Accessibility links

Еуро-турнир тарихында ең тез гол соққандар


Ағылшын футболшысы Майкл Оуэн Еуро тарихында ең жылдам гол соққан футболшылардың біріне айналды

Ағылшын футболшысы Майкл Оуэн Еуро тарихында ең жылдам гол соққан футболшылардың біріне айналды

Әрбір ірі жарыста кездесуді сәтті бастап, жылдам гол соғу жігер беріп, тіпті жеңіске жетуге себеп болып жатады. Назарларыңызға Еуропа чемпионаттарының тарихында алаңға шыға салып ең жылдам гол соққан футболшылар жайлы мәліметтер ұсынамыз.


1 минут 7 секунд - Дмитрий Кириченко (Ресей - Грекия 2:1, 20.06.2004)

Кириченко Еуро-2004 додасында қосалқы құрамда отырып, Ресей құрамасының екі рет жеңіліске ұшыраған сәтін сырттан тамашалаған еді. Топтық кезеңдегі соңғы ойында Ресей бапкері Георгий Ярцев ЦСКА шабуылшысы Кириченконы алаңға шығаруды жөн көрді. Ойынға тыңнан қосылған Кириченко ойынға шыққанына 67 секунд толғанда Антонис Никополидис қорғаған қақпаға гол салып үлгерді. Артынша Дмитрий Булыкин нәтижені еселеді. Ал бірінші тайм соңында грек Зисис Вризас есепті қысқартты. Гректер жеңілсе ұшыраса да, бұл нәтиже олардың жарысты жалғастыруына кедергі болған жоқ.

2 минут 7 секунд - Сергей Алейников (Англия - СССР 1:3, 18.06.1988)

СССР құрамасына жартылай финалға шығу үшін қалайда жеңіске жету керек еді. Советтік құрамаға «жылдам гол» соғуға Гленн Ходдлдың қателігі себеп болды. Ол алаң ортасында доптан айырылып қалды. Ал бұл қателікті ұтымды пайдаланған Алейников Крис Вудстың қақпасына доп соғып үлгерді. Матчтың 16 минутында Ходдл өз қателігін түзеп есепті теңестірген. Бірақ Алексей Михайличенко пен Виктор Пасульконың голдары британдықтарды ұпайсыз қалдырды.



2 минут 14 секунд - Алан Ширер (Германия - Англия 1:1 (пен. 5:6), 26.06.1996)

Бұл футбол триллері ерекше басталды. Алдымен неміс Андреас Кепке ағылшын Пол Инстың алыстан тепкен добын әрең қайтарды. Осыдан кейін Пол Гаскойн бұрыштамадан доп тастады. Оған бірінші жеткен Тони Адамс Алан Ширерге пас берді. Ширер оңтайлы келген допты қақпаға баспен кіргізіп, өзінің Еуро-1996 турниріндегі бесінші голын соқты. Алайда матч ортасында Штефан Кунц есепті теңестіріп кетті. Ойын соңына дейін есеп өзгермеді. Ал кездесуден кейінгі пенальтиде немістер жеңіске жетті.

2 минут 25 секунд - Майкл Оуэн (Португалия - Англия 2:2 (пен. 6:5), 24.06.2004)

Алан Ширердің «жылдам голы» соғылғаннан кейін араға 8 жыл салып, Майкл Оуэн сол оқиғаны қайталады. Ширек финалдық кездесуде ағылшындар шабуылдарының бірінде португалдардың қақпасын дәл көздеген еді. Допты қағып алған Коштинья пас бергенде қателік жіберді. Оның добына Жорж Андраде жете алмай қалды. Қос португал ойыншысының қателігін ұтымды пайдаланған Майкл Оуэн допты қақпа торына дәл түсірді. 1:0 есебі ойынның 80 минутына дейін сақталып тұрды. Ал осы уақытта Элдер Поштига есепті теңестіріп, матч қосымша уақытқа ұласты. Экстра таймда қос құрама бір-бір голдан соғып, пенальтиге кезек келді. «Футбол лотереясында» Португалияның жолы болды.

2 минут 27 секунд - Христо Стоичков (Болгария - Румыния 1:0, 13.06.1996)

Румыния – Еуро-1996 жарысының топтық кезеңінен шығу мүмкіндігінен айырылған алғашқы командаға айналды. Бұған Стоичковтың жылдам голы «кінәлі». «Сент-Джеймс Парк» стадионына жиылған жанкүйер орындарына отырып үлгірмеген еді. Алаңдағы әріптестерінен пас алған Стоичков Миодраг Белодедичиді алдап өтіп, қақпашымен жеке дара шықты. Ұрымтал сәтті бос жібермеген болгар шабуылшысының сол аяқпен тепкен добы Богдана Стели қорғаған қақпадан саңылау тапты.

6 минут (секунды анық емес) - Хесус Переда (Испания - СССР 2:1, 21.06.1964)

Мадридтегі әйгілі «Сантьяго Бернабеу» стадионында ойнаған «Барселона» футболшыларының ішінде «Реал» жанкүйерлері шеберлігін еріксіз мойындап, тәнті болған ойыншылар кемде-кем. Олардың ешқайсысы Хесус Передаға жете қоймас. 1964 жылғы Еуропа чемпионатының финалында ойынның алтыншы минутына таман Испания құрамасы жылдам гол соғып үлгерді. Луис Суарес тепкен допқа Эдуард Мудрик жете алмады. Ал осы маңнан табылған Переда есеп ашып үлгерді. Ойын ортасында совет-татар футболшысы Галимзян Хусаинов есепті теңестіргенімен, артынша испандықтар жеңіс голын соқты. Бұл жолы да ұтымды пас шығарған Суарес, ал голдың авторы – Марселино еді.




(Материалды UEFA.com сайтындағы мәлімет негізінде әзірлеген - Руслан Меделбек)

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG