Accessibility links

Қауіпті вирус шығып қажылыққа бармау ескертілді


Сауд Арабиясы денсаулық сақтау министрлігінің өкілдері коронавирус жұқтырған аурудың көңілін сұрап тұр. Эль-Хаса, 13 мамыр 2013 жыл

Сауд Арабиясы денсаулық сақтау министрлігінің өкілдері коронавирус жұқтырған аурудың көңілін сұрап тұр. Эль-Хаса, 13 мамыр 2013 жыл

Қазақстанның денсаулық сақтау министрлігі ел азаматтарын Таяу Шығыста тараған қауіпті вирусқа байланысты Сауд Арабиясына бармай тұра тұруға шақырды. Әзірше бірде-бір адам сапардан бас тартпаған.

Қыркүйектің 26-сы күні тараған ақпаратқа қарағанда, қазір әлем бойынша 130 адам коронавирус жұқтырып, оның 58-і қайтыс болған. Коронавирусты негізінен Иордания, Катар, Біріккен Араб Әмірліктері және Сауд Арабиясы тұрғындары жұқтырғаны анықталған. Италия, Ұлыбритания, Солтүстік Ирландия, Тунис пен Францияда да коронавирус жұқтырған адамдар тіркелген. Бірақ вирусты жұқтырғандардың ең көбі - Сауд Арабиясының азаматтары.

Қазақстанның денсаулық сақтау министрлігі «инфекцияның таралу жолдары әзірге нақты анықталмағанын» мәлімдеді. Осыған байланысты министрлік қазан айында Сауд Арабиясына қажылыққа аттанатындарды да бұл сапардан бас тартуға шақырды.

«БАС ТАРТҚАН ЕШКІМ ЖОҚ»

Ал діни парызын өтеу үшін қажылық сапарға аттанушы қазақстандық мұсылмандар жол алдындағы соңғы дайындықтарын жасап жатыр. Азаттық тілшісі хабарласқан Алматыдағы бірқатар қажылық сапарын ұйымдастырушы туристік компания өкілдері «сапардан бас тартып жатқан ешкім жоқ» деп жауап берді.

Электрондық микроскоппен қарағандағы коронавирустың түрі.

Электрондық микроскоппен қарағандағы коронавирустың түрі.

- Бірде-бір адам келіп, жолдамасын қайтарған жоқ. Алланың жолына бара жатқан адам бәріне дайын ғой, - деді туристік компанияның есімін атағысы келмеген басшысы.

Биыл қажылыққа баруды жоспарлағандардың бірі - 51 жастағы Қажымұқан есімді азамат. Осының алдына қажыға баруға екі рет дайындалып, жолы түспеген ақтөбелік тұрғын «үшінші рет жолым болар» деп ниеттеніп отыр.

- Намазымызды, дұғаларымызды қайталап, жаттап жатырмыз. Екі жыл ниеттеніп едім, бара алмай қалдым. Биыл енді жолым болып жатқан сияқты. Қазанның 7-сі күні ұшамыз ба деп отырмыз. Ал ескерту бізге тоқтам болмайды. Ниеттенген соң, Алланың жазғаны болады да. Мұнда да өзімізге айтылып жатыр, бірақ біз вирусқа қарсы міндетті вакцинасын алдық қой. Басқасы – Алланың қолында, - деді Қажымұқан.

Биыл қажылық сапары үшін Қазақстанға 5500 квота берілген.
  • 16x9 Image

    Мәншүк АСАУТАЙ

    1980 жылы туған. Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін бітірген.

    Қарағанды қаласындағы жергілікті телеарнада қызмет еткен. 2004 жылдан бері Азаттықтың тілшісі. 

    Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG