Accessibility links

Halalagoogling атты вебсайттың авторлары интернеттен ақпарат іздегенде мұсылмандар үшін харам саналатын барлық мәліметтің сүзгіден өтпей қалатынын айтады.

Рамазан айының басында ашылған Halalgoogling сайты - мұсылмандар үшін интернеттен ақпарат қарайтын жаңа іздеу құрылғысы. Сайттың фильтрлері шариғат бойынша "харам" деп сипатталған контентті сүзіп алып тастап отырады.

Halalagoogling-ді насихаттаушы вебсайттың жазуынша, іздеу жүйесі "порнография, жалаңаш дене, гей, лесби, бисексуал, құмар ойнау және кез-келген шариғатқа қайшы харам контентті" фильтрден өткізбейді.

Мұндай сөз тіркестерін іздеген адамға сол сөздердің сөздікте жазылған мән-мағынасы ғана көрсетіледі.

11 тілде ақпарат табуға болатын іздеу жүйесінде сурет қарау функциясы жоқ.

Интернет қарап отырған мұсылман әйел. Көрнекі сурет

Интернет қарап отырған мұсылман әйел. Көрнекі сурет

Шілденің 7-сі күні браузер ең алғаш таныстырылған кезде таратылған пресс-релизді жариялаған пәкістандық The Express Tribune газеті Halalgoogling-тің ақпаратты Google мен Bing жүйелерінен алатынын хабарлады.

Жоба авторларының кім екені белгісіз күйде қалды. Баспасөз хабарламасында дүниенің әр түкпірінен жиналған мамандар тобы бұл идеяны бірнеше жыл бойы жетілдіргені туралы айтылады. Halalgoogling Азаттық радиосының сұхбат алу туралы өтінішіне әлі жауап қатпады.

Веб-контентті үздіксіз түрде тазартып отырудың қиын екенін мойындаған сайт администраторлары қолданушыларынан Исламға қайшы ақпарат тауып жатқан болса, дереу хабарлауларын өтінеді. Олар болашақта шығып қалуы мүмкін қандай да бір қателіктер үшін кешірім өтінеді.
Балаларды интернеттегі порнографиядан қорғау туралы мақаланы оқыңыз

Іздеу жүйесінен бөлек Halalgoogling сайтынан жалпыға пайдалы ағартушы ақпарат пен Ислам туралы форумдар таба аласыз. Онлайн жүйеде қай тақырыпты іздеуді білмесеңіз, "кездейсоқ мазмұн" түймесін басу арқылы сайттың ұсынысын көруге болады. Осылайша көптеген пайдалы сілтемелерге шығып, грамматикалық қағиданы еске түсіруге, шаштың түсуін қалай тоқтату туралы кеңес алуға немесе әйгілі мұсылмандардың тізімін көруге болады.

Интернет қарап отырған балалар. Көрнекі сурет

Интернет қарап отырған балалар. Көрнекі сурет

Halalgoogling - "жалаңаш мазмұнды" интернетті сүзгіден өткізетін алғашқы жоба емес. Бұған дейін Google компаниясы да сексуалдық сипатты фото мен видео материалдарды іздеу нәтижесіне іліндірмей тастайтын SafeSearch атты функциясын іске қосқан.

Google жасаған тағы бір Islamic Search жүйесі бар. Оның ерекшелігі - ақпаратты көбіне мұсылмандық сайттардан іздейді де, порнографиялық сайттарды жуытпайды.

Сол себепті "шошқа етін жеу" деген тіркес бойынша Halalgoogling мен Islamic Search бір бөлек, Google бір бөлек ақпарат іздеп тауып көрсетеді. Әуелгілері шошқа етіне неге тыйым салынғаны туралы ақпарат көрсетсе, соңғысы мүлдем басқа егжей-тегжейлі мәлімет береді.

Halalgoogling сайтынан сексуалдық сипаты бар ақпарат іздеген адам я сол сөздің сөздіктегі мағынасын көреді, я "Ешқандай нәтиже табылмады немесе сіз харам нәрсе іздедіңіз" деген жазуға кез болады.

Материалды әзірлеген - Диана Кьюка.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG