Accessibility links

Целиноградтық неміс қызының жаңа отаны


Тамара Рейсиг Еуропа парламентінде. Страсбург, 2012 жыл.
Тамара Рейсиг Еуропа парламентінде. Страсбург, 2012 жыл.

Қазақстанда туып, Германияда өскен Тамара Рейсиг Еуропарламент кеңсесінде жұмыс істейді. Ол Азаттыққа берген сұхбатында Целиноградтағы балалық шағы мен Еуропадағы жаңа өмірі туралы әңгімеледі.

30 жастағы Тамара Рейсиг – Еуропа парламентіне Германиядан сайланған депутат Арне Литцтің көмекшісі әрі саясат жөніндегі кеңесшісі. Бұрынғы Целиноград (қазіргі Астана) қаласында дүниеге келген Тамараның анасы – орыс, әкесі – Волга бойының немісі. 1992 жылы Германияға көшкен Тамараның отбасы әуелі қоныс аударушыларға арналған лагерьде, кейін бүкіл дәлізде жалғыз ғана әжетханасы бар жатақхананың 20 шаршы метрлік бір бөлмесінде тұрып, шағын қаладағы пәтерге біраз жылдан кейін ғана көшкен.

Германияда жаңа ортаға тез бейімделіп, қоғамнан орнын тапқан Тамара кезінде азаматтық белсенді де болған. Сәті түсіп, Тамараның жолы болған тәрізді. Бірақ Қазақстаннан қоныс аударған неміс балаларының арасында жаңа қоғамға тез бейімделе алмағандары да бар.

Азаттық: – Германияға не себепті көштіңіздер?

Тамара Рейсиг: – Балалық шағымыз Совет Одағында өтті, жұрт қатарлы тұрдық, саябағымыз болды. Ол кезде маған Целиноград қаласы алып шаһар сияқты көрінетін. 1975 жылы әкем аға-інілерімен бірлесіп Слободкадан үй салды. Мен сол үйде дүниеге келіппін, кейін Революция көшесіндегі пәтерге көштік. Балабақшада, тың игерушілер сарайында жиі ән айтатынбыз. Балалық шағым алаңсыз, бақытты болды.

Тамара Рейсиг (ортада) ата-анасымен бірге. Қазақстан, 1988 жыл.
Тамара Рейсиг (ортада) ата-анасымен бірге. Қазақстан, 1988 жыл.

Екінші сыныпта оқып жүргенде әке-шешем «көшеміз» деп, Германия сыртқы істер министрлігіне қоныс аударуға өтініш берді. Әке-шешемнің айтқанын түсінбесем де, туыстарымен қоштасу үшін екеуінің Целиноградтан 300 шақырым жердегі Жақсы ауылына кеткені есімде. Бүкіл мүлкімізді саттық, көшеміз деп бәрінің көңілі алып-ұшып жүр. Әке-шешемнің жылап жүргенін көріп мен де жыладым. Жылау керек шығар деп жылағаным болмаса, әке-шешем жанымда болғандықтан уайымдамадым.

1992 жылдың қазанында Германияға көштік. Әуелі екі апта елдің солтүстігіндегі лагерьде тұрдық. Анам, мен және екі жасар сіңілім үшеуміз ұшақпен жеттік, әкем бүкіл заттарымыз тиелген көлікпен кейін келді. Ол жолда біраз бөгеліп, бізден кешігіп келді. Өтінішті әкемнің атынан бергендіктен, ол келгенше лагерьде ұзақ тұрып қлдық.

1941 жылдан кейін Қазақстанға немесе Сібірге жер аударылған немістер сияқты бізге де Vertriebene – «қуылғандар» мәртебесін берді. Өзгелерге қарағанда, әке-шешемнің дипломын жарамды деп танып, құжаттарымызды тез толтырып, бізді қабылдады. Үш жылдан кейін азаматтық алдық. Әуелі жатақханада тұрдық, пәтерді біраз күттік. Өйткені 1990 жылдары Германияда да өзгерістер болып жатқан еді.

Тамара Рейсигтің отбасы Германияға қоныс аударар алдында Слободкадағы үйлерінің алдында тұр. Қазақстан, 1992 жыл.
Тамара Рейсигтің отбасы Германияға қоныс аударар алдында Слободкадағы үйлерінің алдында тұр. Қазақстан, 1992 жыл.

Қазақстанда «Гипроземде» инженер болып істеген әкем – кезінде бүкіл Қазақстанды аралаған адам, ал анам 25-дәріханада фармацевт болған. Германияда екеуінің де дипломын жарамды деп танығанымен, анам жұмыс істеуге жүрексінді. Германияның салық жүйесінің бір ерекшелігі, үйде бір адамның жұмыс істегені тиімді екен. Әкем жұмыс іздеп екі жыл жүрді, жұртпен қатар қара жұмыс та істеді.

Алғашында тұрмысымыз нашар болып, кедей тұрдық, жұмыссыздық үшін берілетін жәрдемақыға күн көрдік. Шешем қарт әжелердің үйін жуып жүрді. Анам немісше нашар сөйлейтін, тіпті жөнді түсінбей қиналатын әрі сіңлім екі жаста еді. Қазір анам мектепте еден жуады, әкем Магдебург қаласынан «Гипрозем» сияқты мемлекеттік кәсіпорыннан техниктің жұмысын тапты. Жерге қоныстандырушы маман болып істейді. Бұрынғы инженер деген жұмысына қарағанда дәрежесі сәл төмен болғанымен, мамандығы бойынша жұмысқа орналасты. 1994 жылдан бері сонда жұмыс істеп жүр, зейнетке шығуына төрт жылы бар.

Азаттық: – Ол кезде көбінесе орыс тілінде сөйлестін адамдармен араласқан шығарсыздар? Жаңа орынға көшкен иммигранттар әдетте бір-бірімен жақын араласуға тырысады ғой.

Тамара Рейсиг: – Біз көшіп барған шағын қалада немістер көп тұратын, бірақ бәрі бұрынғы таныстарымен көбірек араласуға тырысатын. Әке-шешем «аралас-құраласымыз үзілмесін» деп алғашқы жылдары әр демалыс сайын қонақ шақыратын. Әсіресе екеуіне қиын болды. Ал біз сияқты балалар жаңа ортаға тез үйреніп, неміс болып кеттік. Мен үш айда тіл үйреніп алдым. Шонингенге көшкен кезде бірден үшінші сыныпқа оқуға бардым. Көбін түсінбейтінмін, бірақ балалары көп үлкен үйде тұрғанымыздың пайдасы тиді. Көрші балалар мені күнде ойнауға шақыратын. Әуелі олардан үркектеп жүрдім де, кейін балалармен ойнап жүріп сіңісіп кеттім. Ашық-жарқын балалар екен, бір-бірімізді жатырқамай, тез тіл табыстық.

Тамара Рейсигтің (оң жақта) жиында сөйлеп отырған сәті. Прага, 2013 жыл.
Тамара Рейсигтің (оң жақта) жиында сөйлеп отырған сәті. Прага, 2013 жыл.

Бесінші сыныпта неміс тілінде еркін сөйлейтін болдым. Бір күні сыныпта бір-бірімізге туған жерімізді көрсеттік. Балалардың көбі Германияны, кейбірі Польшаны көрсетіп жатты, ал менің кезегім келгенде глобусты айналдырып, арғы бетін көрсеткенде бәрі таң қалды.

Азаттық: – Университетте қалай оқыдыңыз? Диплом алған соң жұмысқа қалай орналастыңыз?

Тамара Рейсиг: – Орыс тілін ұмытып қалмас үшін мектеп бітіргеннен кейін «социология және славян филологиясы» мамандығы бойынша Геттинген университетіне оқуға түстім. Оқып жүріп Erasmus деген студент алмасу бағдарламасы бойынша Прагада болдым. Ол жақта әуелі неміс елшілігінде практикадан өттім, кейін Германия социал-демократтарының Фридрих Эберт атындағы қорында жұмыс істей бастадым. Осылай біртіндеп азаматтық белсендіге айналдым десем де болады.

Идеяларымды жобалар арқылы жүзеге асырдым, мектептегі оқу сияқты кейбір жобалардың үлгісін Германиядан алдық. Идеологияға мән бермей, сыни тұрғыдан ойлауды үйреттік. Мысалы, Чехияның кейбір қаласында тұратын балалар «Сығандарды қуу керек» дейтін. Біз «Қуып жіберсек, олар басқа қалаға бармай ма?» деген сұрақ қойып, оларды ойлануға үйреттік. Ақыры балалар сығандарды ортаға қалай бейімдеуге болады деп ойлана бастады. Маған жастармен жұмыс істеген ұнайтын.

Тамара Рейсиг Германияның Цербест қаласында Ресей патшасы Екатеринаға қойылған ескерткіш жанында.
Тамара Рейсиг Германияның Цербест қаласында Ресей патшасы Екатеринаға қойылған ескерткіш жанында.

Әйелдерге де көмектестік , саясатпен айналысқысы келгенімен, қорғаншақтайтын әйелдерді қолдауға арналған жобалар ұйымдастырдық. Мысалы, шешендік өнерге баулитын, жұрт алдында сөз сөйлеуді үйрететін тренингтер ұйымдастырдық. Ақыры саясатпен айналысқысы келетін әйелдерге көмектесетін «Қызылсары клуб» деген үкіметтік емес ұйым құруды ұйғардық.

Азаттық: – Қазақстандағы жас азаматтық белсенділерге ұсыныс, кеңес ретінде не айтар едіңіз?

Тамара Рейсиг: – Саясатпен белсенді айналысып жүрген әйелдерге, сол сияқты Қазақстандағы әйелдерге үлгі болғымыз келеді. Әйелдер бірігуі тиіс, өйткені жалғыз-жарым адамға қиын тисе, көппен бірге жеңілірек болады. Ең бастысы бұл іске әйелдердің мақсатын қолдайтын, әйел-еркекке бірдей пайдасы тиетін мақсат үшін күресетін ер адамдарды да жұмылдыру керек. Бұл жағынан Қазақстанда қиындау екенін білемін.

Бірақ бұл істі «әділ жалақы төлеу» немесе «ер адамдар ғана емес, әйелдердің де қызметін өсіру» сияқты тақырыптардан бастауға болады. Әйелдер бәсекеден қорықпай бір-бірін қолдауы, алға ұмтылуы тиіс. Әйелдің позициясы өрлеген сайын, мұндай қызмет атқаратын әйелдер де көбейе түседі.

Азаттық: – Сұхбатыңызға рақмет.

XS
SM
MD
LG