Accessibility links

Олимпиада салтанатындағы ту ұстаушылар кімдер?


Бейжің олимпиадасында өз елінің туын ұстап шыққан ирандық спортшы Хома Хоссейни. 8 тамыз 2008 жыл. Көрнекі сурет
Бейжің олимпиадасында өз елінің туын ұстап шыққан ирандық спортшы Хома Хоссейни. 8 тамыз 2008 жыл. Көрнекі сурет

Әлем елдері Лондон олимпиадасының ашылу салтанатында ту ұстап шығатын спортшыларының есімін жариялай бастады. Бүгінге дейін Олимпиадаға қатысатын 5 ел байрақ ұстаушы атлеттерінің аттарын анықтапты.

БАХРЕЙН

Бахрейн туын Лондон олимпиадасының ашылу салтанатында нысана көздеуден спорт шебері Азза әл-Гасми ұстап шығады. Бұл туралы Bahrain-News басылымы хабарлады.

Азза әл-Гасми – Бахрейннің атынан олимпиада ойындарына қатысатын жалғыз әйел спортшы. Бұған қоса, бұрын соңды бұл елден нысана көздеу спорты бойынша да олимпиадаға әйел қатысып көрмепті. Спортшы 2011 жылы Доха (Катар) қаласында өткен Араб ойындарында 1 алтын, 1 күміс, 1 қола жүлдені иеленген. Осы жылы Бахрейн чемпионатында да 4 алтын, 1 күміс медаль ұтып алыпты. Ал сәуір айында Кувейтте өткен халықаралық турнирде Азза әл-Гасми екі рет бас жүлдеге қол жеткізді.

Осы жолы Бахрейн елінен Лондон олимпиадасына қатысуға 8 спортшы жолдама жеңіп алған.

ФРАНЦИЯ

Франция туын олимпиада ашылуында семсерлесу спортынан 1996 жылғы Атланта олимпиадасының чемпионы Лаура Флессел ұстап шықпақ. Бұл туралы француздардың Connexion газеті мәлімдеді.

Спортшының жасы 40-та. Шпагамен семсерлеседі. Әйелдер арасында үш дүркін әлем чемпионы (2005, 2007, 2008). Жалпы әлем біріншілігінде 13 медаль еншіленген. Афина олимпиадасында күміс пен қола жүлдегері. Семсерші әлем кубогын екі мәрте иеленіпті.

Франция Лондон олимпиадасына 287 жолдама жеңіп алды.

ИТАЛИЯ

Италиялықтардың да байрағын олимпиада ашылуында әйел спортшы ұстап шықпақ. Елдің олимпиада комитеті үш жолақты туды семсерші Валентина Веццалиге сеніп тапсырып отыр. Бұл ақпаратты La Gazzetta dello Sport басылымы мәлімдеді. Веццали рапирамен семсерлесу бойынша 5 дүркін олимпиада чемпионы, 13 рет әлем чемпионатын ұтқан. Бүгінде бұл спортшының жасы 38-де. Бейжің олимпиадасында бір алтын, бір қолаға ие болыпты.

СЕРБИЯ

Теннистен әлемнің бірінші ракеткасы Новак Джоковичқа Сербияның туы сеніп тапсырылды. Бұл туралы thetennisspace.com сайты хабарлады.
Новак – Бейжің олимпидасының қола жүлдегері. «Австралия ашық чемпионатының» екі дүркін (2011, 2012) жеңімпазы. 2011 жылы «Уимблдон» додасы мен «АҚШ ашық чемпионатында» топ жарған. Спорттық карьерасында 500-ден аса кездесу өткізіп, 425 рет жеңіске жеткен. Ұтқан қаржысы - 36,889,162 АҚШ доллары.

Әзірше Сербия Лондон олимпиадасына 91 жолдама алды.

ИСПАНИЯ

Бұл елдің де байрағын теннисші ұстап шығады. Испания олимпиада комитеті ту ұстаушы спортшы ретінде Рафаэль Надальдың кандидатурасын мақұлдады. Надаль – Бейжің олимпиадасының чемпионы. Австралия ашық чемпионаты (2009) мен «Роллан Гарростың» бес дүркін жеңімпазы (2005-2008, 2010, 2011) «Уимблдон» додасын екі рет (2008, 2010) және АҚШ ашық чемпионатын бір (2010) мәрте жеңіп алған.

Испания қазір Лондон олимпиадасына қатысу үшін 257 лицензияға қол жеткізді.

P.S. Қазақстандық бұқаралық ақпарат құралдары Лондон олимпиадасының ашылу салтанатында Қазақстан туын грек-рим күресінен Азия ойындарының чемпионы, әлем чемпионатының қола жүлдегері Нұрмахан Тінәлиев ұстап шығады деген хабар таратты. Алайда бұл ақпаратты Қазақстан ұлттық олимпиада комитеті әлі ресми түрде мәлімдеген жоқ.
XS
SM
MD
LG