Accessibility links

Аяғы ауыр әйелді сот залында пышақтап өлтірген адамға қатысты сот - ислам әлемінің назарында


Айыпталушы Алекс У. сот процесінде айыпкер орындығында. Дрезден, 27 қазан, 2009 жыл.

Айыпталушы Алекс У. сот процесінде айыпкер орындығында. Дрезден, 27 қазан, 2009 жыл.

Оқиғаның өзі орын алған Дрезденде басталған сотта айыпкер орындығында тегі неміс ресейлік иммигрант отыр. Бұл жайт Германиядағы, жалпы Еуропа елдеріндегі исламофобия көріністері тұрғысында қызу пікірталасқа, наразылыққа арқау болған еді.

Бұл оқиға жалпы Мұсылман және Батыс әлемін де бейжай қалдырмаған болатын. Соңы қайғылы жағдайға душар еткен бұл жайт 2008 жылы Германияның Дрезден қаласында мысырлық әйелдің бір ер адамнан балалар ойнайтын алаңдағы әткеншектен үш жасар ұлына орын беруді сұраған сәтте басталған еді.

Александр Уйнс есімді әлгі адам әйелдің өтінішіне оның үстіне киген жабық, исламдық үлгідегі киімі мен шыққан тегіне меңзеп, "терроршы", "албасты" деген тұрғыда жәбірлеп жауап берген.

Әш-Ширбини сол жерде полиция шақыртады да, ауыр сөздермен зәбір көрсеткені үшін Уйнс 480 доллар көлемінде айыппұл төлеуге тиіс болады.

ӘЙЕЛДІҢ ӨТІНІШІ ӨЛІМІНЕ СЕБЕП БОЛДЫ

Биылғы шілде айында осы іс бойынша өткізілген сот тыңдауларына келгенде Мәруа әш-Ширбинидің аяғы ауыр еді. Оқиғаның қалай болғанын сипаттап жазған сот есебіне сәйкес, сот бөлмесінен шығуға бет алған жүкті әйелге қарай бірақ секірген Уйнс қолындағы пышақты оған 18 рет сұғып үлгерген.

Әйеліне қарай көмекке ұмтылып, оны қорғамақшы болған күйеуі Еули Әли Оказ да пышақтан бірнеше жерден жарақат алады.
Осы арпалыс барысында дереу жеткен полиция болса шабуылдап жатқан германиялық жауапкер емес, тегі мысырлық азамат болар деген оймен әйелін қорғамақшы болып алысып жүрген Оказды аяғынан атады.


Осылайша ар-намысын қорғамақшы болған жанның сол сот үстінде жауапқа тартылып жатқан адамның қолынан құрбан болуы бірқатар ислам елдерінде наразылық акциясын туғызды, кейбір мерзімді басылымдар мен саясаткерлер Германияда ксенофобия мен мұсылманға қарсы көңіл-күй қайта бас көтеріп келеді деп айыптаған болатын.

26 қазан, дүйсенбі күні сол қылмыстық оқиға орын алған әлгі сот залында Мәруе әш-Ширбинді пышақтап өлтірген Александр Уйнске қарсы сот процесі басталды. Құрбан болған екіқабат әйелдің күйеуі Оказ бұл сот залына қос балдаққа сүйеніп келді.

"САЯСАТКЕРЛЕР ИСЛАМОФОБИЯ КӨРІНІСТЕРІН КӨРМЕГЕНДЕЙ БОЛАДЫ..."

Германия мұсылмандары Орталық кеңесінің басшысы Аюб Аксел Коилер Рейтер агенттігіне берген сұхбатында бұл сот процесі басталмай тұрып-ақ ол әлем мұсылмандарының назарын аударған болатын деп атап көрсетті.

"Бұл қылмыстық іс бойынша сот ісі әлем мұсылмандарының жіті қадағалауында болатындығы байқалған. Осы өлімге қатысты кейбір ислам елдерінде наразылық шаралары да өтті. Сонымен репутатциямызды қорғау бізге, германиялықтарға қатысты,- дейді Коилер.
Түркиядағы наразылық шерулер барысында әйелдер құрбан болған Мәруа Ширбинидің суреті мен символикалық табытын Стамбулдағы Германия консулдығы алдына көтеріп келді.17 шілде, 2009 жыл.


Бұл арада Коилер Мысыр мен Иранда бірқатар наразылық шерулерінің өткенін және Теһранның осы іске БҰҰ-ың араласуын сұраған талабын айтып отыр.

Ол сондай-ақ Еуропа бойынша саны жағынан Франциядағы ең үлкен мұсылман қауымдастығынан кейін, екінші орын алатын Германияның мұсылмандар қауымдастығы арасында да түрлі толқулар тууы мүмкін дейді.

"Біз бұл сот процесіне үлкен алаңдаушылықпен қарап отырмыз, өйткені біздің әйелдеріміз бен қыздарымыз қорқыныш құшағында. Олар да қоғам алдында кемсітіушілікті сезінгендей".

Коилер Германияның беделіне нұқсан келтірілді, саясаткерлер болса исламофобияға көз жұма қарайды, ал оның салдарлары әлеуметтік өмірден көрініс табуда деп атап көрсетеді.

МЫСЫР ЕЛШІСІ ӘЛЕМ НАЗАРЫН АУДАРҒАН СОТТЫҢ ӘДІЛ БОЛАРЫНА СЕНЕДІ


Мемлекеттік айыптаушы Христиан Авенариус соттың бағыты айқын болуы үшін қылмыстың астарында айыпталушының шетелдіктерге қарсы шексіз (фанаттық) жеккөрушілігі жатқанын айтады.

Германия канцлері Ангела Меркелдің азшылық ұлттар бойынша комиссары Мария Боимер сот басталған күні тараптардың барлығын да жалпы төзімділік пен тыныштыққа шақырып, осы бір сорақы әрекеттің араб әлемімен қатар Германия мен Египетте де қорқыныш пен алаңдаушылық туғызып отырғанын айтты. Ол германиялықтар бейбіт жағдайда қатар өмір сүру үшін расизмге қарсы күнде күрес жүргізуі қажет деді.

Хабарларға қарағанда, сот процесі өтіп жатқан ғимаратта қауіпсіздік шаралары қатты күшейтілген, 200-дей полиция сот үйінің күзет-қоршауында тұр. Айыпкер орындығындағы Александр Уинстің екі аяғы мен қолдары кісендеулі, ол оқ өткізбейтін әйнектің аржағына отырғызылған.

Мысыр елінің Берлиндегі елшісі Рамзи Еззелдин соттың басталуына келіп қатысып, журналистерге өзінің Германия сотының әділдігіне сенетіндігін айтқан.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG