Accessibility links

«Тұтқындардың көзінен қуаныш көрдік» дейді Освенцимді азат етуші


Освенцимді азат етушілердің бірі Иван Мартынушкин. Краков, 27 қаңтар 2005 жыл.

Освенцимді азат етушілердің бірі Иван Мартынушкин. Краков, 27 қаңтар 2005 жыл.

1945 жылы қаңтардың 27-сінде қызыл әскер Освенцимдегі концлагерь тұтқындарын азат етті. Бұл лагерьде нацистер жүздеген мың тұтқынды қамауда ұстап, өлтірген еді.

Әлем халқы екінші дүниежүзілік соғыс кезінде Польшаның Освенцим қаласындағы Аушвиц-Биркенау концлагері тұтқындарын азат етудің 70 жылдығын тойлауға дайындалып жатыр. Азаттық тілшісі тарихи оқиғаға куә болған көзі тірі советтік ардагердің бірімен сұхбаттасты.

КӨЗ ЖҰМҒАНЫ –​ 1,1 МИЛЛИОН, ТІРІ ҚАЛҒАНЫ –​ 7500

Совет армиясының аға лейтенанты Иван Мартынушкин өзі басқаратын атқыштар бөлімшесімен Польшаның Освенцим қаласына қарай жылжуға бұйрық алғанда 21 жаста еді. Қызыл Армияның 322-атқыштар дивизиясының бөлімшесі азат етілген Краковтан оңтүстік-батысқа қарай баяу қозғалып келе жатқанда бірнеше рет неміс әскерлерімен бетпе-бет келіп, соғысты.

Мартынушкиннің айтуынша, қатты шаршап, мазалары кеткен солдаттар алда не күтіп тұрғанынан хабарсыз болған.

– Бір ауылда немістерге тойтарыс беріп, ары қарай жүрдік. Содан соң айналасының бәрі электрлі тікен сымдармен және күзет мұнараларымен қоршалған үлкен алаңға келіп тірелдік. Тікенекті сымның ар жағынан ғимараттар көрінді. Жақындаған кезде онда адамдар бар екенін байқадық, – дейді 91 жастағы Иван Мартынушкин.

Мартынушкиннің тобы жақындап келгенде іштегі адамдардың тұтқындар екенін аңғарған. Поляк, еврей, сыған мен басқа да этникалық азшылық өкілдері нацистер салған ажал лагерінде жаппай қырылған еді.

Қызыл армия құтқарған Аушвиц тұтқындары. 1945 жылдың қаңтары.

Қызыл армия құтқарған Аушвиц тұтқындары. 1945 жылдың қаңтары.

​Освенцим түрмелерінде 1,1 миллионға жуық адам газ камерасына тұншығып, аштық пен ауыр еңбектен, азаптау мен сырқаттан көз жұмған. Қызыл Армия Аушвицке жеткенде лагерде 7500-ден астам тұтқын ғана қалыпты. Мартынушкиннің айтуынша, басында советтік солдаттар қоршаудың ар жағындағылардың кімдер екенін ажырата алмаған.

– Басында олар да, біз де сақтық жасадық. Бірақ олар сәлден соң бізді танып, белгі бере бастады, өздерінен қорықпауды, тікенді сымның қасында фашистердің жоқ екенін айтты. Тек тұтқындар қалыпты, – дейді соғыс ардагері.

Мартынушкиннің бөлімшесі лагерьге бірден кірмейді – бұндай міндет Бірінші Украина фронтының 100 және 107-бөлімдері мен 60-армиясына жүктелген еді. Атқыштар бөлімшесі алдымен азат етілген аумақты шолып, неміс солдаттарының жасырын ізін іздейді. Айналаның қауіпсіз екеніне көздері жеткен соң қызыл әскерлер лагерьге кіреді. Сол кезде көрген сұмдықтан төбе шаштары тік тұрады.

Аушвиц концлагерінің маңдайшасындағы "Еңбек сені азат етеді" деген жазу әлі тұр. Польша, 19 қаңтар 2015 жыл.

Аушвиц концлагерінің маңдайшасындағы "Еңбек сені азат етеді" деген жазу әлі тұр. Польша, 19 қаңтар 2015 жыл.

– Қудай арық, азып-тозған, шаршаған, терілері қарайып кеткен адамдарды көрдік. Олар үстіне қолға ілінген нәрсені киіп алыпты, біреуі халат, енді бірі тек пальто киген, оларын көрпемен жамап алған. Көздері бақытты күнге жеткендерін білдіріп тұрды. Азат етілгендерін, бостандыққа жеткендерін түсінді, – дейді Иван Мартынушкин.

Бөлімше лагерьде жарты сағаттай ғана аялдап, тұтқындармен тілдеседі. Иван Мартынушкин оларды венгрлік еврейлер болар деп жорамалмайды.

– Бәріміз аздап неміс, ағылшын және поляк тілінде сөйлестік, олардың қай тілде сөйлегендерін білмеймін. Тілмен айтып жеткізе алмаса да, тұтқындардың қуанышы бет-әлпетінен байқалып тұрған. Жақсы іс жасағанымызды сезіндік, – дейді ардагер.

«ҚОҒАМДЫҚ БІРЛІККЕ ЛАЙЫҚ ОҚИҒА ЕДІ»

Ұлты орыс қария Аушвиц лагерін азат еткен совет әскері туралы жақсы естеліктер айтады. Ол көптеген еске алу шараларына қатысты, тіпті 2005 жылы Краковты азат етудің 60 жылдық мерейтойында Владимир Путиннің қолынан марапат та алды.

Соғыс ардагері Иван Мартынушкин мен Ресей президенті Владимир Путин. 27 қаңтар 2005 жыл.

Соғыс ардагері Иван Мартынушкин мен Ресей президенті Владимир Путин. 27 қаңтар 2005 жыл.

Бірақ қария содан кейінгі саяси ерегестің тарихи оқиғаға көлеңке түсіргенін айтады. Украинадағы соғыстың кесірінен Польшамен қарым-қатынасы нашарлаған Путин биыл Польшадағы Аушвицті азат етудің 70 жылдық мерейтойына қатыспайды. Оның үстіне Мәскеу Польшаның «Аушвицті азат еткен – украиндар» деген пікіріне наразы.

Қаңтардың 21-і күні сөйлеген сөзінде Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров советтік армия әу бастан көп ұлтты болғанын айтып, «оның құрамында орыстар, украиндар, шешендер, татар, грузиндер – бәрі болды, азат етуге бәрі қатысты» деді.

Ал Иван Мартынушкин салтанатты 70 жылдық мерейтойды көретініне қуанышты екенін айтады, бірақ саяси шиеленіс кесірінен тарихи оқиғаның көмескілене бастағанына қынжылады. Әсіресе жақында болған Париждегі терактіден соң бүкіл Еуропа оған ниеттес екенін білдіргенде, Аушвицті азат ету оқиғасы сондай дәрежеге лайық емес пе деп кейиді.

– Бұл да сондай қоғамдық бірлікке лайық оқиға ғой. Көзқарастар қақтығысы мен түсініспеушіліктерге қарамастан, сол кезде қаза тапқан жандарды бірге еске алғанымыз дұрыс еді. Өкінішке қарай, олай болмай тұр, – дейді Иван Мартынушкин.

Елена Поляковская мен Дейзи Синделардың мақаласын ағылшын тілінен аударған – Динара Әлімжан.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG