Accessibility links

Бапкері балуанның бабына сенеді


Алмат Кебіспаевтың жаттығуы
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:17 0:00

Алмат Кебіспаевтың жаттығуы. Алматы, 24 маусым 2012 жыл

Лондон олимпиадасына грек-рим күресі бойынша қатысатын Алмат Кебіспаев күреспен 12 жасынан бері айналысады. Ол Астанадағы Қажымұқан атындағы спорт мектебін бітірген.

– Күреске әкем әкелді. Үржарда шағын залда күрес үйірмесі бар еді. Сонда жаттығып жүрдім. Кейін Астана қаласына келіп, күрес мектебіне оқуға түстім, – дейді 25 жастағы балуан.

«БАЛУАН БОЛМАСАМ, ТАРИХШЫ БОЛАР ЕДІМ»

Алмат Кебіспаев 60 килограмм салмақ дәрежесінде күреседі. Бұл салмақта Қазақстанда бәсекелестік мықты.

– Менің салмағымда бәсекелес қарсыластар көп. 2008 жылғы Пекин олимпиадасының қола жүлдегері Нұрбақыт Теңізбаев, Азия чемпионы Ербол Қоңыратов бар. Екеуі де мықты. Бірақ мықты қарсыластарымның болуы
Балуан Алмат Кебіспаев. Алматы, 24 маусым 2012 жыл.
Балуан Алмат Кебіспаев. Алматы, 24 маусым 2012 жыл.
шыңдалуыма өте пайдалы. Үшеуміз кілемде – қарсылас, ал өмірде – айнымас достармыз. Нұрбақыт тәжірибелі, талай жарыстарға қатысқан. Кейде ағалық ақылын айтып отырады. Ал Ербол – жан досым, қолдаушым, – дейді Алмат Кебіспаев.

Спортшы «балуан болмасам, тарихшы болар едім» дейді.

– Тарих пен әдебиет жаныма жақын. Тарихи фильмдерді жақсы көремін. Оқушы кезімде тарихи оқиғаларды дәптерге тізіп, хронологиялық кесте жасап жүретінмін. Қазір де тарихтан талай нәрсені ұмытқан жоқпын, – дейді ол.

Туризм және спорт академиясынан «грек-рим күресінің бапкері» атанып шыққан Алмат Кебіспаевтың «заңгер» деген мамандығы да бар.

«ӘР ЖАРЫС САЙЫН НӘТИЖЕСІ ЖОҒАРЫЛАП КЕЛЕДІ»

Алматтың жеке бапкері Боранбек Қоңыратов «шәкіртім барған жарыстарынан құр қол қайтқан емес» дейді:

– Алмат өзі қатысқан Азия чемпионаты, әлем біріншілігі сынды жарыстардан жүлдесіз келген емес. Бұл балуанның дәстүріне айналды.

Алматты жеті жыл бойы жаттықтырып келе жатқан бапкерінің айтуынша,
Алмат Кебіспаев (сол жақта) жеке бапкері Боранбек Қоңыратовпен (ортада) бірге. (Сурет жеке мұрағаттан алынған).
Алмат Кебіспаев (сол жақта) жеке бапкері Боранбек Қоңыратовпен (ортада) бірге. (Сурет жеке мұрағаттан алынған).
«спортшының бойында артықшылықтары мен кемшіліктері баршылық».

– Өте асығыс қимыл жасауға ұмтылып, кейде опық жейді. Байыппен жасайтын әдістерде көп күш те жұмсап қояды. Бірақ, тілім тасқа, Алмат қазір шыңдалып келеді. Әр жарыс сайын нәтижелері жоғарылауда. Әлем чемпионатынан қола, кейін күміс алды. Енді - алтынның кезегі, – деді бапкер Боранбек Қоңыратов.

Ал Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Мұратбек Қасымханов «Алмат – биылғы Лондон олимпиадасының нағыз фавориті» дейді.

– Балуанның бабы келісіп тұр. Енді бағы ашылса, бәрі сәтімен аяқталар. Әрине, Алматтың бойында қобалжу да бар. Кейде жаттығудан кейін көп ойға батып жүреді. Қазір оның ойы – тек олимпиада. Енді бәрін Лондон кілемі көрсетеді, – деді ұлттық құрама бапкері.

АЛМАТТЫҢ ЖЕҢІСТЕРІ

2009 жыл. Паттайя (Таиланд). Азия чемпионаты. Бұл – Алматтың халықаралық аренадағы алғашқы жарысы. Финалға дейін қарсыластарының бәрін жеңген балуан шешуші белдесуде қытайлық Ван Фейхиден жеңіліп, күміс жүлдеге ие болды.

2010 жыл. Мәскеу (Ресей). Әлем чемпионаты. Алмат Кебіспаев бұл әлемдік
Балуан Алмат Кебіспаев. Шілде, 2012 жыл. (Сурет жеке мұрағаттан алынған).
Балуан Алмат Кебіспаев. Шілде, 2012 жыл. (Сурет жеке мұрағаттан алынған).
жарыста қола жүлдегер атанды. Алғашында швейцариялық Патрик Стадделманн, үндістандық Рахиндел Синх, өзбек Дильшод Ариповты жеңіп, жартылай финалға шықты. Алайда финалға шығар сәтте әзербайжандық Хасан Әлиевке есе жіберді. Ал қола жүлде үшін өткен кездесуде болгариялық Иво Ангеловтан басым түсті.

2011 жыл. Стамбул (Түркия). Әлем чемпионаты. Түркиядағы жарыста Алмат Кебіспаев күміс жүлдеге ие болды. Балуан финалға дейін болгариялық Иво Ангеловты, қырғызстандық Руслан Түменбаевты (Пекин олимпиадасының қола жүлдегері), даниялық Ангелс Экстромды және венесуэлалық Луис Лиендоны ұтты. Ал алтынға таласқан белдесуде Иран балуаны Омид Нороузиден жеңілді. Алмат Кебіспаев осы жарыста күміс жүлдемен қоса, олимпиада жолдамасын иеленді.

2011 жыл. Ташкент (Өзбекстан). Азия чемпионаты. Алмат Кебіспаев Өзбекстандағы құрлық біріншілігінде чемпион атанды. Алтын үшін өткен кездесуде ол үндістандық Анил Кумарды ұтып кетті.

Алмат Кебіспаев пен Анил Кумардың күресі:

XS
SM
MD
LG