Accessibility links

Ауылдың автобус аялдамалары


Канадалық кәсіби фотограф Еуразия мен Кавказ елдерін шарлап жүріп совет кезеңіндегі автобус аялдамаларын суретке түсірген. Ол шығармашылық қиялы бай белгісіз сәулетшілер туралы кітап шығармақ.

Жуырда Flickr сайтында Алакөлдің табиғатын суретке түсірген шетелдік фотографтардың альбомдарын қарап отырған едім. Күтпеген жерден өзім бала кезде қасынан жиі өтетін көрші ауылдардың біріндегі түрлі түсті ескі автобус аялдамасы көзіме оттай басылды. Орталық Азия мен Кавказды шарлап шыққан, Канадада туған Кристофер Хервиг есімді фотографпен таныстығым осылай басталды. 39 жастағы документалист-фотограф көліктің барлық түріне мініп, ұлан-ғайыр Еуразия кеңістігінде саяхаттап жүріп, қарапайым адамдарды, әдемі табиғат пен заманауи сәулет үлгілерін фотоға түсірген.

Ең қызығы – Хервиг советтік кезеңнің елеусіз ескерткіштері ретінде қабылданатын автобус аялдамаларына жаңаша көзқараспен қарап, оларды бұқаралық мәдениеттің жарқын үлгілері ретінде көрсеткен. Идеологиялық тұрғыда маңызы жоқ деп саналған бұл шағын нысандарды жоспарлау кезінде совет билігі көп жағдайды оларды салуды жергілікті сәулетшілер мен суретшілердің еркіне қалдыра салған. Сол себепті де шығар ауылдық жерлердегі автобус аялдамалары бір стандартпен салынған сұп-сұр панельді үйлер мен «совет гигантизмінің» өзге де нұсқаларына ұқсамайды. Шығармашылық қиялы мен әлеуетін еркін көрсетуге талпынған белгісіз сәулетшілердің ақыл-ойынан хабар береді.

Хервиг 2000 жылдары Орталық Азия елдерінде тұрған, БҰҰ мен халықаралық ұйымдарда жұмыс істеген. Қазір Нью-Йоркте тұрады. Азаттық фотографтан оның биыл тамызда жарық көргелі жатқан «Совет автобус аялдамалары» атты кітабы туралы сұхбат алды.

Азаттық: Совет автобус аялдамалары туралы кітап шығару идеясы ойыңызға қайдан келді?

Хервиг: Жылдар бойы жинақталған суреттерімді жұртшылық ұната бастағасын совет автобус аялдамалары туралы кітап шығаруды ойладым. Бұрынғы Совет Одағының түкпір-түкпірінен табылған қайталанбас стильді автобус аялдамалары ерекше боп көрінді. Әрқайсысының артында тұрған шығармашылық әлеуетті айтыңыз.

Мұндай индивидуалдық шығармашылықты бір кітап етіп шығарсам, жүздеген аялдаманы бір альбомға жинасам, адамдар олардың әрқилылығына тәнті болар еді деп ойладым.
Тараз маңындағы аялдама. Кристофер Хервиг түсірген сурет
Тараз маңындағы аялдама. Кристофер Хервиг түсірген сурет

Азаттық: Қазақстанның түрлі аймақтарында түсірген суреттеріңізге қарап, қаншама жерді басып өткеніңізді шамалап отырмын. Алматы облысының жасыл жайлаулары мен Алакөлдің әдемі көріністерін байқап қалдым. Бұл елді фотоға түсіре жүріп қандай күйде болдыңыз?

Хервиг: Қазақстан мен Орталық Азияны суретке түсіруден ләззат алдым. Бұл аймақ шетелдік фотографтардың көзінен тасалау қалған, көп фотоға түсірілмеген. Таулары мен көлдері, шатқалдары мен шөлдері алдымнан жаңа әлем болып ашылды. Фотографтардың арманы ғой мұндай жерлер.

Азаттық: Кітабыңызға суреті кірген Қазақстандағы аялдамалардың ішіндегі ең қатты ұнағаны қайсысы?

Хервиг: Бірден айту қиын. Әрқайсысы әртүрлі. Тараздың түбінде көрген бір аялдама қатты ұнады. Өте қарапайым графикалық дизайнды. Шоңқиып отырған итке ұқсайды. Әлбетте итке түк қатысы жоқ, бірақ айдалада алдыңнан дизайны өте стильді нәрсе шыға келгенде таңырқап қаласың.

Азаттық: Қырғызстанның бұқаралық сәулет нысандары қаншалықты өзгеше? Оңтүстігі мен солтүстігіндегі автобус аялдамаларында айырма бар ма екен?

Хервиг: Қырғызстандағы автобус аялдамаларында фольклорлық бай өнер қатты байқалады. Қырғыздың қалпағы мен оюы және құс бейнеленген бір аялдама ойыма түсіп тұр. Ал айырмашылығына келсек, солтүстігіндегі аялдамалары жақсы сақталған, оңтүстігінде тозыңқыраған.
Қырғызстанның Қарақол ауданындағы аялдама. Кристофер Хервиг түсірген сурет
Қырғызстанның Қарақол ауданындағы аялдама. Кристофер Хервиг түсірген сурет

Азаттық: Жергілікті халық сіздің сырт көзге түсініксіздеу болып көрінетін жүрген жеріңізде әдемі автобус аялдамасын іздеуіңізге қалай қарады? Көмектері тиді ме?

Хервиг: Кейбір елдерде халық қатты көмектесті. Армения мен Украинада автобус жүргізушілері мен жолаушылардан ақпарат жинаумен болдым. Көпшілігі аялдамаларды жергілікті ландшафтың елеусіз бір белгісі сияқты қабылдайды екен, сол себепті не істеп жүргенімді түсіне алмады.

Қараусыз қалған автобус аялдамаларын жергілікті нашар инфрақұрылымды көрсету үшін мысал етіп суретке түсіріп жатыр деп ренжіген ауыл тұрғындары да болды. Оларға мақсатымның мүлдем басқа екенін ұқтырдым.

Азаттық: Жалпы алғанда түрлі пост-советтік елдердің аялдамаларынан түбегейлі бір айырмашылық байқадыңыз ба? Мысалы Балтық елдеріндегі аялдамалар басқалардан қаншалықты өзгеше? Мен вебсайтыңыздан өрмекшіге ұқсайтын бір заманауи дизайндысын байқап қалдым. Эстонияда түсірілген ғой деймін.


Эстонияның Ниитсику ауданындағы аялдама. Кристофер Хервиг түсірген сурет
Эстонияның Ниитсику ауданындағы аялдама. Кристофер Хервиг түсірген сурет
Хервиг: Иә, Эстонияда түсірілген. Алғаш көргенде совет кезеңінен кейін салынған шығар деп суретке түсіргім келмеді. Совет кезеңінде салынған шыны терезесі бар мұндай аялдаманы еш жерден көрмеппін. Дизайны да ғажап, құдды бір ағаштан жасалған өрмекші сияқты. Аялдаманың ішіне кіргенімде ағаш қабырғасына ойып салынған граффити суретті байқадым. 1980 жылдары Мәскеуден Ригаға бара жатқан бір жолаушының жазып қалдырған белгісі екен.

Айырмашылықтарына қатысты сұрағыңызға келсем, Балтық елдерінде графикалық кескінді аялдамалар көп. Мозайка мен сурет аз. Ең көп ағаштан жасалған аялдамалар – Эстонияда. Арменияда цементтен салынғандар жиі кездеседі. Абхазиядағы аялдамалар мозайкамен көмкерілген, бірақ көрнекті скульптуралық дизайндар да бар. Қазақстанда пасторальдық көріністер мен моументальдық живопись көп. Украинада мозайка мен живопись аралас.

Азаттық: Бұл жол жиегіндегі жолаушылар отыратын әдемі орындарды салған белгісіз авторлар туралы мәлімет таба алдыңыз ба?

Хервиг: Көбін таба алмадым. Біреуін қазір Мәскеуде тұратын Зураб Церетели есімді белгілі грузин сәулетші салғанын білем. Ол Абхазиядағы заманауи сәулет өнерінің бірқатар әдемі үлгілерін де салған адам.
Кристофер Хервиг, документалист-фотограф
Кристофер Хервиг, документалист-фотограф

Азаттық: Кітабыңызға кіретін кейбір суреттерден байқағаным – көпшілігіндегі совет кезеңінде жазылған үгіт-насихат ұрандары өшіп қалған сияқты. Советтік символдары сақталған аялдамалар көрдіңіз бе?

Хервиг: Әлбетте. Біразы кітабымда да бар. Көптеген аялдамаларда күтпеген жерден балға мен орақ шыға келеді. Бірақ ондай сиволдар салынған аялдамалар салыстырмалы түрде өте аз кездесті. Қазақстанда Астананың маңынан сондай бір аялдама тауып алғанда таң қалдым. Қызыл жұлдызды, орақ пен балғалы суреттерін тіпті жаңадан сырлап қойыпты. Көзге қызық көрінді.

Азаттық: Кітабыңыз әдемі аялдамаларды сақтап қалуға ықпал етеді деп ойлайсыз ба? Оларды сізге ерекше етіп тұрған сипаты не?

Хервиг: Совет автобус аялдамаларын бір жинақ етіп құрастыру оларға көпшіліктің назарын аудартуға сеп болады деп ойлаймын. Бұларды ерекше етіп тұрған нәрсе – Совет Одағының қоғамдық ғимараттарынан күтпеген жерден байқалатын даралық. Совет суретшілері үшін ойындағы дизайндарды жүзеге асыру мүмкін болған орын. Бұл аялдамалар – Совет Одағында өмір сүрген жекелеген шығармашыл тұлғалар мен суретшілердің қиялынан хабар беретін ескерткіштер. Әйтпесе біз бұрынғы Совет Одағына біртұтас бітеу дүние деп білеміз.

Азаттық: Сұхбатыңызға рақмет!
XS
SM
MD
LG