Accessibility links

Компьютер көркем жазуды ұмыттырып барады


Көркем жазуды үйреніп тұрған оқушы. (Көрнекі сурет)

Көркем жазуды үйреніп тұрған оқушы. (Көрнекі сурет)

Ондаған жылдар бойы қолмен әдемілеп жазу әлемге ортақ ереже еді. Оқушыларға көркем жазуды үйрететін арнайы пән де болды. Бірақ компьютер кең тараған сайын көптеген елдер стандартты оқу жоспарынан көркем жазу пәнін алып тастап жатыр. «Болашақ ұрпақ онсыз да өмір сүреді» дейді олар.

«ҰЛЫМ ХАТЫМДЫ ОҚИ АЛМАДЫ»

АҚШ-тағы Чикаго қаласының шетінде тұратын 13 жасар Тайлер Медер – сегізінші сынып оқушысы. Мектептегі оқушылардың мақтанышы Тайлер үшінші сыныпта мұғалімі көркем жазу сабағын бастағанда қалай құмарланып оқығанын әлі ұмытқан жоқ.

– Маған ол пән қатты ұнады. Себебі тез жазғанды жақсы көрем. Көркем жазу жылдам жазуға да өте қолайлы екен, – дейді ол.

Бірақ бұл пән жарты жыл ғана оқытылды. Содан кейін Тайлер көркем жазуды үйренген емес. Біраздан кейін ол бұрынғы жазу мәнеріне қайта көшкен. Көп ұзамай-ақ жазуы нашарлай бастағанын байқаған.

– Мен жылдам жазамын. Сондықтан жазуым нашарлап, бұзыла бастайды. Кезінде көркем жазудан көбірек сабақ алғанымда қазір жазуым әлдеқайда әдемі болар еді, – дейді оқушы.

Оның анасы, көркем жазудан сабақ беретін Мередис қолмен жазып кеткен хатын баласының оқи алмағанын айтады.

ҚОЛМЕН ЖАЗУ – ӨНЕР

АҚШ-та бір заманда көркем жазу үйрететін мұғалімдер бастауыш мектепте ең керекті мамандар еді. Олар балаларға жазу стилін меңгерту үшін бірнеше жыл бойы латын әріптерін бір сызықтың бойымен, бір-біріне қосып көркем жазуды үйрететін.

Қазір ол елдегі орта мектептердің 80 пайыздан астамы сабақ кестесінен көркем Әріп үйреніп тұрған оқушы. (Көрнекі сурет)

Әріп үйреніп тұрған оқушы. (Көрнекі сурет)

жазу пәнін алып тастап, оның орнына технология мен компьтерде теріп жазуды оқытып жатыр. Бұл қолмен жазу үлгісін жақтайтындарды алаңдатып отыр.

Көркем жазуды үйрететін «Енді жазсақ болады» атты кітаптың авторларының бірі Барбара Гетти АҚШ-тың Орегон штатында балалар мен ересектерге көркем жазуды оқытатын орталықта 40 жылдан бері сабақ беріп келеді.

Бастауыш мектепте ұстаз болған Геттидің айтуынша, балаларға қолмен жазуды үйренудің пайдасы ұшан-теңіз.

– Балаларға қолмен жазған және қағазға белгі салып сызған ұнайды. Бірақ адамдар қолмен жазуды қаперіне ілмей барады. Өз баласының жазуы ұқыпты болғанына мүдделі азғантай мұғалімдер болмаса, негізінен қазір көркем жазуға ешкім көңіл бөлмейді. Орта мектептерде көркем жазу сабағының елеусіз пәнге айналғаны қабырғама қатты батады, – дейді Гетти.

Барбара Гетти студенттерден бастап, полиция офицерлеріне, заңгерлерге, дәрігерлерге, жазуы нашар тағы басқа бірталай адамға анық жазуды үйреткен. Ол жұмыста, мектепте қолмен әдемі етіп, анық жаза алмағанының кесірінен қиналып жүрген жүздеген адамды көргенін айтады.
Хат алғанда қай танысыңыздан келгенін бірден білесіз. Себебі оның өзіне тән жазуы бәрін айтып тұрады.

Осы уақытқа дейін күн сайын хаттарды қолмен жазып жүрген кәсіпқой каллиграф Гетти «өліп бара жатқан қолмен жазу өнері сағынышты түбі бір оятады» деп сенеді.

– Сіз пошта жәшігіңізден хат алғанда қай танысыңыздан келгенін бірден білесіз. Себебі оның өзіне тән жазуы бәрін айтып тұрады. Адамдар қолмен жазу өнерінің өте маңызды екенін келешекте түсінеді деп үміттенемін, – дейді Гетти.

«МӘТІН ӨЗГЕРСЕ ДЕ, АҚПАРАТ ӨЗГЕРМЕЙДІ»

Қазір Батыстың көптеген елдерінде де студенттің таза, көркем жазуына, тіпті грамматикасына емес, шығармасының сапасы мен мазмұнына көбірек назар аударады.

Батыстағы кейбір мамандар «кейінгі ұрпақ енді біраз уақыттан соң қолмен жазылған хаттарды, құжаттарды оқығанда бейне бір орта ғасырлық қолжазбаны шұқшиып оқығандай қиналатын шығар» деп алаңдайды.

Аризона университетінің профессоры Стив Грэхемнің ойынша, қазір адам шошитын Жазу жазып отырған оқушылар. Алматы, 22 қыркүйек 2009 жыл. (Көрнекі сурет)

Жазу жазып отырған оқушылар. Алматы, 22 қыркүйек 2009 жыл. (Көрнекі сурет)

жазу үлгісінің қалыптасуына себеп – жойылып бара жатқан көркем жазу үлгісіне деген ешқандай сағыныштың қалмағаны.

Қолмен жазуды қорғаушылардың көбі «келесі ұрпақ қолмен жазылған жазуды танымайды, құжатқа өз қолдарын өзі қоя алмайды, ешқандай да тарихи кітапты (керек десеңіз өзінің әжесінің жазған хатын да) оқи алмайды» деген уәж айтады. Бірақ Грэхем «мұндай қарсы пікір тым асыра айтылған» деп біледі.

– «Оқушылар конституцияны оқи алмайтын болады» дейді. Сіз өзіңіз АҚШ конституциясын жиі оқисыз ба? Екіншіден, конституцияны таңбаланған мәтін күйінде де ұсына береді. Ақпарат өзгермейді. Мәтіндер көне жазу үлгісінде жазылғанымен, сөздер өзгеріп кетпейді. Оған қоса біз қолмен жазуды біржолата жойғалы жатырмыз деп ойламаймын. Біздің қазіргі жазу құралдарымыз өте арзан, – дейді ол.

Ол жазуын жақсартқысы келетін адамдар үшін көркем жазудың пайдалы екенін де жоққа шығармайды.

– Көптеген адамдар түсінікті болу үшін әріптерді маржандай қылып жазғанда ондай адамдардың жазбаша ой-пікірлері өтімді болады. Қалай болса солай, ретсіз жазылған идеяларға жақсы баға берілмейді. Балалар да анық әрі жылдам жаза бастағанда өздеріне деген сенімі артуы мүмкін, – дейді профессор Стив Грэхем.

«КӨРКЕМ ЖАЗУ – БІЛІМНІҢ ЖАРТЫСЫ»

Ал Ауғанстандағы ұстаздар «көркем жазу – білімнің жартысы» дейді. Ол жақта балалар араб әліпбиіне негізделген дари және пуштун жазуларын меңгеру үшін әлі Ауған каллиграфиясы.

Ауған каллиграфиясы.

күнге дейін сабақта көркем жазу жаттығуларын орындайды.

Ресейдегі бастауыш сыныптың оқушылары орыстың кирилл әліппесін жазуды үйрене бастайды. Сырттан қараған кісіге алғашқы әріптер түсініксіз ирек-ирек таңбалар сияқты көрінеді. Оқушылар бұл пәнді кем дегенде үш немесе төрт жыл оқиды.

Бұл ережелер Ресейде қатаң сақталады. Тіпті қазіргі компьютермен жылдам жазуды талап ететін жаңа заманда да Ресейде қолмен жазу ережесі балалар арасында да, ересектер арасында да тәртіп боп қалыптасқан. Соның арқасында мектеп оқушылары әлі күнге дейін қолмен жазылған хаттар мен құжаттарды көп қиналмай оқи береді.

«КОМППЕН ЖАЗҒАНДЫ ҰНАТАМЫН»

Қазақстанда көркем жазу – міндетті сабақтың бірі. Даярлық сыныбына баратын балаларға «Сауат ашу» пәні оқытылады. Бұл – көркем жазудың жеңілдетілген түрі. Ал бірінші сыныпқа барған оқушы әріпті «Әліппе» сабағынан, ал олардың жызылуын «Көркем жазу» сабақтарынан үйренеді.

Бастауыш сыныпқа бес жылдан бері сабақ беріп келе жатқан Роза апайдың айтуынша, «көркем жазу баланың әріпті қабылдап, тез меңгеруіне жақсы әсер етеді».

– Мен балаға қалам ұстап үйреткенді ұнатамын. Алты-жеті жастағы бала алғаш мектепке келгенде қолына қалам алып, жаңадан таныған әріптерін қағазға түсіреді. Сара Назарбаеваның туған күні құрметіне арнап Исатай Тайманов атындағы №27 мектеп оқушылары шығарған қабырға газеттері. Атырау, 7 ақпан 2011 жыл. (Көрнекі сурет)

Сара Назарбаеваның туған күні құрметіне арнап Исатай Тайманов атындағы №27 мектеп оқушылары шығарған қабырға газеттері. Атырау, 7 ақпан 2011 жыл. (Көрнекі сурет)

Бұл арқылы ол әріптерді тез есте сақтайды. Жалпы баланың қолына қалам алып, жазуды үйренгені абзал. Қаламмен жазу баланы ұқыптылыққа үйретеді. Осылайша әр баланың өзіндік стилі қалыптасады, – дейді Роза апай.

Ол қазіргі компьютер заманында қаламды клавиатураға ауыстыру процесі Қазақстанда аса танымал болмайды деп біледі.

– Себебі біздегі техника, оны қолданудың аяқ алысы ақырын, – дейді Роза апай.

Алайда ол кісінің оқушылары қаламмен жазудан гөрі «комппен» жазғанды ұнатады екен.

– Қаламмен әріптерің қисық жазылып, қатеңді түзетуге мүмкіндік болмайды. Ал комппен жылдам, әріптерің біркелкі жазасың. Әрі қателерді тез түзеуге болады, – деді алтыншы сынып оқушы Аруана.

Қазір үй тапсырмаларын орындағанда қалам мен дәптерге жүгінетін Аруана болашақта қалам мүлдем қажетсіз болады деген пікірге сенбеді.
  • 16x9 Image

    Мәншүк АСАУТАЙ

    1980 жылы туған. Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін бітірген.

    Қарағанды қаласындағы жергілікті телеарнада қызмет еткен. 2004 жылдан бері Азаттықтың тілшісі. 

    Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG