Accessibility links

ИМ жендеттері арасында 10 жасар өзбек баласы да бар


"Ислам мемлекеті" экстремистік ұйымы таратқан видеодан скриншот.

"Ислам мемлекеті" экстремистік ұйымы таратқан видеодан скриншот.

Қарашаның 9-ында «Ислам мемлекеті» (ИМ) экстремистік ұйымы арасында 10 жастағы өзбекстандық та бар төрт жендет баланың Мосулда тұтқындарды өлтірген сәті түсірілген 14 минуттық видео таратты. Видеода ол баланың есімі «Абубакр Өзбеки» екені айтылады.

Азаттықтың Өзбек қызметіне жеткен 14 минуттық видеода үстіне арнайы форма киген, бетін қара көзілдірікпен жасырған 10 жас шамасындағы баланың ұлты өзбек делінеді. Видеода оның қызғылт сары комбинезон киген тұтқындардың бірін басынан тапаншамен атып өлтіргені көрінеді.

Тұтқындарды жазалау алдында ИМ жендетіне айналған тағы бір бала орыс тілінде акцентпен сөйлеп: «Путин, мені тыңда! Ресейге келіп сендерді өз үйлеріңде өлтіреміз. Сендерді ешкім құтқара алмайды» дейді. Үш камерамен түсірілген видеоның соңында тұтқындардың жансыз денелері суға құлағаны көрінеді.

"Ислам мемлекеті" экстремистік ұйымы таратқан видеодан скриншот.

"Ислам мемлекеті" экстремистік ұйымы таратқан видеодан скриншот.

БҰҰ-ның адам құқығы жөніндегі жоғары комиссары басқармасы баспасөз хатшысы Равина Шамдасанидің сөзінше, бұл видеоны әлемнің көп елінде тыйым салынған «Ислам мемлекеті» экстремистік ұйымы түсіргені расталған.

– Осы нақты оқиға жазылған әлгі видеоның шынымен түпнұсқа екенін Ирактағы біздің мамандар анықтады. Жендет балалардың бірі – Өзбекстан тумасы, екіншісі – Ресейден, өзге екеуі Иракта туған, – деді Равина Шамдасани.

Азаттық Мосулда қарусыз тұтқындарды қатігездікпен жазалауға қатысқан балалар ИМ-нің жанкештілер лагерінің тәрбиеленушілері деп жориды.

Былтыр ИМ ұйымы жағында соғысып жүрген өзбек содыры Хуршид Мухтаров Азаттыққа берген сұхбатында ол балаларды «халифаттың келешегі ретінде баулиды» деген.

Орталық Азия елдерінен Сирияға әке-шешесімен бірге барған бұл балалар ИМ ұйымын насихаттау құралы ғана екені қазір ешкімге құпия емес.

Былтыр ИМ террористік ұйымы интернетте әлдебір «тыңшыны» қазақстандық бала жазалап жатқан сәті түсірілген видео жариялаған. Әлгі видеоның соңында бала «моджахед болып, кәпірлердің басын кесуді армандаймын» деген.

Бақылаушылар пікірінше, ИМ ұйымындағы жендет балалар Сирияға Орталық Азиядан отбасыларымен барған.

Ертеректе Азаттық «жиһад» жолындағы ислам содырлары қатарында кемі 1000 өзбек баласы жүргенін жазған.

Азаттықтың Өзбек қызметі дерегінше, Пәкістанда тұратын өзбек содырлары отбасында туған балалардан болашақ моджахедтерді баулиды.

Мәскеу университеттерінің бірінде зерттеу жүргізген өзбекстандық психолог Наргиза Абдуллаеваның Азаттыққа айтуынша, кейін бұл мәселе Өзбекстанның проблемасына айналуы мүмкін.

Баланың сана-сезімі соғыс пен жазалау сұмдықтарын көтере алмай, оның психикасына қатты әсер етуі мүмкін.

– Баланың сана-сезімі соғыс пен жазалау сұмдықтарын көтере алмай, оның психикасына қатты әсер етуі мүмкін. Ішкі тежегіші мүлде істен шығып қалады. Мұндай балаларды қоғамға бейімдеу өте қиынға түседі әрі ұзаққа созылады. Бірақ әлемнің соғыс болып жатқан тұстарында жүрген африкалық және өзге мыңдаған жас содырларды қоғамға бейімдеудің ЮНИСЕФ бағдарламасы бойынша жыл сайын жүргізілетін практикасы бар. Әлгі бағдарлама негізінде өзбекстандық содыр балаларды да қоғамға қайтаруға болады, – дейді психолог Наргиза Абдуллаева.

Ол балалық шағы ойын алаңында емес, соғыс өтінде өтіп жатқан әлгі балаларды Өзбекстан қоғамы үшін болашақ қатер ретінде қарастырады.

Азаттықтың Өзбек қызметінің мақаласы.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG