Accessibility links

Нұрмахан Тінәлиев олимпиадада ту ұстайды


Нұрмахан Тінәлиев (қызыл формада) жаттығу жиынында. Алматы, 20 маусым 2012 жыл.
Нұрмахан Тінәлиев (қызыл формада) жаттығу жиынында. Алматы, 20 маусым 2012 жыл.
Грек-рим күресінен Азия чемпионы, Азиада жеңімпазы, әлем чемпионатының жүлдегері Нұрмахан Тінәлиев – Лондон олимпиадасының ашылу салтанатында Қазақстан туын ұстап шығатын спортшы.

24 жастағы cпортшы, салмағы 130 килограмм Нұрмахан Тінәлиев олимпиадаға Алматыдағы «Достық» спорт кешенінде, жеке бағдарламамен дайындалып жатыр.

– Лондонға лицензияны тоғыз ай бұрын алдым. Содан бері тынымсыз жаттығу жұмыстарын жүргізіп жатырмын. Күніне 10 сағатым залда өтеді. Таңертең ерте тұрып, төрт-бес шақырым жүгіріп, залда балуандармен бірге жаттығамын. Одан кейін спарринг кездесулер өткіземін, – дейді Нұрмахан Тінәлиев.

Олимпиадаға баратын балуандар үшін күрес федерациясы арнайы мәзір дайындапты.

– Таңертең бауырсақпен төрт кесе айран ішемін. Түскі асқа қазы-қарта, палау мен табиғи су дайындалады. Ал кешкісін ет жеп, қымыз-шұбат ішеміз, – дейді ол.

ҮЗДІК ҮШТІКТЕГІ БАЛУАН

Нұрмахан күреске әкесі Анарбектің ұйытқы болуымен 14 жасында келіпті. Ол
Олимпиада ойындарына қатысушы Нұрмахан Тінәлиев. Алматы, 20 маусым 2012 жыл.
Олимпиада ойындарына қатысушы Нұрмахан Тінәлиев. Алматы, 20 маусым 2012 жыл.
кезде ​салмағы 55 килограмм болған.

Екі жылдан кейін Алматыдағы спорт мектептерінің біріне оқуға түскенде салмағы 85 килограмға жеткен.

Нұрмахан Тінәлиев 16 жасында Қазақстан чемпионы атанды.

Кейін Жапонияда өткен, жастар арасындағы Азия чемпионатында қола жүлдеге ие болды.

Ал 2007 жылы 19 жасында балуан жігіт Филиппинде өткен Азия чемпионатында алтын жүлде алды.

2010 жылы Гуанчжоуда өткен Азия ойындарында чемпион атанса, осы жылы әлем чемпионатында екі дүркін олимпиада чемпионы Хасан Бароевты (Ресей) ұтып, қола жүлдеге ие болды.

Былтыр Стамбулда өткен әлем біріншілігінде де үздік үштікке енді.

«ЕТ ЖЕП, ҚЫМЫЗ ІШПЕСЕМ – ЖАТТЫҒУЫМ ЖҮРМЕЙДІ»

Нұрмаханға бұған дейін әлемдік жарыста алтын ала алмаған. Ол әлемдік екі чемпионатта да жартылай финалда жеңілді.

– Шыны керек, аңғалмын. Қарсыласым айласын асырып кететін кездері кездеседі. Кейде қызу қандылықпен «қарсыласыма әдемі әдіс жасаймын» деймін де, сол әдіске өзім түсіп қаламын. Кей сәтте бабым келіспей жатады. Жеңіліп қалғанда ішімнен «әлі де жаттығуым шала» деп, өз-өзімді қайраймын, – дейді спортшы.

Нұрмахан арақ пен темекіден аулақ. Кітап оқығанды ұнатады. «Абай жолынан»
Нұрмахан Тінәлиев (алдыңғы қатарда, ортада) серіктерімен бірге жаттығудан соң демалып отыр. Алматы, 20 маусым 2012 жыл.
Нұрмахан Тінәлиев (алдыңғы қатарда, ортада) серіктерімен бірге жаттығудан соң демалып отыр. Алматы, 20 маусым 2012 жыл.
бастап «Қан мен тер», «Махаббат қызық мол жылдардың» кейіпкерлерін жақсы біледі. Ұялы телефонында - халық әндері мен күйлері.

– Жаттығудан кейін қатты шаршаймын. Кітап оқып, күй тыңдап демалғанды жақсы көремін. Кейде домбыра тартамын. Ал ет жеп, қымыз ішпесем, жаттығуым жүрмейді, – дейді қазақ балуаны.

«ҚАЗАҚСТАНДА ТІНӘЛИЕВКЕ ЛАЙЫҚТЫ ҚАРСЫЛАС ЖОҚ»

Былтыр Қазақстан күрес федерациясы арнайы ақша бөліп, Нұрмахан Тінәлиевті Мәскеуге жарты жылға жаттығуға жіберіпті.

– Мәскеуде ресейлік балуандармен бірге жаттығып қайттым. Олардан үйренгенім көп. Ресей құрамасында аса ауыр салмақта бірнеше спортшы бар. Солардың барлығымен күресіп, біраз тәжірибе жинап қайттым, – дейді ол.

Ал балуанның жеке бапкері Мұратбек Қасымханов «Қазақстанда Нұрмаханға лайықты қарсылас жоқ» дейді.

– Қазақстанда Нұрмаханмен күресіп, оның күшін таразылап отыратын балуан тапшы. Барлығының жасы кіші. Балуан өз күшін кілемде таразылап отыруы керек.
Бапкер Мұратбек Қасымханов. Алматы, 20 маусым 2012 жыл.
Бапкер Мұратбек Қасымханов. Алматы, 20 маусым 2012 жыл.
Ал бізде 120 килограмм салмақта бәсекелестік жоқ. Сондықтан біз оны Мәскеуге арнайы жіберіп, Ресей балуандарымен арнайы кездестірдік, – дейді бапкері.

БАЛУАННЫҢ КЕМШІЛІКТЕРІ МЕН АРТЫҚШЫЛЫҒЫ

Бапкер Мұратбек Қасымхановтың айтуынша, Нұрмахан Тінәлиевтің бірнеше кемшілігі бар.

– Кейде салмағына ие бола алмай қалады. «Салмағым ауыр» дейді де, қарсыласының жылдам айлаларына қарсы тұра алмай қалады. Грек-рим күресінде төрт тағандап тұру әдісі бар. Яғни кілемде төрт тағандап тұрған қарсыласын жұлып алып, екі рет аудару керек. Міне, осы әдіс кейде көп шешуші рөл атқарады. Нұрмаханның төрт таған әдісінен де біраз кемшіліктері болған. Барлығымен жұмыс жасадық. Және бір кемшілігі – кездесуді жылдам аяқтағысы келіп, асығыс қимылдар жасайды. Ал балуанның асығыс қимылын, қателесуін күтіп тұрған қарсыласы оны жылдам құлатады. Ондай жайттар да біраз жарыстарда кездесті. Оған қоса Нұрмахан – аңғал. Осы мінезі де кейде жеңіліс әкеледі. Осы кемшіліктерінің барлығын жиі айтып, түсіндіріп отырамын. Ал былай алғанда, Нұрмахан әр кездесуге жауапкершілікпен шығады. «Мына қарсыласым әлсіз» деп бөле-жарған емес. «Кілемде таза жеңіске жетсем» деп айқасады. Сол қасиеті көпшілікке ұнайды, – дейді жаттықтырушы.

Қазір салмағы 130 килограмм Нұрмахан Лондон олимпиадасына дейін 10 килограмм тастауы керек.

– Салмақ қуу да – ауыр жұмыс. Нұрмаханның салмағы 10 келіге артық. Бірақ
Нұрмахан Тінәлиев анасы Жұмагүл Тінәлиевамен (оң жақта) бірге. (Сурет жеке қордан алынды).
Нұрмахан Тінәлиев анасы Жұмагүл Тінәлиевамен (оң жақта) бірге. (Сурет жеке қордан алынды).
Нұрмахан салмақ тастап үйреніп қалған. Сондықтан бұл жағынан бәрі ойдағыдай болады деп ойлаймын, – дейді Мұратбек Қасымханов.

Лондон олимпиадасында Нұрмаханның басты қарсыластары кубалық Карлос Лопес, түрік Риза Кайалп және ресейлік Хасан Бароев болмақ.

Ал Лондон олимпиадасына Нұрмаханмен бірге анасы Жұмагүл Тінәлиева да бармақ.

– Ұлымды күреске әкелген әкесі еді. Бірақ әкесі Нұрмаханның осы жетістігін көре алмай кетті. Осыны ойлап, кейде жылап аламын. Енді ұлымның жеңісін тілеп жүрмін. Бұйырса, Лондонға барып, Нұрмаханға қолдау көрсетпекпін, – дейді балуанның анасы Жұмагүл Тінәлиева.
XS
SM
MD
LG