Accessibility links

Бушқа бәтеңке лақтырған журналистің өмірі


АҚШ президенті Джордж Буш (сол жақта) журналистің бәтеңкесінен жалтарып қалды. Оның жанында тұрған - Ирак премьер-министрі Нури әл-Малики. Ирак, 14 желтоқсан 2008 жыл.
АҚШ президенті Джордж Буш (сол жақта) журналистің бәтеңкесінен жалтарып қалды. Оның жанында тұрған - Ирак премьер-министрі Нури әл-Малики. Ирак, 14 желтоқсан 2008 жыл.

АҚШ пен Ұлыбритания 2003 жылдың наурызында Иракқа әскер кіргізді, содан бері 10 жыл өтті. Бұл күні Ирак журналисінің Бушқа бәтіңке лақтырғаны да елдің есіне түседі.

Ирак журналисінің АҚШ президенті Джордж Бушқа бәтеңкесін лақтыруы Америка әскерінің Иракқа басып кіруіне қарсылық білдірудің айтулы оқиғасына айналды. Ислам әлемінде аяқ киім лақтыру шектен тыс қорлау белгісі саналады.

ТОҒЫЗ АЙ ТҮРМЕ

Мұнтазар Заиди мен оның бәтеңкесі Американың Иракқа басып кіруіне қарсылықтың символына айналды. Бұл оқиға 2008 жылдың 14 желтоқсанында Бағдадта өткен баспасөз жиынында болды.

Бәтеңкесін лақтырған журналист «Мынау – ирактықтардың саған тартуы. Сен сияқты итке деген соңғы сәлемі. Бұл – Ирак жесірлері мен жетімдерінің көз жасы мен шейіт болғандар үшін!» деп айқайлады.

Бәтеңкеден жалтарып ұлгерген Джордж Буш «бәтеңкенің табанынан оныншы өлшем екенін байқап қалдым» деп қалжыңға сүйеді. Бұл оқиға жайында күллі әлем хабардар болды. Ирак пен ислам әлемі ғана емес, Еуропа мен АҚШ жұрты да бәтеңке лақтыру әдісін соғысқа қарсы қоғамдық ашу-ызаның белгісі деп түсінді. Оның үстіне сол күндері отставкаға кеткен президент Буштың беделі де төмендей бастаған еді.

Бағдад соты «ресми сапар кезінде шет мемлекеттің басшысына соқтықты»
Джордж Бушқа лақтырылған бәтеңкенің басқы қырынан түсірілген көрінісі. Ирак. 14 желтоқсан 2008 жыл.
Джордж Бушқа лақтырылған бәтеңкенің басқы қырынан түсірілген көрінісі. Ирак. 14 желтоқсан 2008 жыл.
деген айыппен Мұнтазар Заидиды соттады. Сотта журналист «кінәсіз жандардың қаны оның (Буштың) табанынан ағып жатқанын сездім» деп мәлімдеді. Ол сотқа өзін Ирак полициясы азаптағанын да айтты.

Заиди үш жылға сотталды. Бірақ ол үкімді қайта қарауға арыз берді. 2009 жылдың қыркүйек айында бастапқы үш жыл бір жылға қысқартылды. Оны түрмедегі жақсы тәртібі үшін тоғыз айдан кейін мерзімінен бұрын босатты.

ҚЫМБАТ СЫЙЛЫҚТАР

Мұнтазар Заидидың құрметіне Тикритте қоладан алып бәтеңке соғылып, ескерткіш қойылды. Ирак билігі алып тастауға бұйрық бергенше, ескерткіш бірнеше күн бойы тұрды.

Бұдан кейін Ирак журналисінен өнеге алған бәтеңке лақтырушылар легі пайда болды. Мұнтазар Заидидың бұрынғы бастығы – Каирдың Al-Baghdadiya телеарнасының басшысы сыйлық ретінде журналистке төрт бөлмелі үй салып берді. Араб әлеміндегі ең ірі ақпарат құралдары Мұнтазар Заидиді жұмысқа шақырып, журналист арабтың бай бизнесмендерінен қымбат сыйлықтар алды.

Сауд Арабиясының бір бизнесмені Мұнтазар Заидидың бәтеңкесін 10 миллион долларға сатып алмақшы болды. Алайда әлгі жанжалдан кейін бәтеңкеде жарылғыш заттар бар-жоғын тексерген қауіпсіздік қызметінің мамандары оны жойып жіберген екен.

ГУМАНИТАРЛЫҚ ҚЫЗМЕТ

Журналистиканы тастап, қазір Лондонда тұратын Мұнтазар Заиди Ирак соғысының құрбандарына көмектесетін гуманитарлық ұйымды басқарады.

Азаттық радиосына «АҚШ қарулы күштерінің Ирактағы қылмыстарын әшкерелеуді
Мұнтазар Заиди баспасөз мәслихатында сөйлеп отыр. Париж, 1 желтоқсан 2009 жыл.
Мұнтазар Заиди баспасөз мәслихатында сөйлеп отыр. Париж, 1 желтоқсан 2009 жыл.
міндеті деп есептейтінін» айтқан ол «егер уақытты кері айналдыра алсам, Джордж Бушқа бәтеңкемді тағы да лақтырар едім» дейді.

– Әлгі оқиғадан кейін не өзгерді дейсіз бе? Ирак халқы Джордж Буштың жаңсақ саясатының тауқыметін тартты. Мен журналист кезімде оны жалпақ жұртқа жеткіздім. Бірақ журналист кезіме қарағанда, халқымның алдындағы қазіргі парызым өсе түсті. Менің негізгі міндетім – езіліп-жаншылған ирактықтардың мұң-зарын әлем жұртына жеткізіп, оларды қорғау, – дейді Мұнтазар Заиди.

Ирактықтардың арасында дәнекер болып жүргенін айтқан ол өзінің діни сенімі мен шыққан тегіне қарамастан, ирактықтардың әлгі жанжалға қалай қуанғанын біледі.

– Елдің құрметті азаматтары менің пікірімді жақтап, әлгі қақтығысқа қатысты көзқарастарымды қолдады. Мен ирактықтармен тығыз байланыс орнаттым. Кейбір жандар Ирак халқының арасында сектанттық толқулар шығаруға тырысып жүр. Мен сол адамдармен күресіп, толқуларды болдырмауға күш салып жүрмін. Бұл – ауыр жүк. Бірақ мен «алға ұмтылуға күш бере гөр» деп дұға етемін, – дейді ол.

Мұнтазар Заиди өзін бәтеңке лақтыруға жетелеген оқиғалар тізбегін баяндап, «Президент Бушқа соңғы сәлем» деген кітап жазды. Кітапта Иракта журналист болған кезінде өзі көрген адамдардың қайғы-қасіреті де әңгімеленеді.

2011 жылы Делиде үнділік режиссер Махеш Бхатт Мұнтазар Заидидың кітабы желісімен фильм түсірді. Фильмде Мұнтазар Заидидің рөлін Болливуд актері Имран Захид ойнайды.

Мақала Азат Еуропа/Азаттық радиосының тілшісі Рон Синовиц әзірлеген мақала негізінде жазылды.
XS
SM
MD
LG