Accessibility links

«Тәж вирусы» дәрігерлерді алаңдатып отыр


Медициналық бетперде таққан әйелдер. Көрнекі сурет.

Медициналық бетперде таққан әйелдер. Көрнекі сурет.

Парсы шығанағынан тарап, әлемнің бірнеше елінде 18 адамның өмірін қиған жаңа вирус кезінде ғаламдық індетке айналған А-типті вирустан да қауіпті дейді мамандар.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау мамандарын «Тәж вирусы» деп аталған жаңа вирус алаңдатып отыр. Дәрігерлер осы вирусты жұқтырғандардың жартысына жуығы өмірмен қоштасқанын ескертіп, адамдарға одан қорғану қажеттігін ескертеді.

ЖҰҚПАЛЫ ВИРУС

Осыдан 10 жыл бұрын Азия елдерін шарлап, 775 адамның ажалына себепші болған А-типті вирустың бір түрі өткен жылдың күзінде Араб түбегінде пайда болды. Женевада орналасқан Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мамандары оны тұмау вирусы мен ЖРВИ (жедел респираторлы вирустық инфекция) тобына жатқызады.

– Бірақ олардан сәл өзгеше. А-типті пневмония сияқты жиі таралып, тұмау сияқты жалпыны бірдей қамтымағанымен, дәл қазір бұл вирус екеуінен де қауіпті болып тұр, - дейді халықаралық ұйымның індет жөніндегі сарапшысы Грегори Хартл.

Салыстырмалы түрде алғанда тәж вирусынан жапа шеккендер көп емес – Катар, Сауд Арабиясы, Иордания, Пәкістан, Ұлыбритания, Германия және Францияны қоса алғанда 34 оқиға тіркелген. Бірақ тұмау нышаны бар пневмонияның ауыр түрі сияқты байқалатын вирус сырқаттардың бүйрегі мен басқа іш құрылысын зақымдаған. А-типті вирусты жұқтырғандардың 10 пайызының өмірі қиылған еді, ал тәж вирусымен ауырғандардың жартысына жуығы, яғни 18 адам бақилық болған.

"Тәж вирусының" электрондық микроскоптан қарағандағы көрінісі. Ұлыбритания денсаулық сақтау агенттігі таратқан сурет.

"Тәж вирусының" электрондық микроскоптан қарағандағы көрінісі. Ұлыбритания денсаулық сақтау агенттігі таратқан сурет.

Бұл вирустың қайдан пайда болғаны туралы нақты дерек жоқ. Жарғанат, ешкі немесе түйе сияқты хайуандардан тарады деген жорамал ғана бар. Бірақ денсаулық сақтау мамандары «тәж вирусы» да А-типті вирус тәрізді адамнан адамға жұғуы мүмкін екенін айтады. Яғни бұл – індеттің тез тарауына ықпал етуі ықтимал. Франция ауруханасындағы ер адамның Дубайдан келген, «тәж вирусымен» сырқаттанған адаммен бір бөлмеде тұрған соң вирусты жұқтырғаны анықталғаннан кейін бұл күдік күшейе түсті. Дәрігерлер ауа-тамшы жолымен таралатын вирус науқастың қасына жолағандардың бәріне қауіп төндіреді деп ескертеді.

«ЕЛЕУЛІ МӘСЕЛЕ»

Бірақ Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының маманы жаңа вирустың бірден топ адамға жұқпайтынын айтады.

– Науқастың күтушісіне немесе оның қасында ұзақ уақыт болған адамға жұғу қаупі жоғары. Алайда, мысалы, егер көшеде келе жатқанда індетті жұқтырған біреу қарсы алдыңыздан өтсе, сіз де сырқаттанасыз деген сөз емес. Вирус тұтас қауымға бірден жұқпайды дегенде осыны айтамыз, - дейді Грегори Хартл.

Дегенмен SARS түріндегі жаңа вирус туралы естіген билік өкілдері «жүздеген немесе мыңдаған адамның өміріне қауіп төнеді» деп қорқады. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы тәж вирусын «елеулі, қатерлі мәселе» деп атап, індеттің алдын алу үшін қолды жиі жуу, індет жұқтырған адамдардың қасында арнайы бетперде киіп жүру қажеттігі туралы нұсқаулық шығарды.

Бетперде киген шекара қызметкері. Қазақстан-Қытай шекарасындағы Қорғас бекеті. 13 мамыр 2003 жыл. Көрнекі сурет.

Бетперде киген шекара қызметкері. Қазақстан-Қытай шекарасындағы Қорғас бекеті. 13 мамыр 2003 жыл. Көрнекі сурет.

Қытайда құс тұмауының қайтадан өршігені туралы хабарлар келіп жатыр. Вирустық індеттердің жиілеп кеткенін, ал адамдардың әлемнің бір нүктесінен екіншісіне санаулы уақытта жете алатынынын есепке алсақ, індеттің тез өрістейтіні анық деп ескертеді мамандар.

Шотландиядағы Абердин университетінің бактериология профессоры Хью Пеннингтон байбалам салғаннан гөрі, алаңдаушылық танытқан дұрыс дейді.

– Вирустар 21-ғасырда ғана пайда болған жоқ. Адамдар мыңдаған жылдан бері әлемді шарлап келеді. Қазір біздің қолымызда жаңа технологиялар бар, сондықтан оларды анықтау оңайлады. Журналистер де жаңалықты тез таратады, солайша жылдам хабардар боламыз, - дейді бактериолог маман.

(Қазақшаға аударған Динара Әлімжан)
XS
SM
MD
LG