Accessibility links

ИМ атқан «тыңшының» екіншісі де Қазақстанда тұрған


«Ислам мемлекеті» «ФСБ тыңшысы» ретінде атқан екі адамның бірі Сергей Ашимов. (Видеодан көрініс)

«Ислам мемлекеті» «ФСБ тыңшысы» ретінде атқан екі адамның бірі Сергей Ашимов. (Видеодан көрініс)

«Ислам мемлекеті» (ИМ) «ФСБ тыңшысы» ретінде атқан қос азаматтың екіншісі Сергей Ашимовтің Қарағандыда тұрғаны расталды. Екеудің бірі Жанболат Мамаевтың Жамбылдан екені бұған дейін анықталған.

Діни ультра-радикалдық «Ислам мемлекеті» қаңтардың 13-інде жариялаған «Іштен шыққан жау» деп аталған видеосында 1976 жылы туған Жанболат Мамаев және 1984 жылы туған Сергей Ашимов деп таныстырған азаматтарды «ФСБ тыңшысы» деп айыптап, жас балаға атқызып тастаған еді.

«Сергей Николаевич Ашимовпін» деген азамат атылардан бұрынғы жауабында «ФСБ-да мұсылмандарға қарсы 8 ай істегенін» айтқан. Ашимов Сирияға бару мақсатын «Шамдағы бауырлар туралы барлық ақпаратты және «Ислам мемлекеті» жетекшісінің қай жерде жүргенін анықтау болды» деп түсіндірген.

ҚАРАҒАНДЫДАҒЫ МЕКТЕП-ИНТЕРНАТТЫҢ ТҮЛЕГІ

«Ислам мемлекеті» видеосында «ФСБ агенті екенін мойындап», оққа ұшқан Сергей Ашимовті Қарағанды облысының тұрғыны Фатима Пята таныды.

Фатима Пята Қарағанды облысы Осакаров ауданы Есіл ауылындағы жетім және әке-шеше қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған Литвинск мектеп-интернатында Сергей Ашимовпен бірге тәрбиеленгенін айтады.

– Ол менен бір жас үлкен болатын. Сондай бауырмал, мейірімді еді. Сабақты орташа, негізінен «үшке» оқыды. Салмақты болатын, үнемі тәрбиешілер тапсырған еңбек жұмыстарын орындайтын, – дейді қазір сол мектепте оқу ісінің меңгерушісі қызметін атқаратын Фатима Пята.

Литвинск мектеп-интернатының директоры Евгений Ермолаевтың дерегінше, 1984 жылы 30 наурызда туған Сергей Ашимов онда 1989-2002 жылдары оқыған. Директор да Ашимовтің «мейірімді, сыпайы, мәдениетті, ұрыс-керіске бейімі жоқ, досы аз» оқушы болғанын айтады.

Сергей Ашимов оқыған мектеп-интернаттың Азаттыққа жауабы. 16 қаңтар 2015 жыл.

Сергей Ашимов оқыған мектеп-интернаттың Азаттыққа жауабы. 16 қаңтар 2015 жыл.

«Мектептегі шараларға қатысатын. Мектеп-интернатта жүргенде жақындары мен туыстарының ешбірі оның тағдырына алаңдаған емес. Мектеп-интернат оның жақындары мен туыстары жайлы дерек білмейді» дейді Евгений Ермолаев Азаттық сауалына жолдаған жазбаша жауабында.

Директордың айтуынша, Сергей Ашимов ол мектепті бітірген соң Қарағандыдағы №31 кәсіптік-техникалық училищеге оқуға кеткен.

Ал Фатима Пята Сергей Ашимовтің училищеде көлікке қатысы бар мамандықты оқығанын ғана білетінін, ол оқуды бітірген-бітірмегенінен бейхабар екенін айтады.

– Сергей бұл кезде таныстарынан жырақ, хабарсыз кеткен. Тек осыдан бес-алты жыл бұрын балалар үйіне көлікпен келіп, бәрімен амандасып, шамамен 15-20 минуттай аялдаған. Медреседе сабақ беретінін айтты. «Дін негіздері» пәні бойынша ғой деймін. Мұсылмандықты қабылдағанға ұқсайды. Әскер қатарында да болыпты, – дейді Сергей Ашимовті содан кейін көрмегенін айтқан Фатима Пята.

Азаттық тілшісі «Сергей Ашимов оқыды» делінген оқу орнына – Теміртаудағы №31 кәсіби мектепке хабарласқанымен, әзірше жауап ала алмады.

ӘЛЕУМЕТТІК ЖЕЛІДЕГІ СЕРГЕЙ АШИМОВ

Сергей Ашимовтің дерегі орыстілді әлеуметтік желілерде де жиі кездеседі. Ондағы мәліметтердің көбі қарағандылық Фатима Пята мен Евгений Ермолаев айтқан деректерді растайды.

Сергей Ашимовтің "Мой мир" әлеуметтік желісіндегі аккаунты.

Сергей Ашимовтің "Мой мир" әлеуметтік желісіндегі аккаунты.

«Мой мир» желісіндегі «Сергей Ашимов» есімді аккаунт иесі 1984 жылы туғанын, Қарағандыдағы Литвинск мектеп-интернатында оқығанын жазады. Ондағы бір айырмашылық – туған күні ретінде 30 қаңтарды, мектепте оқыған мерзімі ретінде 1991-2002 жылдарды атаған. «Сергей Ашимов» бұл параққа өз суретін салмаған, тек ауыр жүк көліктерінің фотоларын жиі жүктеген. Бұл парақтағы жаңа дерек – оның 2006-2013 жылдары Татарстанның Қазан қаласындағы РИУ оқу орнында оқығаны, сол қалада тұратыны.

Сергей Ашимовтің «РИУ» деп жазған, қазір Ресей ислам институты деп аталатын жерде оқыған-оқымағанын білмек болған Азаттық тілшісі сол оқу орнына хабарласқан еді. «1984 жылы туған Сергей Николаевич Ашимов шынымен де оқу орнымызда «Теология» бағыты бойынша сырттай оқыған. Алайда өз еркімен 2007-2008 жылдары оқудан шығып кетті» деп жауап берді Қазан қаласындағы Ресей ислам институты.

Сергей Ашимовтің "Одноклассники" әлеуметтік желісіндегі аккаунты.

Сергей Ашимовтің "Одноклассники" әлеуметтік желісіндегі аккаунты.

Сергей Ашимовтің атына тіркелген екінші аккаунт «Одноклассники» әлеуметтік желісінен табылды. Аккаунт иесінің профайлындағы фотосы «Ислам мемлекеті» видеосындағы Сергей Ашимовтің түріне ұқсайды. Жасы 30-да екенін, 30 наурызда туғанын, Қазанда тұратынын жазған, сақалы өскен «Сергей Ашимов» бұл парағында он шақты сурет жариялаған. Суреттерде «Сергей Ашимов» өзге бірнеше адаммен бірге Мекке қаласында жүргені де бейнеленген. Ол «Одноклассники» желісіндегі бірнеше діни топқа мүше.

Ал «Вконтакте» әлеуметтік желісіндегі «Сергей Ашимов» есімді аккаунт иесі 2012 жылы 20 маусымда аватарына өзінің фотосын емес, жүк көлігінің суретін қойған.

Сергей Ашимовтің "Вконтакте" әлеуметтік желісіндегі аккаунты.

Сергей Ашимовтің "Вконтакте" әлеуметтік желісіндегі аккаунты.

Ол «қала» деген графаға «Қарағанды» деп жазған. «Сергей Ашимов» оқыған жері мен мамандығын «№1 ПТУ, Қарағанды, 2003-2004, жүргізуші механик» деп сипаттаған. Өзі туралы «Литвинское селосынанмын», «үйленгенмін» деп жазған аккаунт иесі «дінді зерттеуге» қызыққан, ұнататын музыкасы жайлы сауалға «ұнайтыны жоқ, мұның бәрі харам» деп жауап берген. Ол мүше қауымдастықтар арасында дінге және ауыр жүк көліктеріне арналған топтар көп. Үнемі діни жазбалар жариялап отырған «Сергей Ашимовтің» бұл желідегі достары көп емес.

Интернетте Сергей Николаевич Ашимов есімді адамның атынан жазылған жарнамалар да ұшырасады. Онда хабарландыру иесі Қазаннан келетін жүк тасымалдау қызметін ұсынады.

Діни ультра-радикалдық «Ислам мемлекеті» ұйымының «Әл-Хаят» медиа тобы орыс тілінде түсірген, арабша және ағылшынша субтитр қойған жеті жарым минуттық видео қаңтардың 13-інде мәлім болған еді. Видеода екі адамның – Жанболат Мамаев пен Сергей Ашимовтің «ФСБ тыңшылары екенін мойындауы» көрсетіліп, соңынан оларды жас баланың атып өлтіргені бейнеленген.

Бұл видео тарала салысымен Дамаскідегі Ресей елшілігі арнайы мәлімдеме жасап, ««Ислам мемлекеті» мүшелерінің ФСБ агенттерін өлтіру видеосы туралы ешқандай ақпараты жоқ екенін» хабарлаған. Ал ФСБ коммент беруден бас тартқан.

Қазақстан ұлттық қауіпсіздік комитеті «Ислам мемлекеті» ұйымы жариялаған видеода көрсетілген адамдар Қазақстан азаматы емес» деп мәлімдеген.

«Ислам мемлекеті» «ФСБ тыңшысы» ретінде атқан екі адамның бірі Жанболат Мамаев. (Видеодан көрініс)

«Ислам мемлекеті» «ФСБ тыңшысы» ретінде атқан екі адамның бірі Жанболат Мамаев. (Видеодан көрініс)

Азаттық бұл видеодағы адамдардың бірі Жанболат Мамаевтың та бұрын Қазақстанда туғанын, Жамбыл облысы Меркі ауданында тұрғанын анықтаған еді.

«Ислам мемлекеті» ұйымының содырлары былтырғы маусым айынан бері Ирак пен Сирияның біраз аумағын басып алып, олардың қатарына ондаған мемлекеттен экстремистер тартыла бастаған. АҚШ бастаған коалицияның әуе күштері ұйым позицияларын атқылап тұрады. Бірақ содырлар өздері бақылау орнатқан территорияда Ирак пен Сириядағы сүннит емес діни және этникалық азшылық өкілдерін мыңдап өз бетінше өлім жазасына кесіп жатыр. Батыс пен Шығыстың белгілі мұсылман теологтары «Ислам мемлекеті» ұйымының қатыгездігін сынап, бірнеше рет мәлімдеме жасады.

  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG