошенконы қолдау ұйымының орынбасары Григорий Немурия.

«Тимошенко ісі» Еуро-турнир бітсе де, ЕО мен Украинаның арасын біразға дейін суытып тұратын күрделі мәселе күйінше қала беретін сияқты. Саясаткердің аппеляциялық шағымы маусымның 27-сі күні қаралмай, чемпионаттан кейінгі уақытқа қалдырылған еді.
  • 16x9 Image

    Руслан МЕДЕЛБЕК

    1990 жылы 4 қаңтарда дүниеге келген.

    Қазақ ұлттық университеті журналистика факультетін "Халықаралық журналистика" мамандығы бойынша тәмамдаған.

    Халықаралық спорт журналистері қауымдастығы мен Халықаралық олимпиада комитетінің жас репортері.

    "Спорт", "Қазақ спорты" газеттерінде, "Алматы" телеарнасында журналист-репортер болған. 2012 жылдан бері "Азаттық" радиосының тілшісі. Сочи - 2014 қысқы және Рио - 2016 жазғы олимпиада ойындарынан тікелей хабар таратты.

    Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуге болады.

XS
SM
MD
LG