Accessibility links

Ресейді «Еуразиядағы демократияға қарсы күш» деп атайды


Полицейлер Украинаны жақтап акцияға шыққан адамды ұстап жатыр. Мәскеу, 1 мамыр 2014 жыл.

Полицейлер Украинаны жақтап акцияға шыққан адамды ұстап жатыр. Мәскеу, 1 мамыр 2014 жыл.

Freedom House ұйымы есебінде «әсіресе 2014 жылы Ресей демократияны мүлде әлсіретуге жол берді, Мәскеудің әрекеті көрші елдердің ішкі саяси процестеріне жағымсыз әсер етті» деп жазылған.

Штаб-пәтері АҚШ-та орналасқан Freedom House құқық қорғау ұйымының бүгін жариялаған есебінде Ресей президенті Владимир Путиннің Қырымды аннексиялауы және Киевке қарсы азаматтық соғыс жүргізіп жатқан шығыс Украинадағы сепаратистерді қолдау әрекеті Ресей мен көрші елдердегі демократиялық процестерді басып-жаншуға ұласты деп көрсетілген. Ұйымның аралық есебі материалдары 29 мемлекеттегі жағдайды – бұрынғы Совет Одағы, Балтық және Орталық Европа елдерін қамтыған.

РЕСЕЙДЕГІ ДЕМОКРАТИЯЛЫҚ ПРОЦЕСТЕРДІ БАСЫП-ЖАНШУ

Есеп авторы Сильвана Хабданк-Колачковска Азаттыққа берген комментарийінде «агрессиясы жаңа формаға енген Ресейдің қиратушы ықпалы» былтыр тіпті ұлғайғанын айтады. Freedom House ұйымының мәлімдеуінше, Мәскеудің демократия мен еркіндікті басып-жаншу зардаптары Ресейдің өзінде де, шетелде де байқалған.

– Ресей Украинадағы жаңа демократиялық үкіметтің іргесін шайқалтуға тырысты. Өз еліндегі өзгеше ой-көзқарасты қудалаумен белсенді айналысқан Кремльдің әрекеті салдарынан онлайн БАҚ, оппозициялық қайраткерлер, азаматтық қоғам өкілдері қолдан қылмыстық істерді қолдан жасау сияқты шектеулерге тап болды, – дейді Сильвана Хабданк-Колачковска.

Сильвана Хабданк-Колачковска.

Сильвана Хабданк-Колачковска.

Хабданк-Колачковсканың пікірінше, Батыс елдерінің экономикалық эмбарго қыспағына түскен Путиннің жан ұшыруы мен Украинадағы әрекеттерін ақтауға тырысуы «билік бақылайтын ресейлік мемлекеттік ақпарат құралдарындағы үгіт-насихаттың жаңа түрінің тууына» ұласты. Freedom House ұйымы сарапшыларының мәлімдеуінше, бұл БАҚ-тар орыстілді халық көп тұратын елдерде жалған ақпарат таратады.

Құқық қорғау ұйымы сарапшылары көрші елдермен шекара түбінде жиі өткізіп жатқан әскери жаттығуларын үгіт-насихат құралдарымен қатар пайдаланған Ресей Еуразияның өзге елдеріндегі орысша сөйлейтін адамдарды «өте-мөте қауіпсіз емес» жағдайда сезінуге мәжбүрлейді деп санайды. Сильвана Хабданк-Колачковсканың пікірінше, бұл көрші елдердегі демократиялық талпыныстарды баяулатады.

Есеп авторларының пікірінше, Украина дағдарысына Ресейдің киліккеніне қарамастан, демократия рейтингінде Киевтің позициясы жақсарған. Бұл – президент Виктор Януковичтің жемқорлық жайлаған режимін құлатудың және жақсы ұйымдастырылған әрі бәсекелестік болған екі сайлаудың нәтижесі.

ҚАЗАҚСТАН. «ШОҒЫРЛАНҒАН АВТОРИТАРЛЫ РЕЖИМ»

Freedom House құқық қорғау ұйымы Қазақстанда орныққан саяси жүйені «шоғырландырылған авторитарлық режим» ретінде сипаттайды.

Есепке сәйкес, Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев елді билеген жиырма жылдан аса уақыт ішінде президент пен оның отбасы мүшелері және жоғары биліктегі адамдардың мүддесін қорғауды көздейтін шектен тыс орталықтандырылған саяси жүйе құрған. Құқық қорғаушылардың пікірінше, Назарбаев авторитаризмді күшейтуге бейіл, билік саяси процесті, баспасөзді және азаматтық қоғамды бақылауда ұстап отыр.

Билік Назарбаевтың жеке басына табынуды жалғастырып, оны Қазақстандағы тұрақтылық кепілі ретінде әспеттеуін қояр емес.

Freedom House ұйымы есебінде жазуынша, совет заманынан бері билікте келе жатқан әрі қудалаудан қорғайтын иммунитеті бар Назарбаев қажеттігін өзі талай айтқан «икемді» саяси жүйе орнату үшін ештеңе жасамаған. Билік Назарбаевтың жеке басына табынуды жалғастырып, оны Қазақстандағы тұрақтылық кепілі ретінде әспеттеуін қояр емес. Есепте билік кез келген оппозициялық процестің беделін түсіріп, қоғамнан оқшаулап отырғандықтан, президенттен өзге саяси институттардың әлі әлсіз екені де айтылады.

ӘЗЕРБАЙЖАН ЖӘНЕ БАЛТЫҚ ЕЛДЕРІ

Freedom House ұйымы есебінде 2014 жылы Әзербайжан билігі режимді коррупция сияқты билікті асыра пайдаланған әрекеттері үшін сынаған белсенділер мен журналистерді басып-жаншуын жалғастырды деп көрсеткен.

Құқық қорғаушылар Еуропа елдері басшылары мен Еуропа кеңесі атқару органы басшылығы 2015 жылы Еуропа ойындарын өткізуді сеніп тапсырып, Әзербайжанға құрмет көрсеткен тұста режимнің қарсыластарының көбі қолдан жасалған айыптаулар бойынша түрмеге қамалғанына назар аударады.

Сильвана Хабданк-Колачковсканың мәлімдеуінше, сол себепті Әзербайжанның бағасы нашарлап, қазір «Әзербайжандағы жағдай Ресей, Тәжікстан немесе Беларусьтен де нашар» дейді.

Freedom House ұйымы Балтық елдерінде журналистердің құқығына қатысты қиын жағдай қалыптасқан деп бағалайды. Тиісті сот реформаларының жүргізілмеуі салдарынан жеті елдің төртеуінде көрсеткіштер төмендеген.

Азаттық тілшісі Рон Синовицтің мақаласын орыс тілінен аударған – Айжан Оралғазина.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG