Accessibility links

Мұнайдың арзандауы Қазақстанға қалай әсер етеді?


Теңге құнсызданған күні көшеде сауда жасап тұрған адамдар. Атырау, 4 ақпан 2009 жыл. (Көрнекі сурет)

Теңге құнсызданған күні көшеде сауда жасап тұрған адамдар. Атырау, 4 ақпан 2009 жыл. (Көрнекі сурет)

«Мұнай бағасы құлдырауы Қазақстанның экономикасына ғана емес, саяси жағдайына да теріс әсер етуі мүмкін» дейді сарапшылар. Әлем нарығында мұнай бағасы биылғы маусымнан бері 20 пайызға жуық арзандады.

Америкалық Вloomberg агенттігінің хабарлауынша, АҚШ биржаларында мұнайдың бір баррелінің бағасы кешегімен салыстырғанда 1,3 пайызға қымбаттап, орта есеппен 83-87 доллар деңгейінде тұрақтаған.

Қазанның 17-сі күні Қазақстан үкіметі мұнай бағасының арзандауына байланысты 2015 жылдың бюджет жобасын қайта қарайтынын мәлімдеді. Премьер-министрдің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев «үкімет келер жылдың бюджетін мұнайдың бір баррелі 80 долларға дейін арзандауы мүмкіндігін ескере отырып қайта қарайды» деді.

Бұдан бұрын ұлттық «ҚазМұнайГаз» компаниясы өкілдері «мұнай бағасы арзандап кетсе, дағдарысқа қарсы жоспар құрамыз» деген еді. Ол кезде компания басшысы Сауат Мыңбаев «мұнайдың бір баррелі 90 доллар болғаны бізге елеулі әсер етеді» деп мәлімдеген.

Айдар Әлібаев, «Финпотребсоюз» ҮЕҰ төрағасы, зейнетақы қорлары қауымдастығының экс-төрағасы

«Финпотребсоюз» ҮЕҰ төрағасы Айдар Әлібаев. Алматы, 2 сәуір 2014 жыл.

«Финпотребсоюз» ҮЕҰ төрағасы Айдар Әлібаев. Алматы, 2 сәуір 2014 жыл.

– Мұнай бағасы түсіп кетті деп айтуға әлі ертерек, әзірше көріне бастаған кейбір тенденция жөнінде ғана айта аламыз. Егер мұнай бағасының құлдырау тенденциясы сақталып, баға 80 долларға дейін түсіп кетсе әрі сол шамада тұрақтап, тенденциядан әлдебір тұрақты құбылысқа айналса ғана бюджет үшін жайсыз тиеді.

Мұнай сату – бюджетті толтырудың негізгі көздерінің бірі болғандықтан бюджетті толтыру қиындығы туады. Егер мұндай проблема туса, мемлекеттің әлеуметтік міндеттемелерін орындауына қатысты мәселелер бірден пайда болады. Бюджетті толтыру өзінен өзі шешіле қалмайтынын білеміз, сондықтан шенеунік оны толтырудың жолдарын іздей бастайды. Мұны көп жылдық тәжірибеден көріп келеміз.

Пётр Своик, экономист, ЖСДП төрағасының орынбасары

ЖСДП төрағасының орынбасары Петр Своик. Алматы, 24 сәуір 2013 жыл.

ЖСДП төрағасының орынбасары Петр Своик. Алматы, 24 сәуір 2013 жыл.

– Мұнайдың арзандауы Қазақстан экономикасына қатты әсер етеді. Елдің жалпы ішкі өнімінің (ЖІӨ) ширегі мұнай экспорты есебінен қалыптасады. Бүкіл қызметті есептегенде бұл ЖІӨ-нің тең жартысын құрайды. Қазір бізде мұнай көлемі тіпті сәл азайғаны, мұнай бағасының арзандауы төлем балансына аса жайсыз тиеді. Ал ұлттық банк өзінің алтын-валюта қоры есебінен теңге бағамын ұзақ ұстап тұра алмайды. Рубль құнсызданып бара жатқан тұста ұлттық валютаны девальвациялау туралы мәселе бәрібір шығатын сияқты. Қазір үкіметке жайсыз сәтті созуға және «теңгеміз мықты, биыл девальвация болмайды» деп айтуға мүмкіндік беретін себеп көп.

Бірақ біз байқап отырған мұнай бағасының арзандауы мен рубльдің шапшаң құнсыздануы Қазақстанның төлем балансына шамамен қараша айынан бастап әсер ете бастайтыны анық. Үкімет ұлттық валютаны девальвациялау қажет екенін биылғы қараша-желтоқсан айлары мен келесі жылдың басында ойлана бастауы мүмкін.

Валентин Макалкин, экономист, парламенттің экс-депутаты

Экономист Валентин Макалкин.

Экономист Валентин Макалкин.

– Мұнай бағасының арзандауы Қазақстанға жайсыз әсер етуі мүмкін. Бірақ, меніңше, аса қорқынышты ештеңе бола қоймайды. Ол барлық параметр жағынан арзандап жатқан жоқ. Бұған нақты жауап беру үшін бағаның қанша позицияға түсетінін, ол мұнай сатудың жалпы көлемі мен сыртқы нарықтағы сатылым көлеміне қаншалықты әсер ететінін білу керек. Жалпы мұнайдың арзандауы - Қазақстан үшін жайсыз жағдай.

Әзімбай Ғали, саясаттанушы, тарих ғылымдарының докторы

– Меніңше, Қазақстан экономикасына әсер ететін бірнеше фактор бар. 1990 жылдары Қазақстанда мұнай мен оның бағасынан маңыздырақ оңшыл либералдық реформалар жүргізілді. Кейін 1998-1999 жылдардың экономикалық дағдарысын, жағдай өзгерген 2009-2010 жылдардың дағдарысын еңсердік. Сондықтан бірнеше фактор бар, ал мұнай факторын олардан оқшау алып қарауға болмайды.

Саясаттанушы Әзімбай Ғали.

Саясаттанушы Әзімбай Ғали.

Мұнайдың қаншалықты арзандайтынын дәл тауып айту қиын, бірақ 20-30 долларға дейін құлдырамайтын шығар. Тіпті баға барреліне 60-70 доллар болғанның өзінде әлеуметтік, экономикалық бағдарламаларға бұл әсер етеді, сосын міндетті түрде экономикалық және әлеуметтік реформалардың жетістіктерін «қолдан басқаруға» көшуге тура келеді. Бұл механизмнің бұзылуы экономикалық және әлеуметтік салалардың сәтсіздігіне әсер етіп, одан әрі элита мен жоғары оқу орнындағы саяси жағдайға әсер етуі мүмкін.

Тағы бір сыртқы саяси фактор – Қазақстан Ресейдің жақын одақтасы екендігі. Онда да дәл осындай жағдай. Кезінде жақсы нәтиже берген Гайдардың реформаларын кейін тоқтатып тастады. Мұнайдың арқасында Қазақстан мен Ресей ЖІӨ-сін екі есеге өсіріп алды. Сосын екеуі де «қолдан басқаруға» көшіп, коррупция сияқты проблемалар пайда болды. Қазір Ресей санкцияға ілікті, оның жақын одақтасы болғандықтан бұның әсері бізге де тиеді. Олар өздерінің антинарықтық әрекетімен бізді де іле кетіп отыр, бұл да – қосымша фактор. Қазір теңге де құлдырап кетуі мүмкін. «Жұт жеті ағайынды» деген осы.

  • 16x9 Image

    Светлана ГЛУШКОВА

    Светлана Азаттықтың Астана бөліміндегі тілші болып 2010 жылдан бастап істей бастады. Жоғары білімді ҚарҰУ-де алған. Жеті жыл қалалық жәнереспубликалық арналарда тілші және редактор ретінде тәжірибе жинаған.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG