Accessibility links

Каспаров Ресейден кеткенімен, саясаттан кетпейді


Гарри Каспаров Ресей оппозициясының үйлестіру кеңесінің жиынында отыр. Мәскеу, 24 қараша 2012 жыл.
Гарри Каспаров Ресей оппозициясының үйлестіру кеңесінің жиынында отыр. Мәскеу, 24 қараша 2012 жыл.

Әйгілі шахматшы әрі саясаткер Гарри Каспаров "саяси қуғын күшейіп тұрған Ресейге әзірше оралмайтынын" айтады. Бірақ оппозициялық белсенді Владимир Путинді сынауды азайтпаған.

Азаттық тілшісі Валентин Барышников телефон арқылы Нью-Йорктегі шахматшымен сөйлесті.

Гарри Каспаровтың сұхбатына қарағанда, ол әзірге шетелде жүре тұрады. Бірақ Ресей саясатынан тыс қалу ниеті жоқ. Шахматшыдан оппозициялық тұлғаға айналған Каспаров Ресей президенті Владимир Путинді Гитлерге теңейді.

- Ресей соттары дайын үкімге қол қойып отыра береді. Полиция адамдарды сабайды, қуғындайды, қамап тастайды. Бұл - қалыпты жайт. Губернаторлар ойына келгенін істейді, - дейді ол.

Өткен аптада «саяси қуғынға байланысты Ресейге оралмаймын» деп мәлімдеген атақты шахматшы Азаттықтың Орыс қызметіне сұхбат берді. Ол «2012 жылы адам құқықтарын таптаған Ресей шенеуніктеріне қарсы АҚШ-та жарияланған «Магнитский тізімі» сияқты санкцияның Еуропа елдерінде де қабылдануына ықпал етуге тырысамын» дейді.

Мәскеу полициясы наразылық акциясына шыққан қоғамдық белсендіні тұтқындап жатыр.
Мәскеу полициясы наразылық акциясына шыққан қоғамдық белсендіні тұтқындап жатыр.
АҚШ-та қабылданған «Магнитский заңы» 2009 жылы түрмеде қаза тапқан ресейлік заңгер Сергей Магнитскийдің атымен аталады. Ол Ресей шенеуніктерінің жемқорлық әрекеттерін әшкере етуге тырысқан еді.

Каспаровтың ойынша, мұндай санкция Ресейдің саяси элитасына қатты әсер етеді.

- Адам құқықтарын таптағаны үшін Ресейдегі ірі шенеуніктерді Еуропа елдеріне кіргізбеу немесе заңсыз иеленген ресурстарын Еуропада пайдалану мүмкіндіктерінен айыру санкциясы жарияланса, бұл Ресей бюрократиясы мен Путинге ауыр соққы болар еді, - дейді Каспаров.

Ол Кремльдің мұндай санкцияларды болдырмау үшін бар күшін жұмсап отырғанын да айтты.

- Путин бұл санкцияның қауіпті екенін жақсы түсінеді. Сондықтан қазір Ресей дипломатиясы мен шетелдегі Ресей мүддесін қорғаушылар «Магнитский заңына» қарсы тұру үшін бар күштерін салып жатыр, - дейді ол.

The New Times басылымына осы аптада берген сұхбатында Каспаров «Ресейден кеткенге дейін-ақ тергеу комитетінің басшылары анамды екі рет шақырып, «Ұлың қайда жүр?» деп тергеді» деген.
Магнитский тізімі» сияқты санкцияның Еуропа елдерінде де қабылдануына ықпал етуге тырысамын.
Гарри Каспаров

Каспаровтың өзі және Ресей оппозициясының үйлестіру кеңесінің басқа да мүшелері «АҚШ-тағы «Магнитский заңына» қолдау көрсеткеніміз және тергеу комитетінің басшысы Александр Бастрыкинді сол тізімге қосуды ұсынғанымыз үшін қудаландық» деп санайды.

Сәуір айында 50-ге толған Каспаров санкция қабылдауға Еуропа елдерін көндірудің оңай болмайтынын және Мәскеу тарапынан оған тегеурінді қарсылық жасалатынын жақсы біледі.

«Кремльдің АҚШ-тағы санкцияға орай Вашингтонға әртүрлі амалдармен жанталаса қарсылық көрсетуі - өздерінің «Магнитский заңдарын» қабылдауға ниеттеніп отырған Еуропа елдерін алдын ала «қорқыту» дейді ол. Ресей үкіметі «Магнитский заңына» қарсылық ретінде АҚШ азаматтарының Ресейден бала асырап алуына заң жүзінде тыйым салды.

Атақты шахматшы істің осымен бітпейтінін біледі. Болашақтан үміті мол.

- Меніңше, келесі жылы Еуропа елдерінің біреуі немесе бірнешеуі «Магнитский заңын» қабылдауы ғажап емес. Оған себептер де жеткілікті, - дейді Каспаров.

Валентин Барышниковтың сұхбатын ағылшын тілінен аударған - Сағынай Кәрім.
XS
SM
MD
LG