Accessibility links

Сарапшылар хакер балалардың көбейгенін айтады


Үстел үстінде компьютерлік ойын ойнап отырған бала. Оңтүстік Корея, 19 сәуір, 2010 жыл
Үстел үстінде компьютерлік ойын ойнап отырған бала. Оңтүстік Корея, 19 сәуір, 2010 жыл

Антивирустық компания балалар арасында хакерлердің көбейіп келе жатқанын айтты. Ал ұлыбританиялық университет жасанды орган жасап шығарды. Технология жаңалықтарын оқыңыз.

Осы аптада зерттеу қорытындысын жариялаған AVG антивирустық компаниясы компьютерлік зиянкес бағдарламалар жазатын хакерлердің арасында балалар да бар екенін мәлімдеді.

ХАКЕР БАЛАЛАРДЫҢ "ҚАТЕЛІКТЕРІ"

BBC-дің жазуынша, компания мысал ретінде 11 жастағы канадалық баланың виртуалдық ақша ұсыну арқылы онлайн ойын қолданушылардың деректерін қалай жинап алғаны туралы баяндаған.

Компания сарапшылары хакердің бала екенін мына жайтқа қарап барып білген.

Киберқылмыс. Көрнекі сурет
Киберқылмыс. Көрнекі сурет
Бала зиянкес бағдарламаның көмегімен алынған ойыншылардың деректерін электрондық жәшікке жіберіп отырған. Ал ол жәшікте электрондық адрес, пароль сияқты өзі туралы ақпараттарды сақтаған.

Компания сарапшыларының айтуынша, мұндай «қателікті» ересек хакер ешқашан жасамаған болар еді. Соның себебінен компания хакер баланы тез тауып алған.

Компанияның айтуынша, бұдан бөлек әдетте, балалар жазатын кодтарға тән ортақ сипат бар: олардың көбісі Visual Basic және C# қолданады.

AVG компаниясының техникалық директоры Ювал Бен-Итцхак (Yuval Ben-Itzhak) қазіргі кезде мектептерде балаларды тек компьютерлік сауаттылық қана емес, сонымен бірге бағдарламау ісіне де үйретеді. Мысалы, Ұлыбританияда балаларға арналған Google және Microsoft компанияларын қолдайтын факультативтік курстар бар.

Осы жайттардың бәрін айта келе Ювал Бен-Итцхак балаларға бағдарламау ісінде нені істеу керек, нені істемеу керектігін үйретуге шақырған.

3D-ҒИМАРАТ

National Geographic сайтында ақпанның 4-і күні Еуропалық ғарыш агенттігінің Айдан 3D принтер технологиясының көмегімен ғимарат салу жобасына қатысты жазба жарияланды.

Жазба авторы Айда 3D-ғимарат салу принтерді компьютерге қосып баса салған сияқты оңай еместігін айта келе, әйткенмен, «Айдағы топырақты ғимарат сүйегі ретінде пайдаланса бәлкім, салуға болатын шығар» деп жазады.

Онда сонымен бірге Еуропалық ғарыш агенттігі мен оның әріптестері болашақ ғимараттың қалай болатынын көрсету үшін 1,7 тонна блокты да әзірлеп қойғаны баяндалған.

Қаңтардың 31-і күні Еуропалық ғарыш агенттігі роботттардың көмегімен Айда 3D-ғимарат салу жоспарымен таныстырған болатын. Олар 3D көмегімен Ай топырағын жұмсақ затқа айналдырып, қатпарлап қабырға құрастыратынын мәлімдеген еді.

ЖАСАНДЫ ОРГАН

Осы аптада Ұлыбританиядағы ірі университеттердің бірі Heriot-Watt University (HWU) 3D принтер технология көмегімен адамның эмбриондық өзекті жасушаларын жасап шығарғанын мәлімдеді.

3D-принтер. Сурет ашық ресурстан алынған
3D-принтер. Сурет ашық ресурстан алынған
Ғалымдардың айтуынша, бұл жетістік жануарларға тәжірибе жасамай-ақ, науқастың генетикалық кодын пайдаланып бүйрек, бауыр, жүрек т.б өзге органдарды жасай беруге жол ашады.

«Білуімізше, бұл бірінші рет 3D көмегімен жасалған өзекті жасуша. Бұл техника бізге адам тканьдарының модельдерін неғұрлым дәлірек жасап шығаруға мүмкіндік береді, әрі фармацевтика мен токсиканттарды тестілеу кезінде де басты рөл атқарады» деген жоба авторы доктор Уилл Шу.

Ол алдағы жылдарда бұл тәжірибені трансплант органдар жасап шығару үшін қолдануға болатынын айтып, әйткенмен оған ұзақ уақыт керектігін жеткізген.

2012 жылы америкалық ғалымдар қант арқылы жасанды орган өсіріп шығарған болатын.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG