Accessibility links

Шеттегі Иран оппозициясын іштен көрген студент


Әлина Әлімқұлова, қырғыз студенті. Париж, 19 маусым 2013 жыл.

Әлина Әлімқұлова, қырғыз студенті. Париж, 19 маусым 2013 жыл.

Қырғыз студенті эммиграциядағы ирандықтар құрған оппозициялық «Муджахеддин-э Халк» ұйымының Париждегі демонстрациясына Прагадан қалай шақырылғанын еске алады.

МХ пен оның Парижде орналасқан Иранның Ұлттық қарсыласу кеңесі (ҰҚК) деп аталатын саяси қанаты дау-дамайға жиі ілігеді. АҚШ пен ЕО Ирандағы режимнің өзгеруін қалайтын МХ-ны жақында ғана террористік ұйымдар тізімінен шығарды. Қарсыласу кеңесі мен оның президенті Мариям Раджави қуғында жүрген белгілі ирандықтар қатысатын демонстрациялар ұйымдастырып атын шығарған.

Бірақ Әлина Әлімқұлованың күнделігіне қарасақ маусымның 22-і күні Париждегі демонстрацияға жиналған ондаған мың қолдаушының көбі Иранның азаттығы үшін емес, басқа себептермен жиналғанға ұқсайды.

20 МАУСЫМ

21:00

Прагада интернеттен жаңалық қарап, музыка тыңдап отырып бір жарнаманы көзім шалып қалды. Онда Парижге бір апталық саяхат ұсыныпты. Өмірімде бір рет болсын Парижге баруды армандап жүрген едім.

Бағасы адам нанғысыз арзан екен. Автобуспен қаланы аралатады, 4 жұлдызды қонақ үй, таңғы ас барлығын қосқанда 35-ақ евро екен.
Ол шеру бейбіт жағдайда өтеді, үйіңе аман-есен ораласың деп уәде етті.

Ұйымдастырушыға хабарласып, саяхаттың басқаша мүддесі барын білдім. Бірақ оған алаңдағам жоқ. Ұйымдастырушы маған Париждегі шеруге бірнеше сағат қатысып, жалаулар бұлғап, парсы тілінде айғайлап, бірнеше ұран айтып беруің керек деді. Ол шеру бейбіт жағдайда өтеді, үйіңе аман-есен ораласың деп уәде етті.

Парсыша мүлдем сөйлей алмасам да, Ирандағы жағдай туралы көп нәрседен бейхабар болсам да, Парижді көріп қайтайын деп шештім. Ұсыныс өте тиімді болғандықтан бас тарту қиын болды. Оның үстіне мен Қырғызстан азаматымын. Мұндай қарсылық шерулеріне шығуға үйреніп алғанбыз.

21 МАУСЫМ

21:00

Прагадағы автостанцияға қырғызстандық студент досыммен бірге келдім. Ұйымдастырушы кеше айтқандай бізді Парижге апаратын 8 автобус күтіп тұр екен. «Шерушілердің» көбі мен сияқты жас студент екендері көрініп тұр. Мен ол жерде барлығы да интернет арқылы шақырылған ресейлік, украиналық, чехиялық және Азия елдерінен келген студенттерді кездестірдім.
Муджахеддин-э Халк ұйымдастырған шеру. Париж, 23 маусым 2012 жыл

Муджахеддин-э Халк ұйымдастырған шеру. Париж, 23 маусым 2012 жыл


22:16

Автостанцияда әлі отырмыз. Адамдар әлі келіп жатыр. Дала суық, жаңбыр жауып тұр. Кейбір кісілер жылыну үшін алкоголь ішімдіктер іше бастады. Енді біреулері «Иранның тотықұстарына бостандық!» және «Ұйымдастырушылар сыра
әкелсін!» деген ұрандата бастады.

22:42

Біз әлі күтіп тұрмыз. Мен сапарымыздың мақсаты туралы кішкене де болса бірдеңе біле ме деп, сонда тұрған ресейлік екі қызбен сөйлестім. Қыздардың бірі: «Ирандағы әйелдердің құқығын қорғау үшін» деді. Екіншісі «Ирандағы әйелдерге кімнің басы ауырыпты? Ол жаққа сымбатты француз жігіттерімен кездесу үшін барамыз» деді.

23:12

Ұйымдастырушы ақыры келді де, бізді автобусқа мінгізді. Саяхат басталды.

22 МАУСЫМ

11:56

Автобуспен ұзақ жол жүріп, дұрыс ұйықтай алмай ақыры Парижге жеттік. Ұйымдастырушылар бір күн бойы Парижді аралай аласыңдар деді.

17:31

Осы шеруге қатысуға Германиядан келген студентті кездестірдім. Бірақ ол жігіт Иран емес, Ирактағы өзгерісті қолдау үшін келдім деп ойлайды екен.

23 МАУСЫМ

00:52

Қонақ үй Парижден 60 шақырымдай жерде орналасқан екен. Олар бізге 4 жұлдызды қонақ үйге түсесіңдер деген. Бірақ олардың бізді әкеліп түсірген жұпыны жерін мен «бір жұлдызды қонақ үй» деп те айтпас едім. «Парижге саяхат жасағанда 35 евроға бұдан артық не күтіп едіңдер?» деді біреуі біз дәретханаға кезекке тұрғанда.

11:42
Париждегі Иран оппозициясы көтерген ту. 19 маусым 2013 жыл.

Париждегі Иран оппозициясы көтерген ту. 19 маусым 2013 жыл.


Қатты ұйықтаппын, таңғы асқа кешігіп қалдым. Ерте тұрғандар таңғы асқа сүт пен сэндвич берді деді.

13:16

Автобус бізді Шарль де Голль әуежайының қасындағы бір жерге апарды. Бізге сол жерде қайда баратынымыз және не істейтініміз туралы нұсқау жазылған парақтар таратылды. Фотоға түсіруге рұқсат етілмеді. Автобустан түскен соң «қашып кету» деген ойдың іске аспайтынын ұқтым. Себебі алаңды адамдар қоршап тұр.

Барлық жерге сары-күлгін түсті жалаулар іліп қойыпты. Жалауларда «Мариям Раджави» деген адамның аты жазылған. Мейлі, ең болмағанда осы жаппай шерудің артында тұрған адамның атын білдік.

Әртүрлі елден келген көп автобусты көргенде адамның жүрегі қобалжиды. Ғимаратқа кіргенде күзетшілер тексерді. Ескертуге қарамастан рюкзагыма фотоаппарат салып өтіп бара жатқан жерімде мені тоқтатты. Ең қызығы, күзетшілерге бірнеше евро ұстата қойып едім, фотоаппарат алып кіруіме рұқсат бере салды. Әне-міне дегенше ғимарттың ішінен бір-ақ шықтым.

14:23
Париждегі Иран оппозициясы шеруіне қатысушы шетелдіктер. 19 маусым 2013 жыл.

Париждегі Иран оппозициясы шеруіне қатысушы шетелдіктер. 19 маусым 2013 жыл.


Іште кем дегенде 10 мың адам бар екен. Залда музыка ойнап тұр. Барлық келушілерге тегін сусын мен сэндвичтің купоны таратылды. Біз сусындап, тамақтанып алған соң, стадионда өтіп жатқан үлкен қарсылық шеруіне барып қосылдық. Әрбір орындыққа наушник орнатыпты. Соның арқасында біз сөйлеп жатқандардың сөзін тікелей аудармамен тыңдай алдық. Кенет қасымда басынан аяғына дейін жамылып киінген әйелдің тұрғанын байқап қалдым. Ол «Аллаху Акбар» деп, тоқтаусыз айғайлап тұрды. Осы да жетер. Шығатын есікті тауып, кетуім керек.

15:11

Ұйымдастырушылар балық сэндвичі мен кәуап таратып жатқан жердегі сыртқы есіктің жанында, бір адамдардың ана тілімде қырғызша сөйлесіп тұрғанын құлағым шалып қалды. Олар Германиядан келген үш студент екен.

21:28

Автобусқа қайтып оралғанша күні бойы Париждің қызық жерлерін араладым.

24 МАУСЫМ

11:57

Прагаға қайтып оралдық. Көңіл-күйім жоқ. Тіпті Парижде сатып алған сувенирлер де көңілімді жадырата алмайды. Болған оқиғаны ой елегінен өткізіп отырсаң: «Батпан құйрық, бұл не қылған жайдан-жай жатқан құйрық» деген мақал еске түседі екен.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG