Accessibility links

Саакашвилидің билігіне қауіп төндіруші адам


"Грузия арманы" блогының жетекшісі Бидзина Иванишвили. Тбилиси, 12 қыркүйек 2012 жыл
"Грузия арманы" блогының жетекшісі Бидзина Иванишвили. Тбилиси, 12 қыркүйек 2012 жыл

Грузиядағы парламент сайлауы жақындаған сайын Саакашвили мен Иванишвилидің арасында жүріп жатқан демократ пен миллионердің тартысы көпшіліктің назарына жиі іліне бастады.

Moscow Times («Москоу таймз») басылымы қыркүйектің 17-і күні Грузиядағы парламент сайлауы жайында мақала басты. Президенттік мерзімі аяқталып келе жатқан Михаил Саакашвили билікті келесі жылы парламент пен премьер-министрге өткізіп беру үшін конституцияға өзгерту енгізуді жоспарлап жатыр.

Басылым Михаил Саакашвилидің қазіргі көңіл-күйін былайша сипаттаған. Грузия президенті таңертең оянып, резиденциясының терезесінен тысқа қарағанда дәл өзінікі сияқты шыны мен болаттан салынған және бір зәулім сарайды көзі шалады. Оның айырмашылығы – президенттің резиденциясымен салыстырғанда бірнеше миллион долларға қымбат, әрі биігірек төбеге жайғасқан жеке меншік үй. Бұл зәулім сарайда оның бәсекелесі Бидзина Иванишвили тұрады.

Қазанның 1-і күні сайлау учаскесіндегі соңғы жәшіктер саналып, сайлау нәтижесі әбден анық болғанда осы екі бәсекелестің біреуі жеңіске жетпекші. Басылымның сипаттауынша, көпшілік жұрт кім жеңсе де, халық ұтыла ма деп қобалжып отыр.
Бидзина Иванишвилидің Тбилисидегі резиденциясы
Бидзина Иванишвилидің Тбилисидегі резиденциясы

Иванишвили қазіргі президентпен бір жыл бұрын саяси сайысқа шығып, болашақ жоспарын жайып салған соң елдің іші оны жақтайтындар мен оған қарсылар боп екіге бөлінген. Автордың пайымдауынша, Саакашвили Иванишвилиді «Ресейге бүйрегі бұрады, АҚШ-қа қарсы бұл керітартпа Грузияны бұрынғы жемқор қоғамға сүйреуші» деп айыптап, ес жиғызбай жатқанымен екеуінің идеологиялық көзқарастарында анау айтқандай айырмашылық жоқ.

Олардың екеуі де НАТО мен Еуропа Одағына қосылуды дұрыс көреді. Екеуі де Грузия жерінің біртұтас болғанына мүдделі. Екеуі де елдегі жұмыссыздық проблемасы үкіметтің ел ішінде шешуге тиісті бірінші міндеті деп біледі. Екеуі де бір-бірін пайдасыз саясаткер деп санайды.

«ЕРДІҢ ЕРДЕН ҚАУПІ БАР»

Мақала авторы осы соңғы мәселе өте маңызды деп санайды. Себебі олар бірін бірі жек көрмейді. Олар бір-бірінен қауіптенеді. Саакашвили Иванишвилидің қаржылық қуаты саяси процесті жемқорлыққа бұрып жіберуі мүмкін деп қауіптенеді. Қарсыласы елдегі саны аз қауқарсыз демократиялық институттар Саакашвилидің саяси қитұрқы әдістері мен "авторитаризміне" қарсы тұра алмауы мүмкін деп дабыл қағады.

Басылымның жазуынша, Иванишвили қазіргі президенттен жақсырақ қызмет ететініне көп ешкімді сендіре алмады. Оппозицияның ала-құла лидерлерін маңайына топырлатып жинап алғаны да оның позициясын күшейткен жоқ. Оның қасына қазір әсіре-ұлтшылдардан бастап бұрынғы атышулы футболистерге дейін топтасқан. Мақала авторының пікірінше, оларды бір мүддеге тоқайластырып тұрған себеп – Иванишвилидің ақшасынан бөлек Саакашвилиге деген жеккөрініш.
Бидзина Иванишвили (сол жақта) мен Каха Каладзе сайлау кампаниясы кезінде
Бидзина Иванишвили (сол жақта) мен Каха Каладзе сайлау кампаниясы кезінде

Иванишвили көпшілікке «айқын басымдықпен жеңем» деп уәде берді. Ол сенімді өкілдерін сайлау нәтижелерін анықтау үшін сайлау бекеттеріне жөнелтіп жатыр. Бұқара халық «егер ол осы сайлауда жеңілетін болса, екеуінің арасында тегеурінді теке-тірес басталады» деп қауіптенеді. Соңғы күндері билік өкілдері Иванишвилиді аяқтан шалып, әр нәрсені сылтауратып, айыппұл салып, оның үгіт-насихат жұмысына барынша кедергі келтіріп бағып жатыр. Мақала авторы грузиялықтардың тағы да жаппай қарсылық шеруіне ықыласты екеніне күмәнмен қарайды. Тіпті солай бола қалған күннің өзінде «Саакашвили режимін күзетуші полиция алдыңғы жолғыдай тағы да қалың топты сойылдың астына ала ма жоқ па?» деген сұраққа жауап беруге қиналады.

ТЕКЕ-ТІРЕС

Грузия қоғамы 1991 жылдан бері бұлайша қақ жарылмаған еді. Қара халық ел сондай жағдайды тағы да бастан кеше ме деп қауіптенеді.

Дәл осы мәселеге орай «Соғыс және бейбітшілік» институты осы апта арнайы есеп жариялады. Институт мамандары Михаил Саакашвили бірінші рет шынымен мықты қарсыласқа тап келді деп бағалаған.
Михаил Саакашвили, Грузия президенті. Тбилиси, 6 қыркүйек 2012 жыл
Михаил Саакашвили, Грузия президенті. Тбилиси, 6 қыркүйек 2012 жыл

Саакашвили билікке келген сегіз жылдың ішінде билік тетіктерінің бәрін Біріккен ұлттық қозғалыс мүшелері жаулап алды. Миллиардер Бидзина Иванишвилидің бір жыл бұрын жасаған оппозициялық мәлімдемесі елдегі саяси ахуалды күрт өзгертіп жіберді. Оның жоқ жерден шыға келген «Грузия арманы» коалициясы Саакашвилидің биліктегі жақтастарын кәдімгідей састырды.

Енді екі аптадан соң парламент сайлауы өтеді. Сайлауға елдегі 14 партия кандидаттарын ұсынып отырғанымен қазанның 1-і күні өтетін сайлау Біріккен ұлттық қозғалыс пен «Грузия арманы» блогының жекпе-жегі сияқты көрінеді. Бұл сайлаудың ел тағдыры үшін маңызы өте зор болмақ. Себебі сайлаудан соң конституцияға түзету енгізілмекші. Жаңа заң бойынша мемлекет билігі президенттен алынып, парламент пен премьер-министрдің қолына өтеді. Бұл өзгеріс алдағы жылға жоспарланған. Заң бойынша Саакашвили енді президенттік сайлауға түсе алмайды. Сол себепті парламентте мүшелері басым көпшілік боп отырған партия премьер-министрді тағайындауды жоспарлап отыр. Бұл жоспар іске асатын болса, премьер-министр келесі жылы Грузиядағы ең пәрменді тұлғаға айналады.
XS
SM
MD
LG