Accessibility links

Интерполды саяси құрал ететін елдер көп


Интерполдың Лионда (Франция) орналасқан бас кеңсесі. Көрнекі сурет

Интерполдың Лионда (Франция) орналасқан бас кеңсесі. Көрнекі сурет

Интерпол мамырдың соңында америкалық инвестор Браудерді бақылау туралы Ресейдің өтінішін орындамады. Бірақ бұл - сирек жайт. Интерполдың "қара тізіміне" қазақстандық саясаткерлер де ілініп отырады.

Өзінің адвокаты Сергей Магнитскийдің түрмедегі жұмбақ өлімінің жай-жапсарын қазбалап жүрген америкалық инвестор Билл Браудерді Ресей «салық төлеуден жалтарды және «Газпромның» акцияларын заңсыз жолмен алуға тырысты» деп айыптап отыр. Бұл оқиға Интерполды саяси мақсатқа пайдаланушылар туралы әңгімені қайта қоздырды.

Азаттық тілшісі Лондондағы Fair Trials International үкіметтік емес ұйымының құқықтық реформа жөніндегі сарапшысы Алекс Тинслиден кейбір елдердің Интерпол механизмдерін саяси мақсаттарға пайдалануына қатысты пікірін сұраған еді.

ИНТЕРПОЛ ТІЗІМІНЕ ЕНГЕН АДАМ БІРДЕН ТҰТҚЫНДАЛАДЫ

Азаттық: – Браудер ісі бойынша Интерпол қабылдаған шешімнің маңызы неде?

Тинсли: – Ресей басшылығы Браудердің жүріс-тұрысын бақылау үшін Интерполды пайдаланғысы келді. Ал Интерпол бұлайша қолжаулық болуға келіспей, бірден қарсылық білдірді. Ресей бұған қорланып қалғанымен, дәл осындай шешімнің шығататынын болжау қиын емес еді. Бұл – өте көп талқыға түскен істердің бірі, сондықтан Браудерді қудалау үшін Интерполды пайдалануды тоқтатқаннан көп нәрсе өзгере қоймасы анық. Бізді көбірек толғандыратыны – саяси қарсыластарды қудалау үшін Интерполдың құралдарын пайдаланушыларға осындай кесімді шешімдердің дер кезінде қабылданбауы.
Билл Браудер, америкалық кәсіпкер.

Билл Браудер, америкалық кәсіпкер.


Азаттық: – Бұл істерге нақты тоқталардан бұрын сұрайын дегенім – «қызыл хабарлама» деген не және оның салдары қандай?

Тинсли: – Қызыл хабарлама дегеніміз – бір елдің әлдебір адамды іздестіріп жатқанын бүкіл әлем елдерінің құқық қорғау орындарына хабарлау. Ол бір елдің өтініші бойынша жарияланады. Интерполдың тізіміне ілінген адам әуежайға, не басқа да тексеру орнына келгенде бірден тұтқындалуы мүмкін. Себебі көп елдердің құқық қорғаушылары қызыл хабарландыруға ілінген адамдарды сөзге келместен тұтқындайды. Бұдан кейін экстрадициялау керек пе, жоқ па деген мәселе қаралып жатқанда ол адам бірнеше ай бойы тергеу изоляторында қамауда отырады, денсаулығынан айырылады.

Қызыл хабарламамен «ілесе келетін» көптеген кедергі бар. Ол адамның несие, кәсіби лицензия алу, банктен есеп-шот ашу мүмкіндіктерін шектейді. Оның кесірінен адам жұмысынан айырылады. Сапар шегіп, виза алудан үміттеніп жүргендер визасын ала алмай, сыртқа шыға алмай қалады. Сондықтан оның кері әсері көп. Айыптау процесінен айырмашылығы – ол жедел тоқтатылмайды, тізімге ілінген адамды ұзақ уақыт қыспаққа алады.

САЯСИ ҚАРСЫЛАСТАРДЫ ҚУДАЛАУ

Азаттық: – «Браудер ісі – Ресейдің Интерполды саяси мақсатқа пайдаланған жалғыз ісі емес» деп қалдыңыз...

Тинсли: – Ресейдің жағдайына келер болсақ, саяси оппоненттерді Интерпол арқылы қудалаған басқа да оқиғалар болды. Олардың кейбірі тіпті жекелеген адамдарға үлкен залал келтірді, себебі Интерпол өз каналдарын пайдалануды бірден тоқтата алмады. Осының жарқын бір мысалы – мәскеулік антифашистер қозғалыстың белсендісі Петр Силаевтың ісі. Ресей құқық қорғаушылары оны 2010 жылы Химки орманын отауға қарсы демонстрацияға қатысқаны үшін қамауға алмақ болды. Финляндия әйгілі қоғамдық белсенді Силаевты саяси босқын деп мойындады. Соған қарамастан Силаев Интерпол жүйесі бойынша тұтқындалып, Испания сотында ісі қаралып, оған қарсы қозғалған істің саяси астары бар екендігі дәлелденгенше қамауда жатты.
Интерпол өз жүйесін асыра пайдалануға әлі тосқауыл қоя алмай отыр.

Интерпол өз жүйесін асыра пайдалануға әлі тосқауыл қоя алмай отыр. Бұдан басқа мысалдар да жеткілікті. Шешен ұлтының шетелде тұратын жетекшілерінің бірі Ахмед Закаевтың көпке әйгілі ісін алып қарайық. Онда да қызыл хабарламаға ілінген Закаевқа көмектесуге Интерпол дәрменсіз болды. Билл Браудердің ісінде Интерпол ел ішінде көп әңгіме тараған соң оған жәрдемдесті, яғни бұл – қалыптан тыс жағдай болды.

Азаттық: – Силаевтың ісін алып қарасақ, Ресей оны «бұзақылық жасады» деп айыптап, Интерполға өтініш берді. Испанияда демалып жүргенде осы елдің террормен күрес полициясы таң атпастан оның қонақүйдегі бөлмесіне баса-көктеп кіріп, тұтқынға алды. Ол бір апта бойы отбасымен хабарласа алмай, қатаң түрмеде қамауда жатты. Осының бәрі жай бұзақылық үшін ғана ма?
Ахмед Закаев, қуғындағы сепаратистік шешен қозғалысының жетекшісі.

Ахмед Закаев, қуғындағы сепаратистік шешен қозғалысының жетекшісі.


Тинсли: – Жұрт Интерполдың коммуникация құралдарына тым көп салмақ артып отыр. Саяси келіспеушіліктердің кесірінен болған осы сияқты болар-болмас қылмыстар үшін осыншама ресурстың жұмсалуы Интерполдың өз каналдары арқылы ұсталатын адамарға қаншалық назар аударатынын айғақтайды. Сондықтан қызыл хабарламаға ілінген адамдардың көптеп тұтқындалмауына және Интерполдың осы сияқты істерге мұқият қарап, кейбіреулердің табан астында қамауға алынбауына күш салуы тиіс. Тек Браудер ісіндегідей ақпарат құралдарында көп айтылған істерге ғана байыппен қарау жеткіліксіз.

«ИНТЕРПОЛҒА РЕФОРМА КЕРЕК»

Азаттық: – Бұрынғы Совет Одағы елдерінің, не әлемдегі басқа мемлекеттердің арасында Интерполды саяси қарсыластарына шабуыл жасау үшін пайдаланумен аты шыққандар бар ма?

Тинсли: – Интерполды асыра пайдаланып отырған жалғыз Ресей емес. Бұл – ғаламдық мәселе. Мәселен, Венесуэланың жемқорлықпен күрес туралы жазатын бір журналисі АҚШ-та саяси босқын мәртебесін алғанына қарамастан, Интерполдың «қызыл тізімінен» шығу үшін 18 айын сарп етті.

Беларусь басшылығының саяси оппоненттерін қудалау үшін Интерполды пайдаланғаны белгілі. Осы елдің құқық қорғаушылары 2010 жылғы сайлауда президент Александр Лукашенкоға қарсылас болған Алес Михалевичті тұтқындау туралы Интерполға өтініш білдірген. Интерпол оны қызыл тізімге енгізбегенімен, Чехияда саяси тұқын мәртебесін алғанына қарамастан, Польша полициясы Михалевичті тұтқынға алды. Бұл – Польша үшін өте ұятты жағдай болды. Сондықтан Интерполды шектен тыс пайдаланып отырған жалғыз Ресей емес. Осы тақылеттес жағдайлар Иранда, Түркияда және басқа да елдерде болды.
Кейбіреулер Интерполдың өкілетін бірнеше рет асыра пайдаланған елдерді мүшеліктен шығарып тастау керек деген пікір айтты.

Азаттық: – Интерполды осылайша өз еркінше пайдаланған елдерге қандай да бір жаза қолданыла ма?

Тинсли: – Интерполдың ережелері бойынша, белгілі бір санкциялар салынады. Ол санкцияларды қандай жағдайда салатыны, бұл ереженің қаншалық жиі қолданылатыны айқын емес. Кейбіреулер Интерполдың өкілетін бірнеше рет асыра пайдаланған елдерді мүшеліктен шығарып тастау керек деген пікір айтты. Бірақ біздің Fair Trials International ұйымы бұл ұсынысты қолдамайды. Біздің ойымызша, Интерпол мемлекеттердің өз жүйесін басқа мақсаттарға пайдаланып кетуін тоқтату арқылы мұндай келеңсіздіктің жолын кесуі керек, сонда санкция салудың соншалық қажеттігі болмай қалады.

Азаттық: – Бұл мәселе бойынша айтылмай қалған тағы не бар?

Тинсли: – Айта кететін маңызды нәрсе: Интерпол жүйесі – адамдардың құқығын қорғаудың өмірлік маңызы бар құралы. Оны асыра пайдалану мәселесі Интерполдың әлем елдеріндегі полицияның қылмысқа қарсы бірлесіп күресуі мақсатынан жаңылдырады. Интерполдың беделін арттыру және ұйымның осы жауапкершілікті абыроймен атқаруы үшін осындай асыра пайдалану жайларын болдырмайтындай реформа жасау керек.

Азаттық тілшісі Роберт Коалсонның сұхбатын ағылшын тілінен аударған – Мұхтар Екей.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG