Accessibility links

«Ислам мемлекеті» орысша журнал шығарды


«Ислам мемлекеті» экстремистік ұйымының орыс тіліндегі «Исток» журналы.

«Ислам мемлекеті» экстремистік ұйымының орыс тіліндегі «Исток» журналы.

«Ислам мемлекеті» (ИМ) экстремистік ұйымы орыс тіліндегі «Исток» деп аталатын журналының алғашқы нөмірін шығарды. Ұйымның «әл-Хаят» ақпараттық бөлімшесі Twitter-дегі орыстілді аккаунтында мұның өз өнімі екенін айтты.

Бір қарағанда «Исток» «әл-Хаяттың» ағылшын тілінде шығатын «Дабиқ» журналына ұқсас. «Дабиқта»​ Құран мен хадистерден алынған дәйексөздер, қара жалауды желбіретіп тұрған солдаттардың түрлі-түсті фотолары көп. Ал «Исток» журналының мазмұны мүлде басқа. «Дабиқ» дін жолында шаһит болудың қадір-қасиетін түсіндіргенімен, ерлерге арналған заманауи журнал іспетті көрінеді. Ал «Исток» оның қасында тым қарабайыр әрі қызықсыз.

«Дабиқтың» өткен аптада шыққан санында Батыстың «Ислам мемлекетіне» қарсы құпия жоспарына» көп назар аударылған. Журнал мұқабасына «Олар жоспарлайды, Алла шешеді» деген тақырып қойып, АҚШ мемлекеттік хатшысы Джон Керридің суретін басқан. «Хилафадағы денсаулық сақтау» деп аталған мақалада автор «Ислам мемлекетінің» террорлық ұйым емес, нағыз мемлекет екенін дәлелдемек болған.

Ал «Исток» журналының жеті бетті алып жатқан бас мақаласында автор Шешенстанда «Ресей тирандарына» қарсы соғысып жатқан жерінен Сирияға аттанып, ондағы «Ислам мемлекеті» ұйымының қатарына не себептен қосылғанын жан-жақты дәлелдеуге тырысқан.

Журналдың қалған бөлігі түгелдей дерлік «Халифтер» деген материалдар топтамасына арналған. Онда тарихта болған ислам халифтерінің өмір жолдары баяндалған, материалдар кейбірі ат мініп, енді бірі танкінің үстіне шығып ту ұстап тұрған жауынгерлердің суреттерімен безендірілген.

«Ислам мемлекеті» ұйымы «Истоктан» бұрын да ағылшыннан басқа тілдерде журналдар шығарған. Мұның алдында француз тілінде Dar al-Islam басылымы жарық көрген. Quilliam экстремизмді зерттеу орталығының сарапшысы Шарли Уинтенің айтуынша, бұл журналды «әл-Хаят» шығарды деуге негіз аз. Ұйым «Дабиқ» журналын француз, неміс, албан, араб, индонезия тілдеріне аударып шығарып жүр дейді сарапшы.

ЖУРНАЛДЫҢ ШЫҒАРУШЫСЫ КІМ?

«Исток» журналында шығарушысы жайлы ақпарат берілмеген. Бірақ оны шығаруға Ресейдің Солтүстік Кавказ өңірінен Иракқа аттанып, сол жерде «Ислам мемлекетінің» әскери командирі Тархан Батирашвилимен (Умар әл-Шишани) жақсы байланыс орнатқан ықпалды топ қатысқан болуы мүмкін.

Бұл топ көсемдерінің қатарында көп видеоларда Батирашвилидің қасында жүрген ұлты қарашай Әбу Жиһад (Ислам Атабиев) пен өткен жылдың соңында Сирияға кетіп қалған шешен жігіті Ахмад Чатаев бар. Чатаев бұрындағы «Кавказ әмірлігі» тобының басшысы Доку Омаровтың серігі саналып келген.

"Ислам мемлекеті" ұйымының әскері. (Көрнекі сурет)

"Ислам мемлекеті" ұйымының әскері. (Көрнекі сурет)

Батирашвили мен Атабиев 2013 жылдың соңында «Кавказ әмірлігімен» жақын «Жайш әл-мухаджирин уәл-Ансар» тобынан кетіп, «Ислам мемлекетінің» көсемі Әбу Бәкір әл-Бағдадидің қол астына барып кірген еді. Олар бұл қадамға неге барғандарын бұрын да түсіндіріп айтқан. «Исток» журналының бас мақаласында солардың пікірлері қайталанады.

Мақала авторы «Солтүстік Кавказдағы» содырлардың елдеріне келіп, соғысты жалғастыруына «Жайш әл-мухаджирин уәл-Ансар» кедергі келтірді дейді. Батирашвили де бұрын видеожазба арқылы осындай мәлімдемелер жасап келген.

Соңғы кездері «Ислам мемлекетіндегі» Атабиевтің тобы Кавказдан қатарларына адам тартуда аса белсенділік көрсетіп жүр. Ал сәуір айында Дағыстанда Әлиасхаб Кебеков (Әли Әбу-Мұхаммед) атып өлтірілгелі бері Солтүстік Кавказ содырлары басшысынан айырылып, қожырап қалған. Әбу Усман Гимринский деген лақап аты бар Магомед Сүлейменов «Кавказ әмірлігінің» жаңа көсемі болып сайланды деген сөз шыққанымен, мұның анық-қанығы әлі белгісіз.

Соңғы кездері Атабиевтің тобына Дағыстаннан біраз кісі барып қосылған, солардың арасында белгілі жиһадшыл уағызшылар Ахмед Мединский мен Надир Әбу Халиф (Надир Методов) та бар. Методов 2014 жылы қазанда Дағыстанға тұтқынға алынды деп хабарланған. Алайда осы аптада жария болған видеода оның Ирактағы Атабиевтің қасында жүргенін байқаймыз.

«Исток» журналының жарыққа шыққаны орыстілділер арасында Сирия мен Ирактағы содырлардың қатарын толтырғысы келетіндерді көбейте ме, оған болжам жасау қиын.

Йоанна Паражчуктың мақаласын ағылшын тілінен аударған – Мұхтар Екей.

XS
SM
MD
LG