Accessibility links

Нөсерден соңғы жеңіс


Андрей Шевченко Франция қақпасына бірнеше мәрте қатер төндіргенімен одан арыға бара алмады. Донецк, 15 маусым 2012 жыл

Андрей Шевченко Франция қақпасына бірнеше мәрте қатер төндіргенімен одан арыға бара алмады. Донецк, 15 маусым 2012 жыл

Донецк қаласындағы «Донбасс Аренада» өткен ойында Франция құрамасы Украина командасын 2:0 есебімен ұтып кетті. «Азаттықтың» сарапшылары «Франция бұл матчта еш қиындықсыз жеңіске жетті» дейді.

Донецкте қатты жаңбыр жауып, матчтың бесінші минутында ойын тоқтатылды. Төреші Бьорн Кайперс ойыншылардың қауіпсіздігін ойлап осындай қадамға барған. Араға жарты сағаттай уақыт салып, футболшылар алаңға қайта оралды.

Бірінші таймда гол соғылған жоқ. Ал 53 минутта Франция ойыншысы Жереми Менез есеп ашты. Үш минут өткен соң Йоан Кабайе есепті еселеді.

"ПЯТОВ БОЛМАҒАНДА ФРАНЦИЯ БЕС ГОЛ САЛАР ЕДІ"

«Азаттықтың» сарапшылары ойын біте сала өз ойларын ортаға салды.
Футбол шолушысы Ермұхамед Мәулен Францияны биылғы турнирдің басты фавориттерінің біріне балады.

- Франция құрамасы бүгін нағыз чемпионға тән ойын өрнегін көрсетті. Жанкүйерлердің көбі Испания мен Германияны бас жүлдеден басты үміткерлердің бірі деп санаса, сол қатарға бүгінгі ойыннан кейін Францияны да қосып қоюға болады. Француздардың қорғанысы мен шабуылы үйлесім тауып, қиналмай жеңіске жетті. Бапкер Лоран Бланның да ойын тактикасы толық жүзеге асты. Франция топтан міндетті түрде шығады, - деді шолушы.
Украина жанкүйерлері. Донецк, 15 маусым 2012 жыл

Украина жанкүйерлері. Донецк, 15 маусым 2012 жыл


Ермұхамед Мәуленнің айтуынша, бұл ойында Украина өз жанкүйерлерінің сенімін ақтамады.

- Швецияны ұтқан Украина құрамасын бұл ойында көре алмадық. Бір жағынан Франция ойыншылары украиналықтардың ойнауына мүмкіндік бермеді. Алаңда Украина футболшылары қанша тырысқанымен шамалары шетпеді.

Футбол шолушысы қос команданың қақпашыларының ойынына да баға берді.

- Франция қақпашысы Уго Льорис - Петр Чех, Икер Касильяс сияқты беделге ие емес. Бірақ ойыны өте әдемі, әрі тұрақты. Әйгілі Бартездің нағыз ізбасары атана білді. Ал Украина қақпашысы Андрей Пятов екі гол өткізіп алса да, бұл ойында жақсы ойнады. Пятов болмағанда Франция бес гол салар еді.

«УКРАИНАНЫҢ ОЙЫНЫ ЖҮРМЕДІ»

Спорт комментаторы Рауан Оқас «Украина ойыншылары бірінші таймда жақсы ойнағанымен, екінші таймға күштері жетпей қалды» дейді.

- Украинаның ойыны жүрмеді. Блохиннің бұл ойынға құрған тактикасы да жүзеге аспады. Футболшылардың күші ойынды аяқтауға жетпей қалды.Франция ойыншылары доп бермеді. Шевченконың өзі дұрыс шабуыл ұйымдастыра алған жоқ. Қорғаушылары Франция шабуылшыларын тұсап ұстай алмады. Украина Швецияны ұтқаннан кейін жанкүйердің көбі Франциямен матчта дәл осындай ерлік күткен. Бірақ Украина өз фанаттарының үмітін ақтай алмады. Енді бұл команданың топтан шығуы екіталай, - деді ол.

Ал футбол төрешісі Еркін Шәкірұлы арбитр Бьорн Кейперстің (Голландия) бұл ойындағы жұмысына жоғары баға берді.
Қатты нөсер жауып кетіп Украина-Франция матчы алғашқы бес минуттан соң тоқтатылды. Донецк, 15 маусым 2012 жыл

Қатты нөсер жауып кетіп Украина-Франция матчы алғашқы бес минуттан соң тоқтатылды. Донецк, 15 маусым 2012 жыл


- Ауа райын ескерген төреші ойынды уақытында тоқтатты. Егер ойын жалғаса бергенде ойыншылар жарақаттанып қалар еді. Ал матч кезінде де ескертулерді орынды жасады, - деді төреші.

Еркін Шәкірұлы «Украина ширек финалға шыға алмайды» деп сеніммен айтып отыр.

- Франция Англиямен өткен матчта басым ойнаған. Бірақ тең аяқтағаны белгілі. Ал бұл жолы да өте тамаша ойынымен көзге түсті. Лоран Бланның командасы топтан қиналмай шығады. Тіпті финалға дейін жетуі ғажап емес.

Кездесуден кейін Фарнция бапкері Лоран Блан TF1 арнасына сұхбат берді.

- Бұл ойында көп гол салуға мүмкіндік болды. Дегенмен, екі гол енгізіп жеңіске жеттік. Украина бізге тегеуірінді қарсылық көрсете алған жоқ. Бүгін командалық ойынның арқасында ұттық. Ал Жереми Менездің ойынын ерекше атап өткім келеді. Бұл футболшы өте талантты, - деді жаттықтырушы.

Ал Олег Блохин матчтан кейінгі баспасөз мәслихаты кезінде: «Жоспар орындалмады. Бірақ құраманың ойыны көңілімнен шықты. Жанкүйерлердің көбі бізді ширек финалға «ерте шығарып» қойды.Футболшылар да «топтан шығамыз» деп жөнді ойнаған жоқ. Енді командада үлкен жиын өтеді. Әр футболшының бүгінгі ойынын жеке-жеке сараптаймыз. Ал Франция осы жарыстағы мықты командалардың бірі екенін дәлелдеді» деді.
  • 16x9 Image

    Руслан МЕДЕЛБЕК

    1990 жылы 4 қаңтарда дүниеге келген.

    Қазақ ұлттық университеті журналистика факультетін "Халықаралық журналистика" мамандығы бойынша тәмамдаған.

    Халықаралық спорт журналистері қауымдастығы мен Халықаралық олимпиада комитетінің жас репортері.

    "Спорт", "Қазақ спорты" газеттерінде, "Алматы" телеарнасында журналист-репортер болған. 2012 жылдан бері "Азаттық" радиосының тілшісі. Сочи - 2014 қысқы және Рио - 2016 жазғы олимпиада ойындарынан тікелей хабар таратты.

    Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуге болады.

XS
SM
MD
LG