Accessibility links

Боксшылар жеңіп, палуандар жығылған күндер


Қазақ боксшысы Серік Сәпиев. Лондон, 10 тамыз 2012 жыл
Қазақ боксшысы Серік Сәпиев. Лондон, 10 тамыз 2012 жыл

10 тамыз күні Қазақстан құрамасы төртінші қола медаль иеленді. 11 тамыз күнгі белдесулерде қазақ балуандары түгелге жуық жығылды.

Тамыздың 10-ы бокстан 69 килограмм салмақта Серік Сәпиев ресейлік Андрей Замковойды үш раундта таза ұтып, финалға шықты – 18:12. Сәпиевтің ендігі қарсыласы – ұлыбританиялық Фред Эванс (2011 жылғы Еуропа чемпионы).

Ал 81 килограмда финалға Әділбек Ниязымбетов те шықты. Ол украиналық Александр Гвоздиктен басым түсті. Үш раунд 13:13 есебімен аяқталған. Төрешілер жеңісті Ниязымбетовке берді. Ниязымбетов енді финалда ресейлік Егор Мехонцевпен кездеседі.

+ 91 килограмда Иван Дычко жартылай финалда ұлыбританиялық Энтони Джошуадан 10:13 есебімен ұтылып, қола жүлдеге ие болды.

Еркін күрестен Дәулет Ниязбековтың қола медальға алуға мүмкіндігі болған еді. Бірақ қызылордалық балуан бесінші орында қалды. Ниязбеков алғашқы белдесуінде америкалық Самуэль Хейзвинкельді жеңді. Ширек финалда түрік Ахмет Пекерді ұтты. Ол финалға шығар тұста ресейлік Джамал Отарсұлтановтан жеңілді. Ал қола жүлде үшін өткен кездесуде Янг Куонг Илден (КХДР) ұтылып қалды.

74 килограмм салмақта Абдулхаким Шапиев іріктеу белдесуін ұтқанымен, ширек финалда венгриялық Габор Хатоштан жеңіліп қалды.

ФИНАЛҒА ШЫҒА АЛМАДЫ

Таэквондодан 2009 жылғы жазғы универсиаданың чемпионы Гүлнафис Айтмұхамбетова алғашқы кездесуінде словениялық Франка Аничтен жеңіліп қалды. Ал Анич финалға шыға алмады да, Айтмұхамбетова жүлдеге таласу мүмкіндігінен айырылды.

Ашық суда 10 шақырымға малтып жүзу жарысында қазақстандық Юрий Кудинов он жетінші орынды қанағат тұтты.

Көркем гимнасшы Анна Алябьева да жарысты өте сәтсіз аяқтады. Іріктеу кезеңінде 15-ші орын алған Алябьева финалға шыға алған жоқ. Көркем гимнасшы Афина мен Пекин олимпиадасының финалына шыққан Әлия Юсупованың жетістігін қайталай алған жоқ. Естеріңізге сала кетейік, Юсупова Афина мен Пекин олимпиадасына еш қиындықсыз шығып, үздік бестікке енген еді.

БАЛУАНДАР ЖЫҒЫЛҒАН КҮН

Тамыздың 11-і күні қазақстандық таэквондошылар мен балуандар жүлдеге таласты.

Еркін күрестен 60 килограмм салмақта Дәурен Жұмағазиев (2011 жылғы әлем чемпионатының қола жүлдегері) 1/8 финалда ирандық Масоуд Есмаилпоурдан (Иран, Азия чемпионатының күміс жүлдегері) жығылды.

84 килограмда Ермек Байдуашев ирандық Азия чемпионы Ехсан Лашгариден жеңілді.

120 килограмм салмақта Дәулет Шабанбай 1/8 финалда румыниялық Рареч Чинтоанды жыққанымен, ширек финалда грузин палуанынан ұтылды. Материал әзірленіп жатқан кезде Шабанбай қола жүлде үшін алғашқы белдесуінде мексикалық балуанды таза жеңді. Бірақ ол қола жүлде үшін ақтық кездесуде ресейлік Билял Маховтан жеңіліп қалды.

Таэквондошы Феруза Ергешова іріктеу кезеңіндегі алғашқы кездесуінде словениялық Нуса Рачхерден ұтылып жарысты аяқтады.
XS
SM
MD
LG